Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов дүниеден өтті

Фотография - Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов дүниеден өтті

Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

532 0

Бүгін 90-ға қараған шағында Қазақстанның Халық Батыры, Кеңес Одағының Батыры,Тәуелсіз Қазақстанның бірінші қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов қайтыс болды. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков Сағадат Нұрмағамбетовтің туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтты.

«Бұл бүкіл Қазақстан үшін орны толмас қаза. Біз ұстазымыздан әрі сенімді досымыздан айырылдық. Сағадат Қожахметұлы Қазақстан Қарулы Күштерінің тарихында аңызға айналған тұлға ретінде қалады»,-деді Әділбек Жақсыбеков.

Нұрмағамбетов Сағадат Қожахметұлы, ұлты-қазақ, 1924 жылы 25 мамырда Целиноград облысы Алексеев ауданында (қазіргі Ақмола облысы Ақкөл ауданында( дүниеге келген).

1942 жылы мектеп партасынан Қызыл Армия қатарына шақырылып, Түркіменстанның Кушка қаласындағы әскери училищеге жіберіледі. Оқуын бітірген соң 1943 жылдың сәуір айынан Ұлы Отан соғысының майдандарында болды. 1945 жылдың мамыр айына дейін пулемет взводының командирі, пулемет ротасының командирі, 5-екпінді армияның ІІ дәрежелі Суворов орденді 301 Донецк Берлин атқыштар дивизиясының 1052 атқыштар полкі құрамында атқыштар батальонының командирі лауазымында соғысты. Краснодар өлкесін, Украина, Молдавия, Батыс Белоруссия, Польша жерін жаудан азат етуге қатысты. 1945 жылы 27 ақпанда Польша жерінде жау қорғанысын бұзып өту кезіндегі жауынгерлік тапсырманы ержүректілікпен орындап көрсеткен ерлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы (№ 5214) берілді. Соғысты Берлинде аяқтады. Сағадат Нұрмағамбетовтің батальоны Гитлердің рейхсканцеляриясына шабуыл жасады. Жеңістен кейін батальонның жеке құрамы мемлекеттік маңызы бар нысандарда күзету жөніндегі тапсырмаларды орындады.

 

1946 жылдың маусымы мен 1949 жылдың қарашасы аралығында М.И.Фрунзе атынддағы Әскери академияны тәмамдады. Оқуын аяқтаған соң Түркістан әскери округінде әртүрлі штабтық, командалық лауазымдарда жедел басқарманың аға офицері, мотоатқыштар полкінің командирі, мотоатқыштар дивизиясының штаб бастығы, Қазақ ССР Азаматтық қорғаныс штабының бастығы, Орта азия әскери округі қолбасшысының орынбасары, Оңтүстік топ әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары (Венгрия) қызметін атқарды. Осы кезең аралығында КСРО Қарулы Күштері Бас штабының Академиясында екі рет курстарда оқыды.

1989 жылы округ тараған соң Қазақ Республикасы соғыс және еңбек, Қарулы Күштер ардагерлері кеңесінің төрағасы әрі Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Комитеті ардагерлер мен Қарулы Күштер мүгедектері істері төрағасы қызметтерін атқарды.

1991 жылы қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің Төрағасы, ал 1992 жылғы мамыр айында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі болып тағайындалды.

1994 жылғы 23 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен оған Халық Қаһарманы атағы мен № 1 «Алтын Жұлдыз» табыс етілді.

1995 жылғы қарашада армия генералы атағымен отставкаға шықты. Республика Президенттің және ҚР Қорғаныс министрінің кеңесшісі болды.

1971-1994 жылдары Қазақстан Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды.

Ұлы - Талғат, 1952 ж.т., запастағы генерал-майор. Қызы Айсұлу. Немерелері бар.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен Астана қаласындағы «Жас ұлан» мектебіне армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі берілді.

КСРО наградалары:

Кеңес Одағының Батыры

Ленин ордені

Октябрь Революциясы ордені

Қызыл Ту ордені

І дәрежелі Отан соғысы ордені

ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені

Екі Қызыл жұлдыз ордені

ІІІ дәрежелі КСРО Қарулы Күштеріне Отанға қызмет еткені үшін» ордені

Екі Еңбек Қызыл Ту ордені

«Құрмет белгісі» ордені

Қазақстан:

Қазақстан Халық Батыры

«Отан»ордені

Ресей:

Достық ордені

Украина:

«Құрмет белгісі» ордені

Болгария, Польша, Чехия, Монғолия елдерінің наградалары бар

Целиноград, Алматы, Донецк қалаларының құрметті азаматы.

 

bnews.kz сайтынан


Тегтер:

Кеш

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!