Депутаттар шетелдік көліктерге міну үшін қыруар қаржы сұрады

Фотография - Депутаттар шетелдік көліктерге міну үшін қыруар қаржы сұрады

Халық қалаулылары Қазақстанның ең басты қаржылық құжаты талқы таразысына түскен тұста әлеуметтің әлеуетін ғана емес, өздерінің де күйін күйіттеп қалуға тырысты

206 0

Халық қалаулылары Қазақстанның ең басты қаржылық құжаты талқы таразысына түскен тұста әлеуметтің әлеуетін ғана емес, өздерінің де күйін күйіттеп қалуға тырысты.

"Ел еркелері" Парламент автопаркіне жапондық 13 – "Тойота Камри – 50" мен 2 – "Тойота Лэнд Крузер" және "отандық" деген анықтамасы бар 15 – "Scoda" автокөлігін сатып алу үшін республикалық бюджеттен 262 млн 480 мың теңге сұрады.

Осылайша жалқының емес, жалпының сөзін сөйлеуге тиісті тұлғалар бұған дейінгі "мерседес" міне берсек, "тойота" тебе берсек" деген "есек дәмелерінен" арылмағандарын аңғартып, буынсыз жерге пышақ ұрды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев индустриялық форумда мем­лекеттік қызметкерлердің отан­дық көліктен ат-тондарын ала қашуларын мәдениетсіздік пен сауатсыздыққа һәм бассыздыққа балап: "...Бұлар "Мерседеспен" ғана жүргісі келеді. Керек болса, қалтасынан шығарып сатып ал­сын. Дереу тыйым салыңдар! Бұ­ған бюджеттің қаражаты жұм­салмасын! Өзін ауқатты санай­тындар 200 мың долларға көлік мінгісі келсе, мінсін!.. Бізде тан­кіні жеңіл көлік ретінде сататын болса, оған да мінуге дайын. Яғни өз-өзін көрсету үшін техниканы мәртебе деп санайтындар бар...", – деп сүйектен өтетін сөз айтқан болатын.

Дәл сол сәтте шенеуніктер Президенттің пікіріне қосылып, күні ертең отандық көлікке ауы­сатындай кейіп танытқан.

Алайда шенеуніктер шетелдік көліктерге жарма­суларын жалғастырып жатыр. Өзге елдің темір тұлпарла­рын тақымдау үшін шенеуніктер не­бір амал-айлаларға жүгінді. Бір ғана мысал, олар "2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасының салыс­тырмалы кестесіне Парламент автопаркін жаңартуға қатысты түзетулерді "үнсіз" енгізуге ты­рысты.

Депутат Нұртай Сабилья­нов Парламент автопаркін жа­ңартуға қатысты мәселенің мән-жайын журналистерге жарияла­май реттеп тастағысы келді. Жиында тілшілердің топтасып отырғанын тілге тиек еткен халық қалаулысы аяқ астынан: "Тү­зетулерді үнсіз қабылдау керек", – деді. Ал біз жұмыс тобының отырысы мемлекеттік құпия емес. Онда не талданғанын бұқараның білуге қақысы бар. Талқыланған тақырыпты халыққа жеткізетін – журналист. Ендеше, мәжіліс­меннің журналистерді жау көретін жөні жоқ деп ойладық.

Біздіңше, Н.Сабильянов Пар­ламент автопаркінің биыл жа­ңармайтынын жақсы біледі. Бұл туралы өзі: "Біздікі ұсыныс қана. Ол жүзеге аса ма, жоқ па оны Үкі­мет шешеді. Менімше, шығын шығарудың қажеті жоқ", – деді.

Енді, түсініп көріңіз, халық қалаулысы өз сөзіне өзі қарсы шы­ғады. Ә дегенде ешкімге, еш­теңе айтпай, мәселені үн-түнсіз шешіп алуды ұсынса, одан кейін алғашқы ойынан бас тарту туралы пікір білдіреді.

