Екінші парламенттік сессия барысында Ассамблея мүшелері белсенді қызмет жасады

Фотография - Екінші парламенттік сессия барысында Ассамблея мүшелері белсенді қызмет жасады

Бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің құрамындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері екінші сессия барысында белсенді қызмет жасады.

196 0

Бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің құрамындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері екінші сессия барысында белсенді қызмет жасады.

Нақты деректерге сүйенсек, 2012 жылғы 3 қыркүйек пен 2013 жылғы 26 маусым аралығындағы кезеңде Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының мүшелері заң жобаларына 855 ұсыныс пен түзету енгізді. Сонымен қатар азаматтардың 364 жазбаша өтінішін қараған екен. 583 азамат Ассамблеясы мүшелерінің жеке қабылдауында болды. Сол секілді көкейкесті мәселелер бойынша 8 депутаттық сауал жолдаған, басқа депутаттармен тең авторлықта 85 депутаттық сауал жасаған. Бұл мәлімет Парламенті Мәжілісі Аппаратының жасаған қорытындысында көрініс тауып отыр.

Есепті кезеңде Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобының мүшелері Парламент Мәжілісінің қарауындағы заң жобаларына қорытындылар дайындау бойынша құрылған 114 жұмыс тобы құрамында болды.

Ассамблея мүшелерінің заң шығармашылық қызметіне тоқталсақ, депутаттар Ахмет Мұрадов, Юрий Тимощенко, Надежда Нестерова «Магистралдық құбыр туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне магистралдық құбыр мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Жылжымалы жабдыққа қатысты халықаралық кепілдіктер туралы конвенцияны және Жылжымалы жабдыққа қатысты халықаралық кепілдіктер туралы конвенцияға Авиациялық жабдық жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рұқсат беру құжаттарын қысқарту және мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау функцияларын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесімен сәйкестендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары бойынша құрылған жұмыс топтарының жетекшілері болды.

Сонымен бірге, Ахмет Мұрадов 7 жұмыс тобында жұмыс істеді, Зухра Саяпова 6 жұмыс тобының мүшесі болды, Роман Ким - 20 жұмыс тобында, Егор Каппель - 7 жұмыс тобында, Жұматай Әлиев - 5 жұмыс тобында, Мұрат Ахмадиев - 9 жұмыс тобында, Розақұл Халмұрадов - 26 жұмыс тобында, Надежда Нестерова - 21 жұмыс тобында, Юрий Тимощенко - 11 жұмыс тобында жұмыс істеп, заң жобаларының талқылауына қатысты.

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының жұмысы шеңберінде Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттар ел өңірлерінде (2012 жылғы 22 қараша - 2 желтоқсан) болды және (2013 жылғы 8-17 сәуір аралығында) Қазақстан Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру мақсатында Астана, Алматы, Талдықорған қалаларына, Ақмола, Жамбыл, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарына іссапармен барып, тұрғындармен кездесулер өткізді.

Депутаттар 57 елді мекенге барып, 51 мыңнан астам адамның қатысуымен 345 кездесу өткізді. Қоғамдық қабылдауда, ұйымдар мен мекемелерде 583 адам қабылданды. Кездесулер барысында зейнетақы реформасы, әйелдер мен ерлердің жасын бірегейлендіру бойынша, жинақтаушы зейнетақы салымдары, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жүйесі туралы, жинақтаушы білім беру жүйесі, осындай жинақтаушы жүйенің жұмыс істеу тетігі қандай болмақ және қайда баруға болады деген мәселелер жөнінде, денсаулық сақтау мәселелеріне қатысты сұрақтар қойылды. Сондай-ақ дәрілік заттарды тегін алу, өңірлерді газбен және сумен қамтамасыз ету, халықты жұмыспен қамту, микроқаржыландыру және микроқаржы алу жағдайлары туралы мәселелер көтерілді.

Қазақстан Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру бойынша халықтың әл-ауқатын арттыру, Қазақстанның ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуы бойынша негізгі мәселелер талқыға салынды.

V сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің екінші сессиясындағы жұмысы кезеңінде Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының 9 отырысы өткізілді, оларда топ қызметін ұйымдастыруға және белсенді заң шығару процесіне байланысты өзекті мәселелер қаралып қана қоймай, Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясында партияаралық ынтымақтастық саласында Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының жұмыс тәжірибесін тарату жөнінде берген тапсырмасының орындалуы егжей-тегжейлі талқыланды. Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру бойынша ақпараттық жұмыстың негізгі идеологиялық басымдықтары туралы және Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ мерейтойлық сессиясында берген тапсырмаларын іске асыру мәселелері қаралды.

Депутаттық топ мүшелері ғылыми-практикалық және ғылыми-теориялық конференцияларды, халықаралық форумдарды, «дөңгелек үстелдегі» кездесулерді, көшпелі семинарлар мен оқыту тренингтерді, баспасөз конференцияларын, жобалардың тұсаукесерлерін ұйымдастырып-өткізуге бастамашылық жасап, оларға белсенді түрде қатысты. Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ мерейтойлық сессиясының жұмысын, Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған іс-шараларын ұйымдастыруға атсалысты. Қазақстан халқы Ассамблеясының 18 жылдығына арналған салтанатты жиналысқа, «Өңірлерде этноәлеуметтік және этноконфессиялық процестерді тиімді басқару» тақырыбындағы аймақтық семинар-тренингтерге қатысты.

Ассамблеядан сайланған депутаттардың бұқаралық ақпарат құралдарындағы мақалалары мен жарияланымдарында Қазақстан халқы Ассамблеясы әзірлеген ұстанымдар - Елбасының саясатын қолдау, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту бойынша айқын да нақты жұмысты белсенді түрде жүргізу мәселелері қамтылған. Азаматтық және рухани-мәдени ортақтастық негізінде, мемлекеттік тілдің және қазақ халқы мәдениетінің тұғырлық рөлі арқасында қоғамдық бұқаралық сананы ұлттық мемлекеттік тұрғыдан сәйкестендіру туралы қағидалардың тұрақты түрде қалыптасуына қол жеткізілді, этносаралық және конфессияаралық тағаттылықтың қағидаттары мен нормалары бекітілді.


Тегтер:

елорда

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!