Сонда облыс әкімдері аспанмен жүре ме?

Фотография - Сонда облыс әкімдері аспанмен жүре ме?

Облыс әкімдерінің «Қолжетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы республикалық бюджет ақшасын игермей жатқаны былай тұрсын, олар жол құрылысында да сараңдық танытып, ақшаны тым қатты үнемдеп отыр. Үкіметтің кешегі отырысында мұндай басшылар бейнебайланыс арқылы жауапқа тартылды. Осыған орай, көлік және коммуникациялар министрі Асқар Жұмағалиевке тиісті тапсырмалар жүктелді.

172 0

Облыс әкімдерінің «Қолжетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы республикалық бюджет ақшасын игермей жатқаны былай тұрсын, олар жол құрылысында да сараңдық танытып, ақшаны тым қатты үнемдеп отыр. Үкіметтің кешегі отырысында мұндай басшылар бейнебайланыс арқылы жауапқа тартылды. Осыған орай, көлік және коммуникациялар министрі Асқар Жұмағалиевке тиісті тапсырмалар жүктелді.

Өңірлердегі кейбір жолдардың құры­лысы жергілікті бюджеттердің есебі­нен ат­қарылуы тиіс. Сондықтан оның жыры ұзақ­қа созылып жатады. Жол жөндеу жұ­мыс­тарының кешігуіне, кейде әкімдердің  жөнделетін жол учаскелерінің шек­а­расына қатысты келісе алмай сауда­ласулары да әсер етеді. Соның салдарынан жолдардың біраз бөлігі уақтылы жөнделмейді. Сон­дай-ақ қаражат жергілікті бюджеттен қа­растыры­латындықтан, кейбір облыстар  жол жөндеуге бөлінетін шығыс­тарды жыл­дан-жылға қыс­қартқан.  Мәселен, бүгінде рес­публика бойынша  ең нашар жолдар  Батыс Қазақстан облысында. Аудандық жолдар­дың басым бөлігінде асфальт та жоқ. Соған қарамастан, облыс әкімдігі аймақтағы жол құрылысына бөлінетін қаржыны жыл сайын азайтып отыр. 2011 жылы облыстық бюджеттен  бөлінген ақ­шаның  көлемі 347 млн теңге болса, 2012 жылы 320 млн, ал 2013 жылда бұл көр­сеткіш 245 млн теңгеге дейін төмендеп кеткен. Басқа облыстарда аталған мұндай шығыстардың көлемі 1,2-3 млрд теңгеге жетеді.

Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Серік Шапкенов оның барлығын бюджеттің есеп-қисабына жаба салды. «Соңғы үш жылда жалпы сипаттағы трансферттердің дұрыс есептелмеуі салдарынан облыстық бюджетте қиын жағдай туындап отыр», – дейді ол. Ал Үкімет басшысының «Биыл не істейін деп жатырсыздар?», – деген сауалына әкім орын­басары бюджетті нақтылау қажеттігін алға тартып, «аймаққа тиесілі 11 млрд тең­гені Экономика және бюджеттік жос­пар­лау министрлігі өткізбей жатыр» деп ақталды. Министр Ерболат Досаев болса Батыс Қазақстан облысының бүгінгі мә­селесі қаржыда емес, сол қаржыны дұрыс басқара алмауында екендігін жеткізді. «Енді, Серік Нығметұлы, қараңызшы, 245 млн теңге деген не? Түк те емес. Міне, қасымда Қырымбек Елеуұлы (Қызылорда облысының әкімі – авт.) отыр, Қызылорда облысы биыл жолдарға 5,5 млрд теңге бө­ліп отыр. Негізі, облыстың кірістері жетіп жа­тыр ғой. Меніңше, Батыс Қазақстан об­лы­сының әкімдігі тиісті жұмыстың басым­дықтарын қоя алмай жатыр», – дейді ол. 

Ал Алматы облысында жер дауы мә­селесі әлі күнге дейін басылмай тұр. Соның салдарынан Алматының үлкен айналма жолының құрылысы тежеліп жатыр.

Аңсар МҰСАХАНОВ, Алматы облысының әкімі:

– Бұл жолдың жалпы ұзындығы 65,5 шақырымды құрап отыр. Жобаның құны – 80,5 млрд теңге. Оның бойында 724 жер учаскесі мемлекеттің меншігіне қай­та­рылуы тиіс. Осы уақытқа 237 учаске сатып алынды. Оған 6,7 млрд теңге кетті. Енді 466 жер учаскесі қалды. Олардың 177-сі мемлекеттің өтемақысымен келіспей отыр.  Сотта 131 іс жатыр. Біз соттың жұ­мы­сына араласа алмаймыз.

Бір қызығы, бас кезінде сатып алынған 237 жекеменшік жер учаскелеріне 6,7 млрд теңге (!) жұмсалса, қазір қалған 466 учас­кеге тек 4,2 млрд теңге ғана қарасты­ры­лып отыр. Демек, әу баста Алматының үлкен айналма жолы бойындағы жер учас­келері тым қымбат бағаға сатып алынған. Енді әкімдік екі есе көп жерді үш есе аз ақ­шаға сатып алуды көздейді. Бұдан басқа, облыс әкімдері жол құрылысын қаржылан­дырудың «60/40» жүйесімен келіспейді.

Қосман АЙТМҰХАМЕТОВ, Ақмола облысының әкімі:   

– Бүгінде министрлік жол құрылысы жобалары бойынша қаржыландырудың «60/40» жүйесін орындауды талап етіп жатыр. Бұл дегеніміз облыс бюджетінен қаржының 40 пайызы шығарылуы тиіс. Алайда Ақмола облысының бюджетінде ондай ақша жоқ. Осы орайда, атап өтер жайт, жол құрылысынан бөлек жобалар бойынша облыстың қаржыландыру көлемі 10 пайыздан да аспайды.

Асқар ЖҰМАҒАЛИЕВ, көлік және коммуникациялар министрі:

– Қазіргі кезде жол құрылысын қаржы­лан­дыру бойынша барлық әкімдердің өтініш­тері қабылданды. Алдағы уақытта оның барлығы республикалық бюджет ко­миссиясының талқылауына шығарылады. Ал қаржыландырудың «60/40» жүйесіне келер болсақ, жергілікті жолдардың құры­лысы сол жердің бюджеттері есебінен жүр­гізілуі керек. Біз солай ойлаймыз. Жергілікті билік қаржыландырудың 40 пайызын кө­тере алады деп білеміз.

Алайда Үкімет басшысы Серік Ахметов министр мырзамен келіспейтін   сыңайлы. «Бұл мәселені тыңғылықты қарап шығу қажет. Себебі бірлесіп қаржыландырудың 40 пайызы жергілікті бюджеттер үшін тым көп сияқты. Бұған дейін біз осы іспетті бір­аз мәселелерді қарап, ары кетсе 20 пайыз­дық межені бекіткен едік», – деп атап көрсетті С.Ахметов. Сондай-ақ Премьер-министр «Астана-Бурабай» автожолы бойынша қар бөгеттерін орнату мәселесіне де баса назар аударды. Аталған жобада жасыл желек сияқ­ты бөгеттер, тіпті қарды ұстайтын жасан­ды тосқауылдар да ескерілмеген. Осыған бай­ланысты С.Ахметов республикалық маңызы бар басқа жолдарды салған кезде қар бөгеттерін барынша ескеруді тапсырды. Оның айтуын­ша, ағымдағы жылы «Астана - Ал­ма­ты» және «Астана – Павлодар» сияқты жол­­дардың құрылысы басталады.


Тегтер:

Қазақстан

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!