Елімізде «Қымыз туралы» арнайы заң шығуы мүмкін

Фотография - Елімізде «Қымыз туралы» арнайы заң шығуы мүмкін

Кеше бұған Ауыл шаруашылығы министрлігінің қазіргі басшылығы өз қарсылықтарын білдірді

228 0

Кеше бұған Ауыл шаруашылығы министрлігінің қазіргі басшылығы өз қарсылықтарын білдірді. АШМ-ның ұстанымынша, әзірге қолданыстағы жанама заңдар да жеткілікті. Бірақ Парламент депутаттары сол ұсыныста табандап тұратын сыңай танытты. Осымен шектелмеген қалаулылар Қазақстандағы барлық мектептерде балаларды қымызбен тамақтандыруға қол жеткізбек, сонда елдің ертеңгі тізгінін ұстар ұрпақтың иммунитеттері бекіп, денсаулығы мықты болып өсуге тиіс. Өзі – нәр, өзі – дәру қымызды, сондай-ақ ауруханаларда ауыр сырқаттарға беру ұсынылып отыр.

Парламент кеше «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексін («Денсаулық кодексі») жүзеге асы­ру барысын қарады. Бұл мәселе бойын­ша есеп беру үшін Денсаулық сақтау, Ішкі істер, Қорғаныс, Білім және ғылым, Ауыл шаруашылығы, Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрліктерінің, сондай-ақ Спорт және дене шынықтыру істері агент­ті­гінің басшылықтарының өкілдері ша­қырылыпты. Қалаулылар оларға қымызды жаппай ішу жайын ойластыруды ұсынды.

– Үлкен мәселе – тамақтану, – деді жи­налғандарға қайырылған Мәжіліс де­путаты Алдан Смайыл. – Қазақстан халқының негізінен не тамақ жеп жүргенін зерттедік пе? Қытайдан әкеледі, анау Американың бәленбай жыл тоңазыт­қыш­тарда үсіп кеткен тауығын әкеледі. Соны ішіп-жеп аламыз-дағы, сауықтыру жөнінде әңгіме қозғаймыз. Одан түк шықпайды ғой! Ештеңе шықпайды одан! Сондықтан өзіміздің тамақ өндірісінің мәселесіне назар аударатын уақыт жетті.

Баяғыда әл-Фараби бабамыздың өзі: «Егер ұлттық тағам дастарқаннан кететін болса, ұлт ауруға шалдығады» деген. «Сонау заманда дәлелдеген! – деді Алдан Зейнол­лаұлы. – Біз өзі ұлттық тағамнан айырыл­дық. Ешкім дұрыс қымыз ішпейді, баяғы құрт, ірімшік, тағы басқалары жоғалды». Сосын ұяты барлардың бәрін ұялтты: бұл істе бізден орыс елі де озып кетіпті! «Ре­сей­дің мысалын келтірейін: Якутияда қымыз туралы заң шықты. Сол бойынша қымыз өндірушілерге жеңілдік беріледі. Қазір Якутияда бүкіл балабақшалар мен мек­тептерде балаларға тегін қымыз ішкізеді! Жасай алмай отырмыз ғой осыны, қолдан келсе де! Осыны істемегеннен кейін, тамақтандыру, балалардың денсаулығы туралы әңгіме қозғаудың қанша қажеті бар?»

Сол Ресейде «туберкулезді» қымызбен емдейтін 40-тан астам санаторий бар. Германияда арнайы мамандандырылған, қымыз өндіретін 50 ферма ашылды. «Не­міс­тер қымызды дәрі ретінде, таблетка кү­йінде бүкіл Еуропаның дәріханаларында сатып жатыр, – деп хабарлады депутат А.Смайыл. – Ол тағы да бізде жоқ. Ре­сей­дің өзінде жыл сайын биенің сүтінен 500 тонна балалар тағамдары жасалады! Олардың зерттеулері бойынша, биенің сүті мен ананың сүтінің айырмашылығы шамалы. Соны біз жасап отырмыз ба? Жа­самақ түгіл, ол туралы ой да жоқ! Сол Якутияда ауыр хирургиялық операциялар жасалған адамдарға қымыз береді. Ол тағы да жоқ» деген Мәжіліс депутаты Үкіметке барлық жауапты министрліктерді жүктеп, «Ұлттық тамақ өндірісін дамыту туралы бағдарлама» жасау туралы ұсыныс айтты.

