Қырымбек Көшербаев халық алдында есеп берді

Фотография - Қырымбек Көшербаев халық алдында есеп берді

Бүгін Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді

201 0

Бүгін Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді.

Өткен жылы облыс экономикасында бірқатар ілгерілеушіліктер болды. Өнеркәсіп кәсіпорындарында 1 трлн. теңгеден астам, ауыл шаруашылығы құрылымдарында 48,3 млрд. теңге көлемінде өнім өндірілді. Облыс экономикасының барлық салаларына 253,5 млрд. теңгеге инвестиция тартылды. Барлық көздерден 293,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Осылардың жайына тоқталған облыс әкімі экономикалық өсім бюджеттің кіріс бөлігін арттыруға ықпал еткенін айтты. Жыл ішінде облыс бюджеті республикадан бөлінген трансферттермен қоса 50,5 млрд. теңгеге өсіп, 144,6 млрд. теңге көлемінде қалыптасты. Экономиканың өсу қарқыны арқасында әлеуметтік салада да оң нәтижелерге қол жеткізілді.

Қ. Көшербаев  2011 жылға қарағанда, жұмыссыздық деңгейі 0,1 пайызға төмендегенін де тілге тиек етті. 6,4 пайыздық инфляция деңгейінде жан басына шаққандағы нақты ақшалай табыс өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 7,1 пайызға артты. Алайда, инвестициялық жобалармен жұмыс істеу сын көтермейді.

Индустрияландыру картасы бойынша да жағдай мәз емес. Бүгінгі күні 21 жобаның 15-і ғана 50 пайыздан жоғары жобалық қуаттылыққа шықса, қалған 6 жобаның 3-еуі жобалық қуаттылығына жетпеген, ал 3 жоба әлі күнге дейін жұмысын мүлдем бастамаған. Бұның басты себебі - маркетингтік зерттеулердің жоқтығы. Яғни өнімді шығарудан бастап, оның түпкілікті тұтынушыға жеткізуге дейінгі процесс ешбір жоба жетекшілерімен жете зерттелмеген.

Жалпы, бүгінгі күннің өзекті проблемасының бірі - облыста өңдеу өнеркәсібінің баяу дамуы. Оны шешудің бірден-бір жолы - шикізаттық тәуелділіктен арылу. Ол үшін өңірімізде пайдалы қазбалардың қоры да және мүмкіндіктеріміз де жетіп артылады. Мысалы, Шиелі ауданында ванадий кен орны бар. Қазіргі таңда «Балауса» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Бала-Сауысқандық» кен орнында құны 35,0 млрд. теңге болатын қара тақтатасты автоклавты өңдеу жобасын іске асыруда. Жоба шеңберінде жалпы қоры 800 мың тоннаға жуықтайтын ванадий өндірісінің төңірегінде қосалқы өндіріс көздерін ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Республика бойынша күріштің 85 пайызын өндіретін облыста 2012 жылы күріштің әр гектарынан 37,5 центнерден өнім алынып, нәтижесінде 283,7 мың тонна Сыр салысы қамбаға құйылған. Жағдайдың мұндай сипатына мүлдем келісуге болмайды. 

- Мал шаруашылығы бағытында мүлдем жаңа саясатты ұстану қажет деп ойлаймыз. Енді ет бағытындағы малдарды асылдандыру үшін шетелден мал сатып алуды тоқтатамыз. Аймақтың географиялық және климаттық жағдайына шетелдік асыл тұқымды малдың оңайлықпен жерсінбейтіні көрініп отыр және бұл бюджет қаржысын тиімсіз жұмсау деген сөз. Олай болса, қазақтың асыл тұқымды «Ақ бас», «Әулиекөл» секілді ірі қара мал тұқымын алған жөн деп есептеймін, - деді облыс әкімі.

Өңірде егін және мал шаруашылығымен қатар, ертеден келе жатқан дәстүрлі кәсібіміз - балық шаруашылығы. Қазіргі кезде Арал теңізінен ауланған балықтар, өңделмей-ақ шетелдерге сатылып жатыр. Балық бей-берекет, шикілей сыртқа жіберілуде. Оны аулаушылар, өңдеушілер, тасымалдаушылар, реттеушілер, лицензия және квота берушілер арасында үйлесімді жұмыс жоқ. Сондықтан балық шаруашылығын дамытудың жаңа жүйесін қалыптастырғанымыз жөн. Ол үшін аталған істерді үйлестіретін ұйым ретінде арнайы консорциумды құрған дұрыс.

- 2008 жылы жалпы құны 16,5 млрд. теңгені құрайтын «Сырдария өзенінің жағасын нығайту және Қызылорда қаласының қорғаныс бөгеттерін қайта жаңғырту» жобасын бастауға 500 млн. теңге бөлініп, 330 метрлік қорғаныс бөгеттері қайта жаңғыртылған. Бұл жобаның облыс халқына аса зор маңыздылығын ескере отырып, оны қайта жалғастыру жөнінде Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне ұсыныс енгізілді. Оң шешім қабылданады деген ойдамыз, - деді Қ.Көшербаев.

 


Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!