Сонда бұл не, "тисе терекке, тимесе бұтаққа" де­ген мақсатпен айтыла салған сөз бе әлде "мүмкін болып қалар" деген "есек дәмеге" сүйенген сұрау ма?

Әрине, құны 200 мың АҚШ доллары тұратын мерсе­дестерден кімнің түскісі келеді дейсіз? Оның үстіне мініп жүрген көлікке өз қалтаңнан ақша жұм­салмаса, оған қарастырылатын қаржы салық төлеушінікі яғни қарапайым халықтікі болса, оны үнемдеудің қажеті қанша?

Қаржы министрі Болат Жә­мішев биыл барлық мемлекеттік органдарға қызметтік көлік алу үшін бөлінетін қаржы 50 пайызға қысқартылатынын жариялағанда да халық қалаулыларының беті бері қарамады. Депутаттар Пре­зиденттің пәрмені мен министрдің мәлімдемесін естіп, біліп отырса да, мұхиттың арғы жағынан ке­летін көліктерге құмартуын қой­мады. Осы арқылы олар өзде­рінің қаншалықты мәдениетті, қан­шалықты қанағатшыл және қан­шалықты қарапайым екендікте­рін көрсетті.

Отандық па, шетелдік пе?

Осы сұраққа бізден бұрын шенеуніктердің өздері жауап берді. Олардың ойынша, респуб­ликамызда отандық көлік жоқ. Біз "Қазақстанда жасалған" деген атты ғана малданып жүрміз. Біздікінің аты да, заты да – шет­елдікі.

Еліміздің бас қаржыгері Болат Жәмішев: "Отандық көліктерге келсек, олардың барлығы шетел­дік бөлшектерден құралады. Сондықтан отандық автокөлік дегенде бәрібір шетелдік көлік туралы айтасыздар", – десе, се­натор Ғани Қасымов: "Шетелдің белді компанияларымен бірле­сіп құрастырған көліктерді отандық өнімнің қатарына қосуға бол­майды. "Отандық" болу үшін біз­дегі көліктер "Skoda", "Ssang Yong" емес, "Қазақстан" немесе "Ақорда" аталуы керек. Қазақ­станда құрастырылған шетелдік брендттердің барлық бөлшектері Еуропа мен Оңтүстік Кореядан алдырылады. Біз дайын дүниенің қозғалтқышын орната салып, "Қазақстанда жасалған" деген белгі соғамыз. Ал "отандық" ата­лып жүрген шетелдік көліктер кедендік баж салығынан құтылып кетіп жатыр", – деді.

Сапа һәм баға

Жоғарыдағы мемлекеттік қыз­меткерлер мәлімдегендей, Қа­зақстанда құрастырылатын көліктердің бөлшектері негізгі өндірушілердің елінен әкелінетін болса, отандық көлік пен шетелдік көліктің сапасы бірдей болады. Баға саясатын сөз қылсақ, қара­пайым халық үшін отандық кө­ліктің қолжетімдісі де, қолже­тімсізі де бар.

Бүгінде отан­дас­тарымыз 20 мың АҚШ доллары шамасындағы отандық көліктер­ді мінуге қауқарлы. Ал шенеунік­тер 60 мың АҚШ долларынан басталатын көліктерге отырғысы келеді.

Осыған орай Мәжіліс депутаты Айгүл Соловьева былай дейді: "Қазақстанның қаржы­сымен өзге елдің экономика­сын қамтамасыз етуге болмайды. Көліктердің сапасы бірдей бол­са, біздегілердің бағасы арзан бол­са, шетелден көлік сатып алудың не керегі бар? Өз басым әріптес­терімнің құны қымбат көліктер­ге ұмтылуын қолдамаймын. Мейлі ол Қазақстанда жасалса да. Біз шетелде өндірілетін кө­ліктерден бас тарту арқылы бюд­жеттің қаржысын үнемдеуді көз­деп отырмыз. Осы мақсатқа жеткісі келген кез келген мем­лекеттік қызметкер бағасы 30-40 мың доллардан аспайтын көлік мінуі керек. Әйтпесе "Қазақстан­да жасалған" бірақ бағасы 60- 80 мың долларды құрайтын көлік міну жанашырлыққа жатпайды. Негізі көліктің қай түрі болмасын А нүктесінен Б нүктесіне жеткізсе болды. Көлікке қозғалыс құралы деп қана қарау керек".

