2020 жылы елімізде өндірілетін «жасыл» энергетика үлесі 13 пайызға жетеді

Фотография - 2020 жылы елімізде өндірілетін «жасыл» энергетика үлесі 13 пайызға жетеді

Бұл үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар

280 0

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің ағымдағы жылы Қазақстан  халқына арналған Жолдауында көмірсутегі шикізатының нарығында ірі ойыншы болып қала отырып, еліміз энергияның баламалы түрлерін өндіруді дамытуға, күн мен желдің энергиясын пайдаланатын технологияларды белсенді енгізуге тиісті екендігін баса айтқан болатын.

«Бұл үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар. 2050 жылға қарай елде энергияның  баламалы және жаңғыртылатын түрлерін қоса алғандағы  барлық энергия тұтынудың кем дегенде тең жартысы келуге тиіс», - деген еді Елбасы. Бүгін ел Үкіметінің селекторлық режімдегі отырысы осы мәселеге қатысты өрбіп, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев негізгі баяндама жасады.

«Біздерге энергетикалық саланың дамуын толығымен қайта қарап, Қазақстан Республикасының отын-энергетикалық кешені дамуының тұрақтылығына бағытталған жүйелі шараларды әзірлеу міндеті тұр», - деді ол. Бұл ретте министр аталған міндеттерді жүзеге асырудың үш негізгі тәсілдерін де ашық айтты. Оның атап өтуінше, біріншіден, өсу үстіндегі экономиканы сенімді энергиямен, яғни елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет.  Екіншіден, «жасыл экономикаға» көшудің  жүйелі әрі кезеңдік негізін қалыптастыру керек. Үшіншіден, жаңғыртылатын энергия көздері жобаларын жүзеге асыруға бағытталған жүйелі шаралар қабылдауымыз тиіс.

Елімізде ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес 2013-2020 жылдарға арналған балама және жаңғыртылатын энергетиканы дамыту шараларының жоспары қабылданған болатын. Жоспарға сәйкес жаңғыртылатын энергия көздерінің қуаты 1040 МВт болады деп күтілуде. Оның ішінде 13 жел стансасы 793 МВт, 14 су электр стансасы 170 МВт , ал 4 күн электр стансасы 77МВт  қуат  өндіретін болды.

Бүгінде заңнамалық деңгейде жаңғыртылатын энергия көздерін пайдалануда тиімді ахуал қалыптастыру бағытында белсенді жұмыстар жүргізілуде. Айта кетерлігі, Қазақстанда жаңғыртылатын энергия көздері жобаларын жүзеге асыру процессіне «ЖЭК пайдалануды қолдау туралы» Заңның қабылдануы өз септігін тигізген еді. Дегенмен осыдан үш жыл бұрын еліміздегі көмір қорының молдығы мен ЖЭК электр энергиясының қымбат тұратындығын ескере отырып, бұл салада өтінімдер легінің мол болатындығын ешкім де ойламаған-ды. Сондықтан да бұған дейін қабылданған заңның кемшін тұстары байқалды. Осыны ескерген Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі әлемнің үздік тәжірибелері мен республикада орын алып отырған ахуалды ескере отырып, түбегейлі жаңа заң жобасын әзірлепті. «Заң жобасын біз мәселелердің екі блогына бөлдік. Олар өндірістік пайдаланылатын ЖЭК нысандарын жүзеге асыратын инвесторларға және аталған энергия көздерін пайдаланатын тұтынушыларға мемлекеттік көмек көрсету мәселесі», - дейді Ә.Өрентайұлы.

Оның атап өтуінше, бірінші блокта ұсынылған тетіктер инвестицияның қайтарылымы мен тәуекелдерді жабуды қамтамасыз ететін кепілдендірілген баға деңгейін, жобалар үшін белгіленген бағалардың кепілдендірілген мерзімін, ЖЭК-тен электр энергиясын кепілді сатып алуды және ЖЭК-тің желіге кедергісіз қосылуын қамтуы тиіс. Ал екінші блокта ЖЭК-ті дамытуды қатардағы азаматтардың аталған энергия көзін жеке пайдалануының арқасында ғана өріістетуге болатындығы қарастырылған. «Осыған орай біз Заңның бірінші нұсқасынан ерекшелік ретінде ҚР БЭЖ-ке қосылу мүмкіншілігі бар тұтынушылар мен БЭЖ-ден оқшау орналасқан тұтынушыларды қолдау нысанында ЖЭК көздерін пайдаланатын тұтынушыларға мемлекеттік қолдау мәселесін көтердік», - деді ол.