– «Қымыз туралы» жеке заң қабылдау бойынша айтарымыз, – деді Ауыл ша­руа­шылығы министрінің орынбасары

Г.Исаева. – «Агробизнес-2020» атты жаңа салалық бағдарламада жайылымдық мал шаруашылығын дамыту қарастырылған. Соның негізгі бір бағыты – табындық жыл­қы шаруашылығын дамыту болып табылады. Сондай-ақ «Агробизнес-2020» бағдарламасын жүзеге асырудың «жол картасында» табындық жылқы шаруа­шы­лығын дамытумен байланысты бірқатар іс-шаралар көзделген. Сондықтан осы бағ­дарлама аясында жоспарланған суб­си­диялар мен жаңа қаржылық құралдар ет пен қымыз өндіру үшін табындық жылқы шаруашылығын өркендетуге мүмкіндік береді деп санаймыз.

Гүлмира Исаева: «Қымыз туралы» жеке заңда көрініс табуға тиісті деп ұсынылып отырған басқа мәселелердің бір бөлігі ендігі «Ветеринария туралы», «Тамақ қауіпсіздігі туралы» заңдарында көрініс тапқан» дейді. «Ал қымыз өндірі­сін арттыруға қатысты мәселелерді жаңа заң тудырмай-ақ, шеше аламыз» деген АШМ басшылығының өкілі «қолда­ныстағы заңдармен шектелуді» жөн санайтындарын жеткізді.

– Сонда ол шаруашылықтар мемле­кет­тік меншік формасында құрыла ма, әлде сіздер осы бағытта жеке бизнесті ын­таландырасыздар ма? – деп сұрады жиынға төрағалық еткен Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева.

– Салалық бағдарлама бойынша біз ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру­шілерге қандайда бір қызмет түрімен ай­­­налысуына жағдайлар жасаймыз, – деді АШМ вице-министрі. – Мына жағдайда біз бірнеше жаңа құралдарды, соның ішінде инвестициялық субсидияларды қарастырдық, бұлар жылқы шаруашы­лы­ғының да дамуына қозғау салуға тиісті. Бір мысал келтірейін: жайылымдарда су шығаруға бағытталған жаңа инвести­ция­лық субсидия енгізілетін болады, осы ар­қылы біз ауыл шаруашылығы өнді­ру­ші­леріне шалғайдағы жайылымдық жер­лерді малдарды, соның ішінде жыл­қы­ларды жаюға пайдалануларына жағдай жасаймыз.

– Бірақ тіпті тұтынушылардың осы пай­далы өнімді тұтынуына қозғау салу үшін де заңнамалық ынталандыру шара­лары қажет қой? – деп қарсы сөз айтты Дариға Назарбаева. – Заң сол үшін керек емес пе?! Алдан Зейноллаұлы соны айтып отыр. Мектептерді қымыз ішуге міндеттеу қажет. Санаториялық-профилактикалық, емдеу-сауықтыру мекемелерінде қымыз беру керек сырқаттарға.

