Шенеуніктер шетелде қаржы сақтай алмайды

Фотография - Шенеуніктер шетелде қаржы сақтай алмайды

Қазақстанда саяси мемлекеттік қызметшілерге шетелде актив ұстауға тыйым салынуы мүмкін.

235 0

Қазақстанда саяси мемлекеттік қызметшілерге шетелде актив ұстауға тыйым салынуы мүмкін. Қазақстан халқы осыны қолдап отыр: Қаржы полициясы өзі әзірлеп жатқан арнайы заң жобасына қоғамнан тиісті ұсыныс енгізілгендігін мәлімдеді. Халықтың бұл ұсынысы ең жоғары деңгейде қолдауға ие болуы ғажап емес.

Ақордада өткен Кәсіпкерлер кеңесінің жиынында Қазақстан Көшбасшысы «Қаржыларын шетелдегі жылжымайтын мүлікке емес, ұлттық экономикаға инвестициялау – қазақстандық кәсіпкерлердің патриоттық борышы» екендігін айта келе, шенеуніктерді шетелдегі активтерінен арылуға мәжбүрлеп жатқан көрші Ресейдің тәжірибесін тілге тиек етті.


Егер бұл тыйымды Парламент депутаттары қолдаса, онда барлық министрлер мен олардың орынбасарларына, жауапты хатшыларға, облыс әкімдері мен олардың орынбасарларына, сондай-ақ Қазақстандағы барлық қала, аудан, кент, ауыл әкімдеріне, облыс әкімдері аппараттарының басшыларына жат жерлердегі, оффшорлардағы компанияларын, сондай-ақ қонақүй, баспана және басқа да жылжымайтын мүліктерін сатып, құтылуға, басқа елдердегі банктердегі есеп-шоттарын жабуға тура келмек. Әйтпесе, ұлттық заң талаптарына лайық емес деп танылып, жоғары лауазымдарынан айырылады.

Рас, бұлардың кейбірінің осы қатал баптың құрығынан құтылуға мүмкіндігі бардай. Қазіргі кезде Қазақстанда 3 мың 269 «саяси мемлекеттік қызметші» бар көрінеді. Әйткенмен, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жүргізіп жатқан реформа аясында «саяси лауазымдар» қатарына кіретіндер саны әлденеше есе қысқармақ. Ал қазір әзірленіп жатқан заң жобасында «әкімшіліктік мемлекеттік қызметшілерге» осындай тыйым салу жайында ештеңе айтылмаған.

Президент Н.Назарбаев Экономикалық қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігіне қолданыстағы ұлттық заңнаманы жетілдіріп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту туралы тапсырма берген болатын. Осы міндетті іске асыру үшін Қаржы полициясы бүгінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасаудың алдын алу, жолын кесу және жазалау жүйесін жетілдіруге бағытталған арнайы заң жобасын жасауда.

Коррупцияға қарсы жойқын соққы беруге тиісті жаңа заң жобасын әзірлеуге агенттік барша қазақстандықтарды, сондай-ақ қоғамдық ұйымдарды тартыпты. Бұл ретте оларға өз ұсыныстарын ведомствоның ресми сайтында (www.finpol.gov.kz) жазып қалдыру ұсынылған. Осы мақсатта сайтта биылғы 2 және 10 сәуір аралығында «Халықтық құқық шығармашылық» атты бөлім жұмыс істеген.

–Бөлімнің 9 күндік жұмысы барысында азаматтар мен үкіметтік емес ұйымдардан 120-дан астам ұсыныс келіп түсті,–деп хабарлайды Қаржы полициясы,–олардың ішіндегі өзектілері жұмыс тобының талқылауынан кейін «Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықты күшейту арқылы алдын алу, ескерту, жолын кесу және жазалау жүйесін жетілдіру бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен қосымшалар енгізу туралы» заң жобасына енгізілетін болады.

Әйткенмен, агенттік сол 120-дан астам ұсыныстың ішінен елеуге тұратындарын қазір-ақ атап отыр. Олардың бірі, мысалға, бүгінде шенеуніктердің жыл сайын тапсыратын табыс декларацияларын ақпарат құралдарында жариялауды қарастырады. Әдетте, шенділердің кейбірі ол декларацияларында бірқатар қымбат мүліктерін жасырып қалуға тырысады.

Егер бұл құжаттар ақпарат құрал­да­рында жарияланып отырса, «халықтық бақылау» іске қосылар еді: бәрін елден құпияда ұстау мүмкін емес, шенеуніктің қандай да бір мүлкін декларацияда көр­сетпегендігін әлдекім байқап қалып, хабарлауы мүмкін. Ал әзірге барлық мем­лекеттік қызметшілердің Салық коми­тетіне тапсыратын табыс декларация­-лары жария етілмей, архивтерге сақтауға жолдануда.

