Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Әлихан Байменовті қабылдады

Фотография - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев  Әлихан Байменовті қабылдады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Байменовті қабылдады

219 0

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Байменовті қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Кездесу барысында Ә.Байменов Мемлекет басшысына агенттіктің алдағы қызметінің негізгі бағыттары мен халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары баға алған мемлекеттік қызметтің қазақстандық моделінің қалыптасқан аспектілері туралы баяндады.

Қазақстан Президенті мемлекеттік қызметті реформалаудың негізгі кезеңдерінің бірі «А» корпусын және тиісті сапалы кадрлар резервін жасақтау екенін атап өтті.

– Осы орайда мемлекеттік қызметшілерді даярлау және біліктілігін арттыру мәселелеріне назар аудару қажет. Облыстарда оның қызметіне жеткілікті қадағалау жасамайтын жергілікті әкімдіктерге бағыныстағы мемлекеттік қызметшілерді оқытудың өңірлік орталықтары бар. Назар аударуды талап ететін тағы бір бағыт – мемлекеттік қызметшілерді шет елдерде оқыту және біліктілігін арттыру. Қажетті білім қоры, дайындықтары бар адамдарды жіберудің орнына ол жаққа көбінесе ағылшын тілін білмейтіндер жіберіледі. Нәтижесінде олар материалды игере алмайды және тиісті тәжірибе жинақтай алмайды. Бұл мақсаттарға бюджеттен 170 млн. теңге бөлінген, ал нәтиже жоқ, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев тиісті мамандықтар бойынша даярлауда сапаның қажеттігін атап өтті.

– Бүгінде көптеген жоғары оқу орындарында мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызметшілерді даярлау факультеттері ашылуда. Алайда онда көбінесе экономика мен құқық жөніндегі пәндер оқытылады, ал іс жүзінде мемлекеттік қызмет одан да ауқымды мәселелерді білуді қажет етеді. Бұл орайда Агенттік Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп пысықтап, жағдайға талдау жасағаны жөн, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы орталық пен жергілікті билік арасында мемлекеттік қызметшілерді ротациялау жөніндегі жұмысты тиімді жүргізудің маңызды екеніне назар аударды.

– Бұл өте маңызды және жақсы тәжірибе, өйткені өңірлік сипаттағы мәселелерді білмеген адам орталықта қалайша жұмыс істей алады? Бірақ билік көбінесе жергілікті дайын кадрларды тарту үшін тиісті жағдай жасауға мүдделі емес. Бұл үдерісті жіті қадағалаған жөн, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұған қоса, Қазақстан Президенті соңғы уақытта өңірлік тәртіптік кеңестердің өз белсенділігін азайтып алғанын, олардың жұмысын күшейту жөнінде шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

Өз кезегінде Ә.Байменов Қазақстан Президентін мемлекеттік қызметті одан әрі жаңғырту және саяси қызметшілер санын едәуір қысқарту жөніндегі тапсырмаларының орындалуы туралы хабардар етті.

– Қазақстанның мемлекеттік қызметінің жаңа моделін одан әрі қалыптастыру мақсатында заң, сондай-ақ 12 жарлық және Үкімет пен Агенттіктің бірқатар нормативтік-құқықтық актілері қабылданды. Сіздің нұсқауыңызға сәйкес біз әлемнің жетекші елдерінің тәжірибелеріне талдау жасадық және бүгінде халықаралық сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда өзіндік бірегей мемлекеттік қызмет моделі қалыптасты, – деді Агенттік төрағасы.

Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы мемлекеттік қызмет көрсету және мемлекеттік аппарат жұмысының тиімділігін аттыру үшін мемлекеттік қызметшілерді оқыту сапасын жақсартуға байланысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.


Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!