Бүгін Елбасы Н.Назарбаев «Астана Опера» театрының ашылу салтанатына қатысады

Фотография - Бүгін Елбасы Н.Назарбаев «Астана Опера» театрының ашылу салтанатына қатысады

Театр қазақ ұлттық музыка өнерінің классигі Мұқан Төлебаевтың «Біржан мен Сара» операсымен ашылады

281 0

Бүгін ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана Опера» театрының ашылу салтанатына қатысады.

Театр қазақ ұлттық музыка өнерінің классигі Мұқан Төлебаевтың «Біржан мен Сара» операсымен ашылады.

Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен салынған әлемдік биік деңгейдегі талаптарға жауап беретін «Астана Опера» театрының дүниеге келуі опера мен балет сияқты бекзат өнерді барша қазақстандықтардың ортақ игілігіне айналдырып, олардың жоғары музыкалық талғамы мен эстетикалық қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған.

ҚазАқпарат бұған дейін хабарлағандай, осы аптада өткен Үкімет отырысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед опера және балет театрының тұрғызылуы ол салынған елдің мәдени саласындағы ғана емес, бүкіл әлемдік қауымдастықтың мәдени өміріндегі айтулы оқиға ретінде бағаланатындығын баса айтқан еді.

«Енді бірнеше күннен кейін өнер сүйер қауымға есігін айқара ашатын «Астана Опера» театры өзінің классикалық архитектуралық келбеті және театрға арналған осы заманғы техникамен жарақтандырылуы жағынан әсем Астананың тағы бір айшықты символы ғана емес, барша астаналықтар мен елорда қонақтарының сүйікті өнер ордасына айналатынына кәміл сенемін», - деген еді министр.

Оның атап өтуінше, бұл Қазақстандағы опера мен балет сияқты өте күрделі қойылымдарды осы заманның ең биік талаптары тұрғысынан жүзеге асыруға арналған бірегей театр.Өйткені опера және балет театрының қойылымдарына жүзден астам адам қатысып, хор, оркестр және балет труппасы сияқты ұжымдар жүзеге асырады. Операда музыка мен сурет, драматургия мен вокал, актерлік шеберлік сияқты қайталанбас өнер түрлері бір сахнада тоғысып, бірегей мәдениет туындылары жасалады.

Театр жобасының авторлары классикалық архитектуралық сипатты ұлттық үлгілермен шебер ұштастырып, оған ерекше реңк берген. Театрдың көлемі 64 мың шаршы метр. Салыстыру үшін: Копенгаген театрының ауданы 41 мың шаршы метрді ғана құрайды. Сахнаның ені 21 метр, ал ұзындығы 59 метрге дейін жетеді. Тағы да салыстыру үшін айта кетейік - Ослодағы театрдың ені 16 метр, ал ұзындығы небәрі 40 метр ғана. Қажет жағдайда дайын декорацияны жылжытуға қолайлы қос қапталы және бар. Бұл безендірілуі күрделі спектакльдерді қоюға өте ыңғайлы. Сахнаның төменгі жағында тереңдігі 12 метрлік көтеріп-түсіретін автоматты қондырғылардан тұратын машиналар залы орналасқан. Театрда үш бөліктен тұратын және 120 музыкантқа есептелген оркестрге арналған арнайы орын бар. Көрермендер залы 1250 адамға арналған. Театрдың партері 450 орынға лайықталған және әрбір көрерменге ыңғайлы болуы үшін қатарлар бірінен бірі сәл жоғарылау орналасқан. Театрда 8 қосымша зал, 11 репетициялық орын, камералық музыкаға арналған 250 орындық зал, баспасөз-залы т.б. бар. Италияның ең үздік мамандары жасаған театрдың акустикасы да ерекше. Соның нәтижесінде дыбыс оның қай тұсында болмасын анық естіледі. Ғимаратта орнатылған осы заманғы студиялық қондырғы театрда өтетін барлық спектакльдер мен концерттерді Эйч Ди мүмкіндігімен жазуға жағдай туғызады.


Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!