Қ.Көшербаев Байқоңыр ғарыш айлағындағы жағдаймен танысты

Фотография - Қ.Көшербаев Байқоңыр ғарыш айлағындағы жағдаймен танысты

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев кеше жұмыс сапарымен Байқоңыр өңірінде болды

176 0

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев кеше жұмыс сапарымен Байқоңыр өңірінде болды.

Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

«Аймақ басшысы «Байқоңыр» ғарыш айлағының № 81 алаңындағы жағдаймен жіті танысқаннан кейін Төретам кентінде 100 орындық емхананың ашылу салтанатына қатысты. Бұл әлеуметтік нысанды салуға облыстық бюджеттен 202 миллион теңге бөлінді. Кент тұрғындарына уақыт талабына сай салынған медициналық мекемеде 13 дәрігер, 61 медбике қызмет көрсетеді. Кент тұрғындары бұл нысанның ашылуын ұзақ күтті. Себебі, бұл кентте тұратын халық саны 10 мыңнан әлдеқашан асқан. Халық саны 4 мыңнан асқан Ақай ауылының тұрғындары да алдағы уақытта осы медициналық орталықтан ем-домдарын алады. Емханаға жаңа медициналық құрылғылар, флюрографиялық рентген аппараты, ультрадыбыстық терапия аппараты, бір каналды электрокардиография сатып алынған», - делінген таратылған мәліметте.

Бұл емханадан бөлек, биыл Төретам кентінде республикалық бюджет қаржысына 600 орындық мектеп пен 280 орындық балабақша да бой көтеріп, кент халқының әлеуметтік мәселелеріне қызмет жасайтын болады.

Облыс басшысы салтанатты рәсімде Елбасының қолдауымен мемлекеттік бағдарламалар аясында денсаулық сақтау саласына қомақты қаржының бөлініп отырғанын атап өтіп, Байқоңырда өңірдің өндірістік мүмкіндігін арттырып, жаңа өндірістер ашуға жағдай жасалатынына тоқталды.

Емхананың ашылу рәсімінде Ұлы Отан соғысының ардагері Жұматай Мұстафаев батасын берсе, Байқоңыр қаласы әкімінің міндетін атқарушы Анатолий Петренко тілектестігін жеткізді. Жиын соңында «Ақмешіт мелиораторы» ЖШС-нің директоры Ерлан Саттаров ресми түрде жаңа нысанның кілтін дәрігерлерге табыс етті.

Аймақ басшысы бұдан кейін Қармақшы ауданындағы Қорқыт Ата мемориалдық кешенінде болды. Бұл тарихи кешен алдағы уақытта қайта жаңғыртудан өтпек. Осы орайда танымал сәулетші Бек Ыбыраев бастаған жұмыс тобы облыс әкіміне жаңа сызбаның жобасын ұсынды. Осы жерде уақыт талабына сай жаңа мұражай кешені, халықаралық дәрежеде жиын, форумдар өткізуге мәжіліс залы, баспасөз орталығы бой көтереді. Сонымен қатар ұлттық асханалар орталығы да салынып, емдеу кешендері іске қосылмақ. Сызба жобасында түнгі жарықтандырудан бастап, көлік тұратын орындарға дейін қарастырылған. Талқылау барысында аймақ басшысы нысандарды түркі әлеміне ортақ нақыштармен безендіруге ерекше мән беру керектігін айтты. Әзірге бұл жоба болғандықтан, алдағы уақытта кешеннің сызбасына ішінара өзгерістер енгізілуі ықтимал.


Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!