Қазақстан Президенті банктердің жеке капиталы өскенін атап өтті

Фотография - Қазақстан Президенті банктердің жеке капиталы өскенін атап өтті

Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бурабайда «Сыртқы сауда банкі» ААҚ президенті – басқарма төрағасы Андрей Костинмен кездесу өткізді

149 0

Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бурабайда «Сыртқы сауда банкі» ААҚ президенті – басқарма төрағасы Андрей Костинмен кездесу өткізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, кездесуге Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Б.Сұлтанов, «ENRC Kazakhstan» ЖШС акционері Ф.Шодиев және «Сыртқы сауда банкі» («Банк ВТБ») ААҚ президенті – басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ю.Соловьев қатысты.

Кездесу барысында Қазақстандағы еншілес банк қызметінің негізгі бағыттары, сондай-ақ, «Сыртқы сауда банкінің» еліміз экономикасын дамыту және әртараптандыру үдерісіне қатысуының жай-күйі талқыланды.

Нұрсұлтан Назарбаев «Сыртқы сауда банкі» тек Ресейде ғана емес, сонымен бірге Еуропадағы ірі банктердің бірі болып табылатынын, Қазақстанның жеке меншік және корпоративтік секторын кредиттеуге белсене қатысатынын атап өтті.

- Индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында жобаларды біздің елімізде іске асыратындар үшін айтарлықтай қолайлы жағдай жасалған. Қазақстан шағын және орта бизнестің дамуын, атап айтқанда, оны кредиттеу қарқынының өсуін барынша ынталандыруда. Жалпы, бүгінде банктік жүйе дәйекті түрде дамып келеді, банктердің жеке капиталының өсуі байқалады, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Бірыңғай экономикалық кеңістіктің қызметін ескере отырып, Қазақстанда кәсіпкерлікті дамыту жөнінде бірлескен жұмыстарды жандандыру қажеттігіне тоқталды.

Өз кезегінде «Сыртқы сауда банкі» ААҚ басқарма төрағасы кездесу үшін алғысын білдіріп, «Сыртқы сауда банкі» тобы Қазақстандағы өз қызметін белсенді жүргізіп отырғанын атап өтті.

- Бізде ынтымақтастық аясын кеңейту жоспары бар. Біз Сіздің күш-жігеріңіздің арқасында экономика қарқынды дамып келе жатқанын көріп отырмыз. Сонымен бірге трансшекаралық бизнестің мүмкіндігін арттыратын интеграциялық үдерістер жүруде. Біз үшін бүгінде әлемдік және еуропалық деңгейге шығатын Қазақстанның ірі компанияларымен жұмыс істеу қызықты. Сондықтан біздің мақсатымыз - осында бар мүмкіндіктерді зерделеу, - деді А.Костин.

Бұған қоса, кездесуде қаржы жүйесін жетілдіру жөнінде елімізде жүрігізіп жатқан жұмыстар бойынша өзара тиімді ынтымақтастықтың келешегі бар аспектілері аталып өтті.

«Сыртқы сауда банкі» ААҚ Ресейде, Еуропа елдерінде, Азия, Таяу Шығыс, Африка және АҚШ-та кең ауқымды банктік қызмет көрсететін ресейлік жетекші қаржы тобы болып табылады. Еншілес банкі Қазақстан нарығында 2008 жылдың бас кезінен бері жұмыс істейді.

 

bnews.kz сайтынан


Тегтер:

елбасы

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!