Алматы облысының ондаған елді мекенін су шайып кетуі мүмкін

Фотография - Алматы облысының ондаған елді мекенін су шайып кетуі мүмкін

Эколог Мэлс Елеусізов Алматы облысында дүлей апат болады деп дабыл қағып жатыр.

312 0

Эколог Мэлс Елеусізов Алматы облысында дүлей апат болады деп дабыл қағып жатыр. Оның айтуынша, миллиондаған текшеметр кәріз суларынан жинақталған Сорбұлақ су жинақтаушы бөгеті қалыпты деңгейден асып, тасуға шақ тұр

Алда-жалда артық су ернеуінен шығыр кетсе, ағыс бойындағы ауылдарды сел шайып кетуі мүмкін деп ескертеді. Ол осы жәйтқа шенділердің еш құлақ аспайтынына ашынады. Ал бұл мәселені «Табиғат» қозғалысының төрағасы бұған дейін де көтерген болатын. Бөгетке жауапты басшылар болса, Елеусізовтің алаңдауына еш негіз жоқ деп сабырға шақырып жатыр.

Бұл Мэлс Елеусізовтің жеке мұрағатынан алынған бейне көрініс. Ондаған жылдар бойы су қоймаларын бақылауда ұстап жүрген эколог, соңғы уақытта Сорбұлақтың сорлап тұрғанын айтып дабыл қақты. Сорақысы сол, соңғы 20 жылда мұндағы су қалыпты деңгейден асып, қауіпті деңгейге жеткен. «Сондықтан арнайы арық салып, артық суды ағызбаса, ағыс бойындағы ауылдарды сел алады», - дейді.

Мына қамыспен суды тазалау керек. Табиғат оны миллиондаған жылдар бойы тазалап жатыр солай. Сөйтіп оны тазалап, пайдаланып, сосын суды шаруашылыққа пайдалануға болады. Ешқандай қиыншылық жоқ, көңіл керек. Үкіметтің көңілі.

Мэлс Елеусізов тілшілерге тіпті картадан Сорбұлақ тасыса сорлайтын ауылдарды да көрсетті. Егер су тасыса Балқаш ауданын түгел шайып, Іле ауданындағы Күрті, Ақши ауылдарына да жетеді.

Қазір жүріп кетсе, 50 мың адамды су шайып кетеді. Түгел Балқаш ауданын алып кетеді. Сол кезде осыны дер уақытта шешпей бәрі жақсы деп отыр. Бұл не деген сұмдық?! Институт қарады, көрсетті. Мүмкіншілік бар кетуге. Қазір ауа райы да өзгеріп бара жатыр. Жер сілкініп, бірнәрсе болса 1 миллиард кубометр су кетеді.

Алайда мамандар қара бұлт төндірудің қажеті жоқ деп отыр. Су жинақтаушы қоры 1 миллиард текше метр кәріз суын сыйдыра алады. Ал қазіргі меже 850 миллион текше метрден асып тұрған жоқ. Оның үстіне, сәуір мен қараша айының аралығында су егіндерді суаруға жұмсалады. Оған қоса, тасыған су құйылатын қосымша арналар тағы бар.

Правобережный Сарыбұлак канал бар. Егер Сорбұлақтың суы толуға бара жатса, біз судың жартысын мына канал арқылы Ілеге тастайтын арна бар. Арна арқылы біз ол суды Ілеге жібере аламыз. Сол үшін ешқандай қауіпті жағдайды Сорбұлақ жасауға тиісті емес.

Қызылағаштағы қайғылы жағдайдан кейін бүкіл бөгеттер мен су қоймалары жіті бақылауға алынып, жиі зерттелетін болған. Сондықтан, елеңдеуге негіз жоқ. Сорбұлаққа жауапты «Тоспа су» кәсіпорнының өкілдері алаңдауға еш негіз жоқ екендігін айтып сендіреді. Олардың пікірінше, су жинақтаушы бөгет әлі талай жыл халыққа қызмет көрсетуге даяр және тұрғындар мен табиғатқа ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Сонымен бірге кәсіпорын мамандары негізсіз болжам жасап, елді дүрліктіріп отырғандарды жауапкершілікке тарту керек деп санайды.



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!