"Нұр Отанда" "Көкжайлау" ТШШ салу жобасын әзірге тоқтатуды ұсынды

Фотография - "Нұр Отанда" "Көкжайлау" ТШШ салу жобасын әзірге тоқтатуды ұсынды

"Нұр Отан" партиясының қалалық филиалында өткен жиынға Алматы әкімі Бауыржан Байбек қатысты.

288 0

Бүгін Алматыда "Нұр Отан" партиясының қалалық Мәслихаттағы депутаттық фракциясының қала бюджетін оңтайландыру мәселесі бойынша өткізген отырысында бірқатар ірі жобаларды қаржыландыруды уақытша тоқтату ұсынылды.

"Нұр Отан" партиясының қалалық филиалында өткен жиынға Алматы әкімі Бауыржан Байбек қатысты.

Отырыс барысында бірінші кезекте қаланың батыс жағына жаңа автовокзал салу үшін жеке жер телімдерін мемлекет пайдасына сатып алуға бөлінген қаржыны 1,6 млрд. теңгеге, Наурызбай ауданында әкімшілік ғимарат салуға бөлінген қаржыны 2,7 млрд. теңгеге және "Алматыинвест-2015" үшінші халықаралық форумға бөлінген қаржыны 105 млн. теңгеге қысқарту ұсынылды.

Сонымен қатар, Мәслихат депутаты, "Нұр Отан" партиясы қалалық филиалының бақылау-ревизиялық комиссиясының мүшесі Сергей Козлов "Көкжайлау" тау-шаңғы шипажайын салу жобасын әзірге тоқтатуды ұсынды. Оның айтуынша, 2017 жылғы қысқы Универсиаданы өткізуге қазіргі салынып жатқан нысандар да жеткілікті.

Тағы бір Мәслихат депутаты Артур Котенев қалада бес жерүсті өткелдерін салуға арналған жобаны тоқтатып, оған бөлінген 950 млн. теңгені әлеуметтік нысандар салуға бағыттауды ұсынды. Оның айтуынша, қалада 2008 жылдан күні бүгінге дейін 70-тен астам жерасты және жерүсті өткелдері салынған. Бұл жаяу жүргіншілердің жолдан өтіп тұруларына оң әсер етті. Әзірге осылар да жеткілікті.

"Дегенмен мәселелер жетіп артылады. Қазіргі салынған жерүсті көпірлерінің көбісінде тазалық сақталмайды, қоқысқа толы. Ал мүгедектерге арналған жеделсатылар тіпті істемейді. Оның үстіне бұл өткелдердің бағасы тым қымбат. Осыған байланысты жау жүргіншілерге арналған жаңа көпірлер салу жобасын уақытша тоқтата тұруды ұсынамын", - деді А. Котенев.  

Ал Мәслихат депутаты Мұрат Әділханов өз кезегінде «Алматы ипподромы» спорт ойын-сауық кешенін қала меншігіне сатып алу шарасын уақытша тоқтату керектігін алға тартты.  

"Бұл жобаның тиімділігі әлі де толық есептелген жоқ. Әрине, ипподром қалаға керек. Бірақ, бұл жағдайда баға саясаты толық нақтыланбаған. Бұл өте қымбат баға. Сондықтан ипподромды сатып алуға бөлінген 4 млрд. 278 млн. теңгені әлеуметтік маңызы бар басқа жобаларға жұмсаған жөн", - деді ол. 

Баяндамаларды тыңдап болған соң сөз алған қала басшысы Бауыржан Байбек бүгінгі отырысқа қатысушыларды қолға алынып жатқан оңтайландыру шараларына түсіністікпен қарауға шақырды.

"Бүгін өте маңызды мәселелер көтерілді. Алматыда өте көп жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бірақ, ең бастысы әлеуметтік міндеттемелерді орындауымыз қажет. Әлеуметтік аз қамтылған тұрғындарға қолдау көрсету - біз үшін басымдықты бағыттардың бірі. Сондықтан Елбасының тиімсіз шығындарды оңтайландыру жөніндегі тапсырмасын басшылыққа ала отырып, ірі жобаларды барынша оңтайландырып, үнемделген қаражатты әлеуметтік бағыттарға жұмсағанымыз дұрыс болады", - деді Б. Байбек.

Бұдан кейін отырыста айтылған ұсыныстар дауысқа салынып, барлығы бірауыздан қабылданды.

Алматы қаласының 2015 жылға арналған бюджетін оңтайландыру бойынша үнемделген соманың жалпы сомасы ертең Мәслихаттың кезекті сессиясында нақтыланатын болады. 


 



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!