Өскеменде Оралхан Бөкейдің 70 жылдығына орай халықаралық «Шығыс шынары» дәстүрлі жыр мүшәйрасы өтті

Фотография - Өскеменде Оралхан Бөкейдің 70 жылдығына орай халықаралық «Шығыс шынары» дәстүрлі жыр мүшәйрасы өтті

Өскеменде халықаралық «Шығыс шынары» дәстүрлі жыр мүшәйрасы өтті

239 0

Өскеменде халықаралық «Шығыс шынары» дәстүрлі жыр мүшәйрасы өтті. Осымен төртінші мәрте өткізіліп отырған поэзия фестиваліне еліміздің түкпір-түкпірінен, көршілес мемлекеттерден келген ақындар қатысты. Жыр додасының жеңімпаздарын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құттықтады, деп хабарлайды .

«Халықаралық «Шығыс шынары» жыр мүшәйрасын өткізудегі мақсатымыз - қазақтың қара сөзіне, өлеңіне қолдау көрсету, ортамызда өсіп келе жатқан жас таланттарды та-уып, олардың шабытына шабыт қосу еді. Сонымен бірге, әдебиетіміздің дамуына үлкен үлес қосқан алдыңғы буыннан жас толқын сабақ алса, Шы-ғыс өңірін, оның ішінде орталығы - Өскемен қаласын мүшәйраға қатысқан ақындар арқылы елімізге және шет мемлекеттерге танытса деген ойымыз болды. Біздің ойымызша, мүшәйра көздеген мақсатына жетті. Бүгінге дейін мүшәйраға қатысқан ақындардың шығармалары арқасында Шығыстың мерейі өсті», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Аймақ басшысы облыс жұртшылығының атынан «Шығыс шынары» мүшәйрасын өткізуге көмектесіп жүрген ақын-жазушылар қауымына ыстық ықыласын жеткізіп, алғыс айтты. Айта кету керек, биылғы жыр додасына Қабдеш Жұмаділов, Кәдірбек Сегізбаев, Ұлықбек Есдәулет, Исраил Сапарбай, Темірхан Медетбек, Несіпбек Айтұлы және тағы басқа көрнекті қаламгерлер қауымы мейман болды.

«Шығысқа елімізге белгілі қаламгерлер қауымының келуі - үлкен қолдау. Өңірімізді насихаттауға, абыройын арттыруға көп көмегін тигізеді, - деген облыс басшысы осыдан үш жыл бұрынғы дағдарыстың қиын кезінде «Шығыс шынары» мүшәйрасын өткізу идеясын Өскемен қаласының бұрынғы әкімі Ислам Әбішев айтқанын атап өтті. - Өскемен қаласында қазақ поэзиясының рухын, болмысын жіті түсінетін әрі қолдау көрсететін азаматтардың бар екенін байқадық. Міне, биыл бұл мүшәйра төртінші мәрте өткізіліп отыр».

Өңір басшысының айтуынша, «Алтай-Ертіс» кітапханасы» сериясының осы уақытқа дейін 20 томы жарық көрді. Биыл тағы 21 том баспа бетін көрмек.

«Төрт жылдың ішінде біз қырықтан астам кітап шығардық. Бірінші рет «Шығыс жұлдыздары» атты кітап шығарған едік. Өйткені, Шығыс өңірінен шыққан ақын-жазушылар, сазгерлер, әртістер жетерлік. Бірақ жастар жағы олардың осы өңірден шыққанын біле бермейді. Осы кітап арқылы Шығыстың мақтаныштарын тануға толық мүмкіндік туды».

Сондай-ақ, осыған дейін өткізілген үш жыр мүшәйрасы үш жинақ болып жарық көрген болатын. Шынын айту керек, әр ақын-жазушының еңбектері қолдау таппай, жарыққа шықпай жататын жағдай жиі кездеседі. Сондықтан, өңірімізден шыққан ақын-жазушылардың еңбектерін жарыққа шығаруымыз керек.

Ө»йткені, тарихта баспа бетін көрген жазу қалады, - деді облыс Әкімі. Облыс басшысы биыл жазушы Оралхан Бөкейдің жетпіс жылдық мерейтойы өңірде айрықша аталып өтіп жатқанын жеткізді. Оған жыр додасына келген қаламгерлердің қатысуымен осы күні ашылған Өскемендегі Орағаңның ескерткіші де дәлел бола алады. «Шығыс шынары» жыр мүшәйрасы да биыл Оралхан Бөкейге арналды».