Қаржы полициясы тағы қандай ұсы­ныстардың «жұмыс тобының аса үлкен қызығушылығын туғызғандығынан» құлақтандырады. Біріншіден, қазақ­­стандықтар мен қоғамдық ұйымдар «Мем­лекеттік сатып алулар туралы» қол­да­ныстағы заңнаманы жетілдіру шара­ларын ұсыныпты. Бұл жақта жемқор­лыққа жол беретін және жойылуға тиісті жайттар жетерлік. Бір мысал: бүгінде меморгандардың, барлық мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар мен кеңселер­дің ғимараты қатаң күзетіледі, «рұқсат беру бюросының» қағазынсыз, ішке кіре алмайсың. Ал тендер нәтижелері жария етіліп, оған қатысушылардың қайсысы­ның ұсынысы үздік болғандығы қара­латын күні сол жиын өтетін ғимаратқа «ыңғайсыз» компанияның өкілі жібе­ріл­мей қойылады екен. Осыған жауапты мемқызметкер ол адамның рұқсат қа­ға­зына бюроға өтінім беруді «ұмытып» кетеді, әрі телефонын сөндіріп қояды.

Екіншіден, ел коррупциялық құқық бұзушылықтарды жасау үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті қатаң­датуды сұрайды.

Үшіншіден, барлық мемлекеттік қыз­метшілерді қазіргідей, тек табыс деклара­циясын ғана емес, сондай-ақ «шығыс декларациясын» да тапсыруға міндеттеу ұсынылуда. Сонда қандай да бір шендінің шығысы табысынан қаншалықты арта­тындығын қоғам біледі.

Төртіншіден, ұлттық заңнамаға саяси мемлекеттік қызметшілердің ғана емес, оған қоса олардың барлық отбасы мүше­лерінің декларацияларын ақпарат құ­ралдарында жариялауды міндеттейтін талап қосылуы ықтимал.

Бесіншіден, саяси мемлекеттік қыз­метшілерге, «оған қоса олардың отбасы мүшелеріне шетелдерде активтердің бар болуына тыйым салу» көзделуде. Осы­лайша, ондай ірі лауазым иелерінің өз мүлкін не есеп шотын отбасының басқа мүшесіне жаза салып, «арылуына» жол қалмайды. Осы орайда бір қызық жайтқа қанықтық. «Отбасы мүшелері» қатарына қайын ене кірмейді екен, мемлекеттік қызметке келгенде, әйелінің үгіттеуімен өз активтерін (мысалға, коттеджін) соның атына көшірген, бірақ кейін әйелімен ажырасқанда, қайын енесін оны қайта­руға көндіре алмаған да тұлғалар болыпты. Мұндай мысалдар бүгінде шенеуніктерді ондай қадамнан аяқ тартуға мәжбүр­леуде.

Алтыншыдан, егер мемлекеттік қыз­мет­шінің шығыстары соңғы үш жыл­дағы ортақ отбасылық табысының мөлшері­-нен көп болған жағдайда, ол «заңсыз ба­йы­ды» деп танылмақ! Қаржы полициясы пысықтап жатқан заң жобасына осы тү­сінікті және оған сәйкес тәртіптік жауап­кершілікті енгізу қарастырылуда.

Жетіншіден, «айыппұлдың пара сома­сына еселену институтын енгізу» ұсы­нылып отыр. Мұның мәнісі мынада: пара алу үстінде ұсталған, не билік басында тұр­ған кезде миллиардтаған ел қаржы­-сын талан-тараж еткен ірі лауазым ие­лері көп жағдайда соттан құтылып кетеді, болмаса, мүлкі тәркіленбейтін жеңіл жаза алады. Тіпті ұзақ жылға түрмеге отыр­ғызылғанның өзінде, оның артында шығын шегіп, ортайған бюджет қалады. Бұл – бюджеттен қаржыландырылатын көптеген әлеуметтік нысандар соның кесірінен салынбайды деген сөз. Ал енді, егер Қазақстанда әлгі талап қабылданса, қылмысыдәлелденген барлық жемқор­­лар сол алған парасының бірнеше есе­ленген көлемінде бюджетке «айыппұл» тө­леуге мәжбүрленеді. Мәселен, бірнеше мил­лион пара алса, оны ондаған миллион, тіпті мил­лиард етіп бюджетке қайтаруға тиісті.

Айхан ШӘРІП

 


Тегтер:

парламент

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!