Жер сілкінісіне қатысты болжам жасау қиын

Фотография - Жер сілкінісіне қатысты болжам жасау қиын

Жердің сілкінуі Үкіметті қатты шошытты. Бұрын жоспарланбаса да, бұл оқиға Министрлер кабинетінің кешегі отырысының күн тәртібіндегі «№1» мәселеге айналды

338 0

Алдыңғы түнде Алматыда жер қозғалды. Жердің сілкінуі Үкіметті қатты шошытты. Бұрын жоспарланбаса да, бұл оқиға Министрлер кабинетінің кешегі отырысының күн тәртібіндегі «№1» мәселеге айналды. Үкімет мүшелері ақпарат құралдарының қатысуынсыз, сырт көзден таса, Төтенше жағдайлар министрлігін тыңдаған. Әйткенмен, билік те, құзырлы орган да осы оқиғаға қатысты «ақпараттық ашықтық» және жариялылық танытуға тырысуда.

Үкімет отырысынан шыққан ТЖМ басшысын кезекті рет журналистер қоршап алды.

– Кеше Алматыдан 235 шақырым жерде жер сілкінді, – деп растады ми­нистр Владимир Божко. – Зілзала эпицентрі 10 шақырым тереңдікте болды. Біз тиісті жедел топты кеше-ақ жинадық. Алматыда баспасөз мәсли­хатын өткіздік. Және де барлық ақпарат, тіпті жер сілкінісі ошағының коорди­натына дейін, толық ауқымда Төтенше жағдайлар министрлігінің сайтына және басқа да сайттарға ілінді. Бұған қосымша, Кеген және Нарынқол бойынша ке­ше-ақ жұмыс жасауға кіріскендігімізді айт­қым келеді. Бұлар – жел сілкінісі эпицентріне ең жақын болған поселкелер.

Төтенше жағдайлар министрі, Бі­лім және ғылым министрлігінің Сейсмо­логия бойынша ұлттық орталығының бағалауына сілтеме жасай отырып, зілзала күшінің 6,6 балды құрағанды­­ғын мәлім етті. Алматыда бірінші сілкініс 4-5 балл ауқымында сезілген. «Алматы­дағы ғимараттардың не басқаларының қи­рауы не күйреуі жоқ, – деді Владимир Божко. – Бастапқы ақпар бойынша Нарынқолда да, Кегенде де айтарлықтай қирау-бүлінулер жоқ. Бірақ қазір әкімдік­тер, Алматы облысының Төтенше жағ­дайлар департаменті – комиссия зерттеп жатыр. Кеген мен Нарынқол бойынша мәліметтерді нақтылау бағытында тиісті жұмыстарды жүргізудеміз».

Табиғи апаттар есін шығарса керек, ақпарат құралдарына мәлімдеме жасау кезінде ТЖМ басшысы Алматы орнына, «Астана» деп айтып қалды. Журналистер осыны ескерткен, В.Божко шоршып түсті: «Қателесіп кетіппін, кешіріңіздер! Сызып тастаңыздар! Құдайға шүкір, бұл жерде жер сілкінісі болмайды! Сейсмикалық аймақ емес» деп, астаналықтарды дүр­ліктірмеуге асықты министр мырза.

Айтқандай, ақпараттардың тарауы­на қатысты тағы да мәселелер туындаған­дығын министрдің өзі де мойындады. Ал­маты тұрғындары төбе құйқаны шымыр­латар дабыл қағылмағандығын ғаламторда айтуда.

– Иә, біз дабыл-сиренаны қосып жат­падық. Қосымша шошынтпау үшін, – деп түсіндірді Төтенше жағдайлар министрі. – Бірақ біз бірден ақпаратты теле-ра­дио компанияларға жолдадық. «Жүгірме жолдарға» жазуды, Алматыдағы бар­лық арналарда жариялауды сұрадық. Сайт­тарда мәліметтерді жариялап, Алматы халқын құлағдар етудеміз. Сондықтан бұрнағы жылдың 1 мамырындағы осын­дай оқиға кезінде болғандай дүрбелең-паника жоқ.

 

Әйткенмен, мұндай жағдайда теледидарды не радионы қос­паған, ғаламторға шығуға мүмкіндігі жоқ адамдар хабарсыз қа­лады. «Бұған дейін Үкіметте төтенше жағдайлар кезінде бәріне жап­пай смс-хабарландырулар жолданады делініп еді. Неге ол да болмады?» деп сұрады БАҚ өкілдері.

– Сіздер қазір ұдайы смс-құлақтандырулар алып тұрасыздар. Бірақ осы смс-құлақтандырулар бойынша бізде қиындықтар туындауда: жекелеген ұялы байланыс опе­ра­торлары тиісті төлемін төлеуді талап етеді. Бірақ біз Астанада осындай смс-құлақтан­дыруды тегін жүргізу жөнінде келістік. Басқа қалалар бойынша да, Ал­матыда да проблема болмайды деген ойдамын, – деген В.Божко ұялы байланыс компа­ния­ларының қиын кезде халыққа көмекке келетіндігіне, ондай смс-дабылдарды тегін таратуға келісе­тінді­гіне үміт білдірді.

– Алда мұндай жер сілкінісі қайталануы мүмкін бе? – деп сұрады журналистер.

– Жер сілкінісі мәселесі бойынша болжам жасау қайырымсыз және үмітсіз іс! – деп қысқа қайырды ТЖМ басшысы.

Елдос Сенбай


Тегтер:

жер сілкінді

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!