Президент Нұрсұлтан Назарбаев елорданың оқушыларымен отансүйгіштік тақырыбында әңгімелесті

Фотография - Президент Нұрсұлтан Назарбаев елорданың оқушыларымен отансүйгіштік тақырыбында әңгімелесті

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы № 64 мектеп-лицейде елорда мектептерінің жоғары сынып оқушыларымен отансүйгіштік тақырыбында сабақ өткізді

656 0

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы № 64 мектеп-лицейде елорда мектептерінің жоғары сынып оқушыларымен отансүйгіштік тақырыбында сабақ өткізді.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысымен кездесуге оқуда, спортта, шығармашылық деңгейде үздік нәтиже көрсеткен 22 он бірінші сынып оқушылары қатысты. Олар негізінен қалалық, республикалық, халықаралық олимпиадалар, сондай-ақ зияткерлік ойындар мен ғылыми жобалар байқауының жүлдегерлері, оқу озаттары. Бұл үздік оқитындардың 17-сі №64 мектеп-лицейдің, үшеуі № 6 гимназияның және қалған екеуі №60 пен №15 мектеп-лицейдің оқушылары.

Кездесу барысында оқушылар Президентпен отансүйгіштік туралы ойларымен бөлісті. Елбасы өз кезегінде жаңа қазақстандық патриотизмнің қалыптасуы жайлы әңгіме қозғап, өзінің халыққа жолдаған «Қазақстан 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауы мен осындай негізгі құндылықтардың халық бірлігі мен мәдени мұраны сақтаудағы маңыздылығын айтып, оқушылардың сұрақтарына жауап берді.

2007 жылдан бастап Астанада қалалық білім беру жүйесінің бюджеті 2,8 есеге, яғни 7,2-ден 19,8 млрд. теңгеге дейін өсті. Осының негізінде елордадағы білім беру нысандары жылдан жылға артып келеді.

Ағымдағы жылы 1 қыркүйекте 1200 орынға арналған жаңа № 71 мектеп ашылды, сондай-ақ жыл соңына дейін 2300 орынға арналған 2 мектептің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Бұдан басқа 6000 орынға арналған 5 мектеп құрылысы салынуда, олар 2014 жылы пайдалануға беріледі.

2010-2014 жылдарға арналған Мектепке дейінгі тәрбие мен білім берумен қамту жөніндегі «Балапан» бағдарламасын іске асыру жалғасуда. Бұл бағдарламаның негізгі индикаторларының бірі - мектепалды даярлықпен қамтылған 5-6 жастағы балалар үлесін арттыру. Таратылған мәліметтерге қарағанда, бүгінде Астана қаласы бойынша бұл көрсеткіш - 88,6 пайызды құрайды. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткішіне шағын орталықтарды ашу да өз септігін тигізуде. 2012-2013 оқу жылдары Астана қаласының 8 білім ұйымында 12 жылдық білім беруге көшу жөніндегі 83 эксперименталдық алаң жұмыс істеген болатын. Тәжірибелер негізінен инновацияны енгізу, мектептің білім кеңістігін дамыту және оқу-тәрбие үдерісінің тиімділігін арттыруға бағытталған.

Мұнымен қоса, 2013-2014 оқу жылы Астанада 11 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барды. Жаңа оқу жылында оқушылардың жалпы саны 92 мыңнан асып отыр. Бүгінгі күні Астанада 83 мектеп, оның ішінде 71 мемлекеттік және 12 жеке меншік мектеп, сондай-ақ 139 мектепке дейінгі мекеме, 35 колледж, 13 қосымша білім беру ұйымдары қызмет етуде.


Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!