ТЖМ адам шығыны болмады деп жалған ақпарат берді

Фотография - ТЖМ адам шығыны болмады деп жалған ақпарат берді

Жамбыл облысында ұйытқып соққан бораннан адам шығыны болмады деген төтенше жағдайлар қызметінің мәліметі шындыққа жанаспай шықты

278 0

Жамбыл облысында ұйытқып соққан бораннан адам шығыны болмады деген төтенше жағдайлар қызметінің мәліметі шындыққа жанаспай шықты.

Талас ауданына қарасты Канцевка ауылында орта мектеп директорының дауылды күні үйіне жете алмай, жарты жолда қаза тапқаны анықталды. Мәліметті жергілікті билік өкілдері де қайта тексеріп, растап отыр.

Канцевка ауылы Жамбыл облысы Билікөл жағалауында орналасқан. Сенбі күні қатты дауыл кезінде жұмыстан шыққан 58 жастағы мектеп директоры үйіне жетпей қаза тапқан.

Дауыл басталғанда Концевка мектебінің оқушылары да тарай бастаған. Алайда мектеп директоры Маржан Қалиева соңғы оқушыны ата-анасы алып кеткенге дейін күтіп отырып, ең соңынан өзі шыққан. Уақытылы үйіне келмеген анасын іздеп шыққан ұлдары  сағат түнгі екілер шамасында оның өлі денесін тауып алады.

Бақытжан ТАҢАТАРОВ, Канцевка ауылының тұрғыны:

- Табан астында осылай болады деп ешкім ойлаған жоқ. Анашым қайтыс болды. Жетім қалдық. Енді Үкіметке үміт артамыз.

Маржан Қалиеваның үлкен ұлы анасының денесінде ауыр жарақаттар болғанын айтады.  Соған қарағанда, егде жастағы әйел желдің екпінімен келген қатты заттан зардап шегіп, қаза болуы да мүмкін. Ауладағы көлік желдің кесірінен саз-балшыққа батып, ал тағы бір көлік қираған сарайдың астында қалған екен. Сондықтан олар алысқа ұзап шыға алмай отыр. Байланыс та мүлдем жоқ.

Орынгүл АЙНАХАНОВА, Канцевка ауылының тұрғыны:

- Жылан жылы жаман, сұмдық жыл болды. Барлығын жылан жылы жұтып кетті. Малды қойғанда адам өліп отыр. Төңкерілген шатырлардың барлығын қарызданып жаптық.

Үшарал ауылының тұрғыны Сәндікүл Тайтелиева банктен несие алу үшін жолға шығыпты.  Өйткені сенбі күні соққан  дауылды жел үйінің шатырын түгел жұлып кеткен.

Сәндігүл ТАЙТЕЛИЕВА, Үшарал ауылының тұрғыны:

- Әкімшілік берген 25 шатыр жетпейді. Ал бізге кем дегенде 70 шатыр керек. Соған несие алсам деп отырмын.

Маржан Қалиеваның отбасы енді көмекке мұқтаж. Үлкен ұлы Бақытжан үйді қалпына келтіру үшін біршама қаржы қажет дейді. Табиғи апат салдарынан адам қазасы орын алғанын Жамбыл облысы әкімшілігі әлі естімеген. Себебі, бүгінгі  күнге дейін төтенше жағдайлар қызметі "дауылдың кесірінен адам шығыны болмады" деген ресми ақпарат таратып келген болатын.

Асқар ЖАЛДИНОВ, Жамбыл облысы әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Осы уақытқа дейін қайтыс болған адам туралы ақпарат келген жоқ. Бірақ сіздер арқылы, өкінішке орай, Канцевка ауылының мектеп директоры қайтыс болғанын естіп отырмыз. Қаратау қаласында да тағы бір адам қайтыс болған.

Осылайша, батыстан соққан сұрапыл дауылдан Жамбыл облысында бір емес, екі адам қаза тапты.  Соңғы мәліметтер бойынша, Қаратау қаласында қаза тапқан ер адам дүйсенбі күні үйдің шатырын жабамын деп жүріп төбеден құлап, мерт болған екен.


Тегтер:

Су басты

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!