Ұлты өзге депутат әріптестерінен қазақ тілінде сөйлеуді талап етті

Фотография - Ұлты өзге депутат әріптестерінен қазақ тілінде сөйлеуді талап етті

Күні кеше Парламент мәжілісінің жалпы отырысында "қызық" оқиға орын алды

169 0

Күні кеше Парламент мәжілісінің жалпы отырысында "қызық" оқиға орын алды. Әдетте үкіметке, болмаса құзырлы органдарға сауал жолдайтын депутаттар бұл жолы өз әріптестеріне үндеу айтты.

Әдеттегідей, екі тілде ойқастаған халық қалаулылары депутаттық сауалдарын жолдап жатты.

Әйтсе де мемлекеттік тілдің бірден бір жанашыры, Ассамблеядан сайланған депутат Розақұл Халмұрадов өзіне сөз кезегі тигенде көптен көкейінде жүрген өзекті мәселені ақтарды да тастады.

"Шөлмек, мың күнде емес, бір күнде сынады" деген осы-ау. Ашуланған да, аптыққан да жоқ. Сабырмен, жай ғана.

"Шыдамның да шегі бар" деп қазақ акалары айтқандай, төзімі сарқылса керек, Розақұл Сатыбалдыұлы әріптестеріне қалжыраған кейіпте былай деп депутаттық сауалын жолдады: ""Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың "Қа­зақ­стан-2050" Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа сая­си бағыты" атты Жолдауында мемлекеттік тілге бай­ла­нысты: "Егер әрбір қазақ ана тілінде сөйлеуге ұмтылса, ті­ліміз әлдеқашан Ата Заңымыздағы мәртебесіне лайық ор­нын иеленер еді. Қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен өзі­мізден бастауымыз керектігі ұмыт қалады. Ұлттық мүд­деге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қам­шы­лауы тиіс... Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз. Сон­дықтан оған бейжай қарамайық" деп айтқан болатын. Ал біз, халық қалау­лы­лары, бұған қалай қарап жатырмыз? Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналуы үшін қандай үлес қосып жатырмыз? Бұл сұрақтың жауабын өздеріңіз өздеріңізге бе­ріп жатырсыздар" деп, не дер екен деп елеңдеп отырған әріптестеріне бір қарап қойды. Шындығын да Парламенттің жанды жеріне тиетін ауыр-ақ сөз! Қалың қазақтың аманатын арқалап жүргендіктен "қылша мойным талша" деп, ойланарлық-ақ мәселені көтеріп отыр халық қалаулысы!

Енді мұның ақырын күтуден басқа амалымыз да жоқ әрине. Дегенмен депутат Халмурадов мұнымен шектеле қоймады. 2007 жылдан бері Мәжілістің жалпы оты­рыс­тарын да депутаттық сауалдар қай тілде жарияланатынын зерттеумен айналысқанын байқау қиын емес.

Халмурадов мырза зерттеу "лабороториясында" ұлты қазақ депутаттарының орысшасы мен қазақшасын нысанаға алып "көздеп" отырған. Мәселен, алдыңғы төр­тінші сайланған Мәжілісте депутаттық сауалдардың 60 пайызы қазақ тілінде, 40 пайызы орыс тілінде жарияланыпты.

Ал қазіргі бесінші сайланған Мәжілістің өткен бір жылы ішінде ұлты қазақ депутаттар тарапынан барлығы 186 депутаттық сауал жарияланса, соның 78-і немесе 42 пайызы қазақ тілінде, ал 108-і немесе 58 пайызы орыс тілінде жарияланыпты. Демек, "бұрын шыққан құлақтан, кейін өскен мүйіз" "озып" кеткен.

"Мен бұл туралы, мүмкін, жария түрде айтпас та едім. Бірақ 30 қаңтардағы жалпы отырыста жарияланған депутаттық сауалдар мені осы­ған мәжбүр етті. Сол отырыста 11 қа­зақ әріптесімнің 9-ы өздерінің депутаттық сауалын орыс тілінде, екеуі ғана қазақ ті­лінде жариялады. Бұл – Елбасының Жол­дауын өңірлерге барып, халыққа наси­хаттап қайтқаннан кейін болып отырған жағдай", – деп ренішінде жасырмады.

Сөзінің аяғында депутат: "Кейбір әріптестерім біз қай тілде сөйлегенімізде не шаруаң бар деп те айтатын шығар. Ол рас, менің шаруам емес. Дегенмен мұны біреуді сынау үшін емес, өзімнің азаматтық борышым деп санағандықтан, жүрегімнің ауырғанынан айтып отырмын", – деді.


Тегтер:

тіл

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!