«Қырғыз нөмірін таққан көліктер елімізде қанша уақыт жүре алады?»

Фотография - «Қырғыз нөмірін таққан көліктер елімізде қанша уақыт жүре алады?»

Республикалық басылымдарда 23 тамыз, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады

296 0

Республикалық басылымдарда 23 тамыз, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Қазақстанның тұрғын үй құрылысы сапасын «Бесоба синдромы» кезіп жүр. Қазіргі таңда «құрылыс сапасы», «Бесоба синдромы» деген сөздер синонимға айналған. Қазақстанда құрылыс сапасы неге нашар десе, «Бесоба синдромы» жайлап алған ғой дейді. Ал «Бесоба синдромы» десе, алаяқтық, көзбояу, жауапсыздық, «откат», сыбайластық деген сұмдықтар өріп шығады. Міне осы құрылыс саласындағы былыққа қатысты мақала «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Қазақстандық құрылыс сапасы немесе «Бесоба синдромының» салқыны» деген тақырыппен беріліп отыр. Мақала авторының жазуынша, бізде құрылыстың қандай түрі болмасын тендерден басталады. Жабайы капитализмнің жемқор шенеуніктері ойлап тапқан бұл «тендер» деген бәлеңіз белгілі бір мақсатқа бюджеттен бөлінген қаржыны бөліске салудың тамаша тәсіліне айналды. Тендер өткізудегі басты мақсат - болашақ нысанды салатын мердігер ұйымның тапсырманы орындай алатын әлеуетін анықтау. «Басқаша айтсақ, мердігер құрылыс компаниясының нысанды сапалы әрі дер кезінде салуға экономикалық, техникалық мүмкіндігі мол, материалдық және қаржылай қуаты жеткілікті болуы керек. Ал біздің құрылыс саласында өткізілетін кейбір тендерлерде жұмыс жүргізетін жалғыз тракторы мен жарты краны да жоқ жалған компаниялар жобалық-сметалық құны миллиондаған, тіпті, миллиардтаған теңге болатын құрылыс нысандарының тендерін жеңіп ала береді. Тіпті, тақыр жерде тұратын екі-үш адамнан құралған «аты бар, заты жоқ» компанияның жүздеген миллион теңге тұратын тендерді ұтып алған мысалдары Қазақстан үшін таңсық емес. Өйткені, олардың билік тізгінін ұстаған немесе тендерлік комиссия­да отырған «көкелері» мықты», - деп жазады басылым.

 

Осы басылымда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың мақаласы «Халықтың әл-ауқатын артыру - мемлекеттің негізгі міндеті» деген тақырыппен берілді. Министрдің алға тартқан деректеріне қарағанда, республикалық бюджеттен төленетін әлеуметтік төлемдерді ай сайын 4 млн. адам немесе ел халқының төрттен бір бөлігіне жуығы алып отырады. Бұлар түрлі себептер бойынша әлі еңбек ете алмайтын немесе еңбек етуге мүмкіндігі жоқ және өз өмірін өз бетінше құра алмайтын адамдар. «Қазіргі уақытта Қазақстанда 1,8 млн.-нан астам зейнеткер өмір сүруде. 2000 жылмен салыстырғанда олардың зейнет­ақыларының орташа мөлшері 10 есеге (4298 теңгеден 41790 теңгеге дейін) артты. Сондай-ақ, ҰОС қатысушыларына және мүгедектеріне, ҰОС-та қайтыс болған жауынгерлердің жесірлеріне, жетімдерге, егде жастағы адамдарға, бұрын зиянды өндіріс жағдайларында жұмыс істеген аза­маттарға төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәр­демақылардың да мөлшерлері тиісінше арттырылды»,- дейді Т.Дүйсенова.

***

Естімеген елде көп. Бар ғұмырын ғылымға арнаған ғалымдардың арасында «Ғылым туралы» заңды оқымағандары бар екен. Олар заңмен таныс болмағандықтан, министрлік жобама қаржы бөлмей жатыр деген шағыммен Мемлекет басшысын маңайлауды әдетке айналдырыпты. Ал жоғары оқу орындарын ғылыммен айналысуға құлықсыз ректорлар басқарып отыр. «Айқын» газетінің тілшісі бұл жайтқа Білім және ғылым министрлігінің кешегі кеңейтілген алқа отырысында қанығып қайтқан. «Ғалымдардың көбісі елдің Президентіне дейін барып, министр қаржы бөлмейді немесе қажетті көлемде бермейді деп айтып жатады. Бірақ бұл кісілер «Ғылым туралы» заңды оқымаған. Нақты жобаны қаржыландыруға министрліктің еш қатысы жоқ. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды ғылыми кеңес пен халықаралық сарапшылардың қарауына бергенбіз. Дәл осы кеңес қаржыландыру көлемі мен жұмыс сапасын айқындайды. Осы орайда ғылыми кеңестердің шешімі заңға сәйкес міндетті болып саналады»,- деді Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов. Мақала «Ғылым туралы» заңды оқымаған ғалымдар бар» деген тақырыппен жарияланды - деп хабарлады  ҚазАқпарат

 

Ағымдағы жылдың өткен жеті айында облыс аумағына Кеден одағына мүше емес мемлекеттерден жеке пайдалану үшін заңды түрде 173 жеңіл көлік әкелінген. Олардан түскен кедендік төлемдер мен салықтардың көлемі - 156 млн. 212 мың 719 теңге. Ал соңғы кездері көрші қырғыз автокөліктерін Қазақстан аумағына заңсыз әкелу фактілері тыйылмай тұр. Керісінше уақыт өткен сайын артып келеді. Осыған орай «Айқын» газетінің тілшісі көлік құралдарын әкелу-әкету тәртібі туралы және мұндай көлік құралдарын тасымалдау кезінде Кеден заңнамаларын бұзудың зардабы төңірегінде Жамбыл облысы бойынша Кедендік бақылау департаменті Кедендік бақылауды ұйымдастыру басқармасының бастығы Гүлмира Мұхамеджанқызымен сұхбаттасқан «Қырғыз нөмірін таққан көліктер елімізде қанша уақыт жүре алады?» деген тақырыппен берілген сұхбат барысында басқарма бастығы: «Егер жеңілдетілген тәртіппен кеден шекарасынан өткен автокөлікті шетелдік азамат емес біздің елдің азаматы басқарса, ондай жағдайда кеден ережелерін бұзушылық болып саналады. Қазақстан аумағында көлік құралымен тек шекараны жолаушылар кедендік декларациясымен өткен тұлға ғана басқара алады. Ондай болмаған жағдайда Кеден заңнамасын бұзушылық болып саналады. Мұндай жағдайда ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 430-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады», - дейді.


Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!