«Самұрық-Қазына» 2 мың адамды қысқартады

Фотография - «Самұрық-Қазына» 2 мың адамды қысқартады

«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының қызметкерлері үшін ауыр күндер басталмақ

241 0

«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының қызметкерлері үшін ауыр күндер басталмақ. Қордың әкімшілік-басқару саласындағы 2 мыңнан астам қызметкері биыл лауазымдарымен қош айтысады. Бұл жөнінде кеше Үкімет жетекшісі Серік Ахметовтің қатысуымен өткен «Самұрық-Қазына» АҚ-тың алқа мәжілісінде айтылды. Есте болса, өткен жылы қор 1173 адамды қысқартқан-ды. Қор басшылығы бұл қысқартудың себебін Мемлекет басшысының компаниялар тобындағы қызметті оңтайландыру жөніндегі тапсырмасымен байланыстырады.

Президент тапсырмасын алға тартқан қор шығындарды қысқартып, профильді емес қызметтерді қордан алыстату үшін 3 жылға арналған бағдарлама жасап, 70 млрд теңге үнемдеуді көздеген былтыр. Соның 6 млрд теңгесін қызметкерлерді қысқарту арқылы үнемдемек. Ең қызығы, қызметкерлерді қысқарту арқылы қаржы үнемдеуді бастаған қордың басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев компаниялар тобына кәсіби деңгейі жоғары шетелдік мамандарды тарту қажет деп отыр. Ол бұл ұсынысын да Елбасының тапсыр­масына теліді.

«Елбасы Үкіметтің кеңейтілген оты­рысында нақты тапсырмалар берді. Біз оларды жүзеге асыруға кірісіп кеттік. Ең алдымен, қордың компаниялар тобына біліктілігі жоғары мамандар шақыру қажет. Мұндай тәжірибе бізде бар. Бизнесті дамыту және ішкі үдерістерді дамытуға шетелдік мамандар шақыры­лады» деді ол. Ал қор болса, былтырғы жұмысы бойынша толайым табысқа ке­нелді: таза кірісі 697 млрд теңгені құрады. Бұл жоспардан 14 пайызға, алдыңғы жылмен салыстырғанда 11 пайызға жоғары екен. «Экспортқа уранды өткізу бағасы мен оның көлемінің төмендеуіне, мұнай бағасының өткен жылғы деңгейі­нің сақталуына, мұнай өндіру көлемінің төмендеуіне және Жаңаөзендегі оқи­ғадан кейін екі жаңа заңды тұлғаның құрылуына қарамастан, таза пайданың өсуіне қол жет­кізілді» деп Ө.Шөкеевтің өзі айтты.

Есте болса, 23 қаңтарда Ақордада өт­кен жиында Мемлекет басшысы дағда­рыс­қа қарсы шараларға Ұлттық қордан бөлінген 10 млрд теңгенің із-түссіз кет­кені туралы айтқан болатын. Ө.Шөкеев өз баяндамасында сол қаржының қайда жұмсалғанын айтты. Оның дерегіне сүйенсек, дағдарысқа қарсы шараларға Ұлттық қордан 1 трлн 87,5 млрд теңге бөлінген. Оның 487,5 млрд теңгесі қар­жылық секторды тұрақтандыруға (343,5 млрд теңге жүйе құраушы банктердің акцияларын сатып алуға, ал 144 млрд теңге экономиканың нақты секторын несиелеуге), 120 млрд теңге иннова­ция­лық, индустриалдық және инфрақұры­лым­дық жобаларды жүзеге асыруға, 480 млрд теңге үш мақсатқа бөлінген: шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға (120 млрд), ипотекалық займдарды қайта қаржыландыру (120 млрд) және үлестік құрылысқа (170 млрд). Бөлінген қар­жының 331 млрд теңгесі қайтарылды. ҮИИДБ бағыттарын жүзеге асыру аясында қайтарылған қаржы Үкіметтің рұқсат беруімен жаңа жобаларды жүзеге асыруға пайдаланылып жатыр екен. «Жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап» демекші, бұл ақпарат Президент 10 млрд теңгеге іздеу салғаннан кейін ғана жария болып отыр.

Алқа мәжілісін қорытқан Үкімет жетекшісі Серік Ахметов «Самұрық-Қазына» қорының ұлттық экономи­камыздың көшбасшысына айналғанын атап өтті. «Дағдарыс жылдарында қор қаржы секторын тұрақтандыру, тұрғын үй нарығы проблемаларын шешу, шағын және орта бизнесті қолдау, индустриялды жобаларды іске асыру бойынша үлкен жұмыс атқарды. Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиясын іске асыруға арналған Үкіметтің кеңейтілген отырысында Үкі­метке, соның ішінде «Самұрық-Қазына» қорына нақты тапсырмалар берді. Биыл қаржы секторын дамыту, жол салу, газ тарту сияқты өте ауқымды жобалар іске асырылатын болады. Елбасы тапсыр­маларын сапалы әрі мерзімінде орындау – қордың алдында тұрған ең басты міндет» деді С.Ахметов.

Үкімет жетекшісі өз сөзінде осы жылдың І жартыжылдығында «КЕГОК» халықтық ІРО-ға шығу тиіс екенін айтты. «Халықтық ІРО бағдарламасына халық­тың қызығушылығы жоғары. Біз жыл­жуы­мыз қажет. Ағымдағы жылдың бірін­ші тоқсанында, біз «КЕГОК»-ты қа­­рас­­тыруымыз қажет. Бүгінде ел аза­маттары аталған компанияның қор нарығына қашан шығарылатынын күтіп отыр. «КЕГОК»-тың көрсеткіштері жақ­сы, өте тиімді компания. Менің ойымша, оның қор нары­ғына шығуына серпін береді»  деген ол қор басшылығына екінші жар­ты­жылдықта ІРО-ға жол тартатын үшінші компанияны айқын­дауды тап­сырды.


Тегтер:

компания

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!