Ұсынысқа сұраныс сай емес

Қазақстандық автобизнес қауымдастығының мәліметінше, соңғы 10 айда елімізде өндірілген көліктердің саны 2,5 есеге ұлға­йып, 14 996 бірлікті құрады. 2017 жылға дейін импорт және экс­порт көлемі 50 пайызға жеткізіледі. Нә­тижесінде Қазақстанда құ­растырылған көліктер ел ішінде және ТМД елдерінде сатылады.

Бүгінде отандық көлік өндірушілер мемлекеттік қызметкерлердің 80 пайызын Қазақстанда жасал­ған көліктермен қамтамасыз етуге әзір. Алайда Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтен басқа бірде-бір министр, бірде-бір депутат отандық көлікке ауысуға асығар емес.

Қорғаныс министрі Ә.Жақ­сыбеков пен Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков "Allur Auto" компаниясы өндірген отандық көлікті алсақ па, алмасақ па? деп жүр. Қаржы министрі Б.Жәмішевтің "S" санатты "Мер­се­­десінен" ал Төтенше жағдайлар министрі В.Божконың жол тал­ғамайтын шетелдік көлігінен түскісі жоқ.

Ұлттық банк төрағасы Г.Марченко болса ешқашан "мерседес" мінбегенін, "Тoyota" мен "Nissan" көлігінің қызығын көргендігін, "Skoda" ұнаса алдағы уақытта өз қаржысына сатып алатынын айтады.

Осыған қарап Индустрия және жаңа техно­логиялар министрінің алдағы 2 жылда Үкімет мүшелерінің бәрін отандық көлікке отырғызу ба­ғытындағы жанкешті еңбегі еш болмаса екен дейсің.

"Жигулимен" жүру және жүрмеу жайлы

Парламент автопаркінің техникасы ескіргенін, мұндағы машиналардың басым бөлігін "фольксвагендер" құрайтынын, олардың өзі 10 жылдан астам уақыт қолданыста болғанын тілге тиек етіп тілшілерге сұхбат бер­ген. Мәжіліс депутаты Қамал Бұр­­ханов: "Біз Елбасының бас­­тамасына қолдау көрсетуіміз керек. Министрлер мен депу­таттар және облыс әкімдері өте сапалы ма­шина мінуі керек. Олар заман талабына сай кө­лікпен жүрмесе, еліміздің бе­деліне нұқсан келеді. Депар­тамент басшылары, аудан­дағы шенеуніктер отандық кө­лікке ауысқаны дұрыс. Қазақ­станда құрастырылатын "Skoda" өте жақсы. Біздің елде ми­нистрлер мен депутаттар көп емес. Бұлар – мемлекеттің бет-бейнесі.

Мен, азамат Бұрханов ретінде "жигулиде" жүре аламын. Ал де­путат ретінде маған шетелдік әріптестерім қарайды, олардың қасында "жигулимен" жүре ал­маймын. Себебі шетелдіктер ма­ған қарап, біздің ел туралы ой қа­лыптастырады", – деді.

Білуімізше, Президент еш­қашан "Жигулиге мініңдер, жи­гули отандық көлік" деген жоқ. Ал депутат қиыннан қиыстырып, әдемілеп, әсірелеп, "жигули" жайлы, ел жайлы сөз қозғады да, шетелдік көліктен түскісі кел­мейтінін жеткізді. Тамаша тәсіл, әккі әдіс. Әр депутат осылай әре­кет ететін болса, таяу болашақ­-та Парламент автопаркіне отан­дық көлік келмейді. Мақсатқа жетудің бір ғана жолы бар. Мемлекеттік қызметкерлерді Ресей мен Өз­бекстан секілді отандық көлік мінуге міндеттеу керек.


Тегтер:

парламент

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!