Қазақ жеріне Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамы келді

Фотография - Қазақ жеріне Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамы келді

Ынтымақ ұялап, бірлік қонған Қазақ жеріне көктемнің жарқын мерекесі  - Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мейрамы келді.

397 0

Ынтымақ ұялап, бірлік қонған Қазақ жеріне көктемнің жарқын мерекесі  - Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мейрамы келді. Жыл өткен сайын Наурыз мейрамы елімізді мекендеген бұкіл халықтың, ұлт пен ұлыстың сағынып күтетін ортақ мерекесіне айналып, жаңа мазмұнмен, жарасымды сән-салтанатымен түрлене түсуде.

Күн мен түннің теңеліп, жан-дүниені тірілткен, шаруаның бір малы екеу болып, арқа-басы кеңіп, аққа аузы тиген, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген Наурыз мерекесі ежелден халықтық мереке болатын. Кеңес үкіметінің асыра сілтеген солақай саясаты кезінде діни мейрам деп танылып, 1926  жылдан бері тоқталып қалған бұл мерекені тойлау 1988 жылдан бастап, арада 50 жылдан астам уақыт өткен соң, қайта түледі. Наурыз мейрамы тәуелсіз еліміздің зор ықыласпен тойланатын нағыз халықтық сипаттағы салтанатына айналды. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен 2010 жылдан бері Қазақстанда Наурыз мейрамы үш күн бойы тойланып келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қарарымен 2010 жылы Наурыз халықаралық мейрам мәртебесіне  ие болды.

Биыл елімізде мерекеге демалыс күндері жалғасып, қазақстандықтар Наурыз мерйрамын 5 күн бойы атап өтуде.

Кеше еліміздің түпкір-түпкірінде Наурыз мейрамының мерекелік шаралары басталып та кетті.

Қостанайда 19 наурызда Наурыз мейрамына орайластырылған жәрмеңке ашылып, оған облыс орталығы мен аудандарынан 120 жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өздерінің өнімдерін ұсынды. Нарықтағы бағасынан 20-30 пайызға арзан өнімдер жәрмеңкеге жиналған халықтың көңілінен шықты. Сауда көрігіне жергілікті өнерпаздар мерекелік шырай берді.

Сол күні Астанада Қазіргі заман өнері мұражайы мен Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайы бірігіп ұйымдастырған "Ардақты есімердің алтын коллекциясы" көрмесі ашылды. Оған 1930-2012 жылдар арасында жасалған  көркемөнердің үздік  туындылары қойылды. Елордада сонымен қатар күн сайын кешке 1 сәуірге дейін созылатын бірегей жарық шоуы мереке салтанатын асыруда.

Қарағандыда 20 наурызда мерекеге арналған көптеген ағартушылық сипаттағы шаралар бастау алды. Аймақ мектептерінде достық, бейбітшілік және келісім тақырыбындағы ашық сабақтар өтті. Оқу орындарында фестивальдар мен байқаулар өткізілді. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында "Наурыз тойы - дәстүрлі мереке" атты театрландырылған этнографиялық мереке болды. Қарағандыда ұлттық аспаптар ұжымдары мен күйшілердің "Күй қайнары" облыстық байқау -фестивалінің қалалық кезеңі өтті.

Ақтөбе әкімдігі 20 наурызда Мемлекет басшысының Жарлығымен марапатталған ардақты аналарға "Алтын алқа" және "Күміс алқа" белгілерін тапсырып, құрмет көрсетті.

Түркиядағы Қазақстан елшілігі 20 наурызда Наурыз мейрамын ұйымдастырды. Шараға Түркия мемлекеттік органдарының өкілдері, парламент депутаттары, Әзірбайжан, Беларусь, Түрікменстан, Өзбекстан елшілері, мәдениет пен өнер қайраткерлері, жұртшылық өкілдері қатысты.

Ақтауда облыстық Қазақстан халқы кіші ассамблеясы ұйымдастырған "Росток" балабақшасында "Бір шаңырақ астында" атты қойылым көрсетілді.

Алматыда 21   наурызда мүгедектер үшін қайырымдылық дастарқаны жайылып, мүмкіндіктері шектеулі жандар қоғам тарапынан қамқорлыққа бөленді.

Талдықорғанда Наурыз мейрамының алғашқы күні қазына  қарттарымыз - ақсақалдарға құрмет жасалды. Мұнда қаланың үш көшесін бойлай, ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, мерекеде бас қосқан әр адам қымыз бен наурыз-көжеден дәм татты. Мәдениет және демалыс саябағында мереке құрметіне жас көшеттер мен алуан түрлі гүлдер отырғызылды.

Шымкентте бұл күні мәдени орталықтардың өкілдері ұлттық тағамдар көрмесін ұйымдастырып, қол өнер бұйымдары жәрмеңкесін өткізді.

Өскеменде жастар киіз үйі тігіліп, қазақтың ұлттық мәдениеті үлгілерімен қатар, қолөнер шеберлерінің  бұйымдары ұсынылды. Ұлттық киім  үлгілері, ұлттық тағамдар байқауы, көркемөнерпаздар мен қала тұрғындарының караоке-конкурсы мереке шырайын аша түсті. Еліміздегі ынтымақ пен бірлік мұратын көздеген ізгілікті шаралар легі әр аймақта жарасым тауып, жалғаса түсуде.

Кең байтақ еліміздің барлық облыс орталықтары мен ауылдарында, шалғайдағы елді мекендерінде бүгін, 22 наурызда -  Наурыз мейрамының басты шаралары өтеді. Наурыз мерекесі шеру тартып, Қазақ жерінің барлық түпкірін шарлап, достық пен ынтымаққа, ізгілікке үндеуде.

Ұлыс оң болсын. ағайын!



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!