Ә.Исекешевтің алға тартқан деректеріне қарағанда, елімізде 689 адам немесе 1203 шаруа қожалығы мен мал жайылымы тұрғындары электр желісіне қосылу мүмкіншілігінен ада болып отыр. Ал бір үйге қуаты 5 кВт-ты құрайтын ЖЭК нысанын орнатуға кететін шығын не бәрі 4 430 теңгені құрайды екен. Үкімет бұл іске білек сыбана кірісіп, жылына 401 шаруашылық шығынының бір бөлігін жабуды жоспарлап отыр. Айта кетерлігі, осы өзгерістер қарастырылған заң жобасы бүгінде Мәжіліс қарауында жатыр.

Жалпы, алдағы уақытта елімізде жаңғыртылатын энергия көздері саласында бірқатар нысандар бой көтеріп, ел игілігіне айналмақ. Мәселен, «Самұрық-Қазына» қоры ағымдағы жылы қуаты 45 МВт-ты Ерейментау жел паркінің бірінші кезеңінің құрылысына кірісетін болады. Аталған жобаның барлық жобалық құжаттары келісілген. Ол елорда төрінде өтетін «ЭКСПО-2017» нысандарын энергиямен қамтамасыз ететін болады. Алматы облысында Көксу өзеніне қуаты 42 МВт болатын шағын су электр стансасы мен Шелек дәлізінде қуаты 51 МВт-қа тең жел паркінің құрылысы да басталады деп күтілуде. Шығыс Қазақстан облысында қазақстандық-испандық Spain Consulting кәсіпорны Ұлан ауданында қуаты 24 МВт-тық жел стансасының құрылысын қолға алмақ. «Ағымдағы жылдың соңына дейін біз Жамбыл облысының Қордай ауданында жел паркінің, Қарақыстақ өзені мен Тасөткел су қоймасындағы шағын су стансалары құрылысының бірінші кезеңі іске қосылады деп күтудеміз. Сондай-ақ ағымдағы жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Қошқар ата ауылында 2 мегаваттық шағын су электр стансасы іске қосылуы тиіс», - деді ол.

Ә.Исекешевтің сөзіне қарағанда, соңғы 2 жылдың ішінде ғана балама энергия көздерін өндіретін 25 станса бой көтерсе, ағымдағы жылы тағы 12-сінің құрылысы аяқталып, 20 жобаны жүзеге асыру қолға алынады. Ал ЖЭК нысандарының жалпы қуаты 1000 МВт-ты құрайды. 2020 жылға қарай елімізде өндірілетін жалпы электр энергиясының шамамен 13 пайызы «жасыл» энергетика үлесіне тиесілі болмақ.

Жиынды қорытындылаған ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Индустрия және жаңа технологиялар  және Қоршаған қоршаған ортаны қорғау министрліктеріне жаңғыртылатын энергия көздері туралы заңға өзгерістер енгізуді бірінші жартыжылдықта аяқтау қажеттігін баса айтты. «Ә.Исекешев пен Н.Қаппаров бірінші жартыжылдықтың соңына дейін басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жаңғыртылатын энергия көздері туралы заңға өзгерістер енгізуді және қабылданатын барлық қажетті заңнамалық нормативтік актілерді әзірлеуді аяқтауы қажет», - деді ол. Сонымен қатар Үкімет басшысы «ЭКСПО-2017» көрмесін балама энергия көздері есебінен энергиямен қамтамасыз етуді баса тапсырды. «ЭКСПО 2017»-ге дайындық барысында көрме нысандарын жаңғыртылатын энергия көздері есебінен қамтамасыз ету қарастырылсын. Оның амалдары бар екенін біз қазірдің өзінде көріп отырмыз, 2014 жылға қарай  Астананың маңайында ғана емес,  Астананың өзінде де көптеген қызықты жобалар болады деп ойлаймын», - деді С.Ахметов.


Тегтер:

энергетика

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!