Өңір басшысы алдағы уақытта жыр мүшәйрасына Қытай, Ресей, Моңғолия елдерінің шайырлары да көбірек қатысса деген ұсынысын жеткізді. Бұл - Шығыс Қазақстанның шетелде де насихатталуына, еларалық әдеби-мәдени байланыстардың дамуына жол ашады.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ұлықбек Есдәулет «Шығыс шынары» дәстүрлі поэзия фестиваліне айналғанын атап өтті.

«Шығысымыздың шырайы мен шұрайын келтіріп тұрған, Алтай мен Тарбағатайдың, Зайсан мен Марқакөлдің, Алакөлдің, еркелеген Ертістің, Барқытбелдің Қоңыраулы көлінің барша сұлулығын, өр Алтайға тартып өскен ер мінезді жұрттың тұлғасын жырлап жатқан мұндай фестиваль Шығыс өңірінде ғана бар деп мақтанышпен айтамыз. Кезіндегі Көкшетау, Жасыбай, Алатау, Жетісудың сұлулығы жұртқа поэзия арқылы жетсе, бүгінде Шығыстың сұлулығы да жеке жырланып келеді. Шығысымыздың сәулетін жырлаған осы жырлар композиторлардың қолына тиер ме еді? Әрине, ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Алматыда Шығыс туралы әндер дүниеге келіп жатқанын, «Қаламқас» ансамблі, «Серілер» тобы сияқты музыкалық ұжымдардың айтып жүргеніне куә болып жүрміз. Нұрғали Нүсіпжанов ағамыз да «Өскеменім», «Оралхан» атты әндерді жуырда сахнаға шығаратынын айтты. Мұның барлығы «Шығыс шынары» фестивалінің арқасы» - деп хабарлады ҚазАқпарат

Бернард Шоу: «Біз ғылыми прогрестің арқасында аспанға құсша ұшуды, суға балықша жүзуді үйрендік. Бірақ адамша өмір сүруді үйрене алмадық» деген екен. Меніңше, адамша өмір сүруге үйрететін дүние - поэзия! Поэзия әрі құрал, әрі мектеп, әрі қару. Колумбияда дүниежүзілік поэзия фестиваліне қатыстым. Онда поэзияны қоғамдағы келеңсіздіктермен күресуге, есірткіге қарсы үлкен қару ретінде қолданады. Әлемдік поэзия фестивалін Колумбияны жақсы жағынан көрсету, ұрпақты ізгілікке тәрбиелеу үшін өткізеді. Фестивальді осыған дейін 22 мәрте өткізген екен. Менің білуімде, одан кейінгі поэзия фестивалі - Өскеменде өтіп келе жатқан «Шығыс шынары».

«Жәлеләдин Румидің: «Мен қаншама адам көрдім, үстінде киімі жоқ, Мен қаншама киім көрдім, ішінде адамы жоқ» деген сөзі бар. Адамсыз киім жанның жалаңаштығын, жүректің жүдеулігін меңзеп тұрған жоқ па?! Адамның жанын байытатын нәрсе, осы поэзия дер едік. Сондықтан, Абай атамыз Өскеменге келгелі облыс үздіксіз рухани өсу, түлеу үстінде деп ауыз толтырып айтамыз, - деді Ұлықбек Есдәулет.

«Шығыс шынары» халықаралық жыр мүшәйрасының ынталандыру сыйлығына Толыбай Абылаев (Қызылорда, Арал) пен Саят Қамшыгер (Алматы) ие болды. Байқаудың арнаулы жүлделеріне алматылық Мыңбай Рәш, Ғалым Қалибек, Роза Сейілхан және қарағандылық Бағдат Мүбәрак лайық деп танылды. Үшінші орын өскемендік Серік Ғабдоллаұлы (Өскемен), Ақберен Елгезек (Астана), Ерлан Жүніске (Алматы) бұйырса, екінші орынның жүлдегерлері болып, Әмірхан Балқыбек (Алматы) пен Бақытгүл Бабашқызы (Атырау) танылды. Облыс Әкімінің арнайы жүлдесін Астанадан келген жер-лесіміз Қалқаман Сарин еншіледі. Бірінші орын Моңғолияның Баян-Өлгий аймағынан келген Сұраған Рахметұлына берілді. Бас жүлдені Шығыстың тумасы, қазақтың көрнекті ақын қыздарының бірі Гүлнар Салықбай жеңіп алды.


Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!