– Сүт өнімдері, соның ішінде қымыз бойынша да бізде жұмыс тобы құрылды, – деп жауап қатты АШМ басшылығының өкі­лі. – Қазақстанның Сүт одағының ма­мандарымен бірлесіп, біз дәл қазір «Мектеп сүті» («Школьное молоко») бағ­дар­ламасын жетілдірудеміз. Бұл бағдар­лама тамақ қауіпсіздігі талаптары бо­йын­ша мемлекеттік мекемелерге, соның ішінде мектептерге, ауруханаларға жет­кі­зілетін сүт өнімдерінің сапасына қатысты мә­селелерді де қамтиды. Бұл жерде сүт өнімдерінің табиғи құрамына ерекше көңіл бөліп отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, сиыр сүтінде кейде өсімдік майлары пай­даланылады және оны фальсификат­таудың кең тараған басқа да түрлері бар. Ал барлық дәстүрлі ұлттық тамақ түрлері ішінде әсіресе, қымызды қолдан жасау қиын, бірден сезіледі. Сондықтан қы­мызды біз табиғи, экологиялық таза тамақ түрі ретінде ілгерілететін боламыз.

Үкімет өкілін тыңдап болған төрайым «сұранысты заңнамалық ынталандыру шаралары бәрібір қажет» деген ойында қалды.

Депутаттардың айтуынша, қымыз өн­діретін фермалар Қазақстанда да – «Жаңа­арқа ауданында, Алматы өңірінде, Тараз­да және басқа жерлерде» ашылған, бі­рақ «АШМ және басқа мемлекеттік құры­лымдардан қамқорлық болмағаннан ке­йін бәрі жабылып қалған». Алдан Смайылдың бұл мәселені арнайы көте­руі­не де солар ықпал етіпті: әлгіндей ша­руа­шылықтар депутаттарға қоңырау ша­лып, хат жазып жатыр екен. «Олардың ай­татыны: «Ештеңе де, тіпті субси­дия­сының да керегі жоқ. Тек жайылымдық жер керек, содан кейін дамып кеткенше, салықтан 4-5 жыл жеңілдік керек. Болды! Басқа ештеңенің қажеті жоқ көрінеді. Енді соның бірін де жасап отырған жоқ қой! Әйтпесе, қымыз шығаратындарға өздері жылқы өсірмесе, бие сүтін сатып алу қымбат» деген депутат Ауыл шаруа­шылығы вице-министрінен: «Сіздің өзіңіз айтыңызшы: қымыз өндіріп жатқан фер­маға барып көрдіңіз бе?» деп сұрады. Исаева ханым тура жауаптан жалтарды.

Осы жиында Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов мектептердегі штаттық дәрігерлерді БҒМ-нан өз ми­нистрліктеріне беруді ұсынды. «Онда ол дәрігерлерді оқу, тәрбие, мектептен тыс жұмыстарға тарту қиындап кетеді» деп қарсылық білдірді БҒМ вице-министрі Мұрат Әбенов. «Оның барлығын ішкі тәртіппен шешуге болады» деп жоқ жер­ден бәрін қиындатпауды ұсынды Дариға Назарбаева.

Осында балалардың психикалық ден­саулығы мәселесі де талқыланды. «Ол ба­лалар неден «псих» болып отыр? Қазір оқу­шыларға түсетін жүктемені зертте­ді­ңіздер ме?» деп сұрады осы орайда Алдан Смайыл БҒМ вице-министрі Мұрат Әбе­новтен. – Білім мен денсаулық министр­ліктері осыны неге бірлесіп зерттемейді? Ме­нің өзімнің бақылауымша, немереле­рім күнде оқу бойынша 13-14 сағат жұмыс істейді. Сонда да игеріп үлгере алмайды мек­теп бағдарламасын. Енді ол балада қандай денсаулық, қандай нерв болады? Құлаш-құлаш жаттаулар, математикада да сондай тапсырмалар, бәрінде сондай. Артық пәндер көп. Соның бәрінен арылту керек» деп ұсынды қалаулы.

Жиында Білім және ғылым, Денсау­лық сақтау министрліктеріне кешіктір­мей, мек­теп бағдарламасындағы сабақ­тардың ба­лаларға салмағы туралы мә­се­ле­ні зерттеп, бір қорытынды жасауды ұсынды. Соның негізінде оқу бағдарла­масына өзгерістер енгізілуі қажет. Өйткені ұрпақ денсаулы­ғы­на ұлт тағдыры тәуелді.


Айхан ШӘРІП


Тегтер:

парламент

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!