Жылына 4-8 млрд долларды далаға шашып келіппіз

Фотография - Жылына 4-8 млрд долларды далаға шашып келіппіз

Бүгінгі күні әлемде қазба байлықтар, мұнай, көмір қорлары сияқты табиғи ресурстар аса тапшы

272 0

Бүгінгі күні әлемде қазба байлықтар, мұнай, көмір қорлары сияқты табиғи ресурстар аса тапшы. Жағдай кері кетпесе, түзелмейтіні анық. Өйткені сарқылмайтын дүние жоқ. Соны біле тұра біз табиғи ресурстарды тиімсіз пайдаланып, экономикамызға жыл сайын 4-8 млрд доллар (!) көлемінде зиян келтіріп жатады екенбіз. «Егер біз мұндай келеңсіздіктің жолын алмасақ, табиғи ресурстарды дұрыс үнемдемесек, онда 2030 жылға қарай қазіргі 4-8 млрд долларымыз шамамен 14 млрд долларға жетуі ғажап емес», – дейді ҚР қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров. Осы уақытқа дейін қанша байлығымызды ысырап қылғанымыз бір Аллаға аян, әйтеуір Үкімет бұл мәселені енді мықтап қолға алмақшы.

Бөлінген қаржы тиімді жұмсалса...

Қазба байлықтарды игерудің жаһан­дық күресі қарқын алған заман қазір. Сол сияқты Қазақстан үшін де табиғи ресурстар ел­дің экономикасын көтерудің ең тиімді көзі. Еліміз – табиғи ресурстар қоры жағы­нан алтыншы орында тұрған мемлекет. Кейбір сарапшылардың айтқандары шын­дық­қа жанасса, барланған кен орындары шамамен 10 триллион долларға бағаланса керек. Ал Қазақстанның түрлі минералдық шикізаттың көп қоры шоғырланған ел екен­дігі рас. Геологиялық барлау жұмыс­та­ры­ның жаңа кешенді тұжырымдамасын қа­был­дау қажеттігі осыдан туындаған. 3-Тау-кен металлургия конгресі барысында қа­­з­іргі ҚР Премьер-министрі Серік Ах­ме­тов:

– Еліміз түрлі минералдық шикізатқа бай. Соған орай елімізде темір, марганец кені, хром, түрлі-түсті металдар кені, қалайы кенін, титан мен алтын кенін өндіру мен өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өту керек. Бұдан бөлек, соңғы жыл­да­ры геологиялық барлау жұмыстарының ау­қы­мы өндіруші ресурстарды толығымен жаба алмағаны байқалды. Сондықтан да жаңа­дан қабылданған бағдарлама аясын­да мемлекет тарапынан кен орындарын иге­ру­мен қоса, геологиялық барлау жұ­мыс­тарын тиянақты ұйымдастыруға да кө­ңіл бө­лінбек. Бұл тау-кен метал­лур­гия­лық өндірісті жаңа шикізатпен қамтуға мүм­кіндік береді, – деп мәлімдеген бо­латын.

Сол тұжырымдама қабылданды. Енді сол қазба байлықтарды барлап, игеру үшін Үкімет 2019 жылға дейін мемлекеттік бюд­жеттен 164 миллиард теңге бөлмекші. Бұл туралы жуырда өткен KAZENERGY VIII Еуразиялық форумда ҚР ИЖТМ Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Б.Нұрабаев мәлімдеген болатын. Шынымен де, қаржы тапшылығынан қазба байлықтарды игілігімізге жарата алмай отыр­ған жайымыз жоқ емес. Мәселен, бок­сит­тiң, темiрдiң, уранның, қорғасын мен мы­рыштың, көмiрдiң және алтын мен күмiстiң, ванадий мен вольфрамның кен орындары мол Оңтүстік Қазақстан облы­сына дәл қазір барланған кен орындары мен геологиялық барлау құрылыстарын игеріп, болжамдық ресурстарды өнер­кә­сiп­тiк санаттарға өткiзу және оларды өн­дi­рiстiк негiзде игеру үшiн шамамен 2 млрд АҚШ доллары қажет екен. Бұл – бір өңір­дегі ғана жағдай. Айта берсе, қаражатқа тіреліп тұрған проблема барлық аймақ­тар­ға тән.

Инвестор тартудың жолы көп

Мұндай ауқымды істерді инвес­тор­лар­дың көмегінсіз шешпесе тағы болмайды. Сол себепті инвесторлар тартудың барлық жолдары қарастырылуда. Соның бір тиімді жолы – Қазақстанның инвестициялық мүм­­кіндіктері туралы халықаралық теле­арналар арқылы бейнероликтер тарату. Мұндай үрдіс көптеген елдердің тәжі­ри­бе­сін­де бұрын­нан бар.

«Қазақстанға инвестиция салы­ңыз­дар!» атты бейнероликті қазір әлем халық­ара­лық CNN, Euronews және Bloomberg сияқты телеарналарынан көріп отыр. Ин­вес­торлар назарына ілініп отырған Қазақ­стан туралы бейнеролик әлемдік хабар таратуда 2011 жылдан бастап беріліп ке­ле­ді. Нәтижесінде ролик трансляциясы кезінде Ұлттық инвес­ти­циялық веб-сайтты қарау саны айына 7,5 мыңға жеткен (бұл орташа көрсеткіштен бір жарым есе артық). Тұтастай алғанда, 2,5 жыл бойы интернет-ресурсқа 170 елден 236 мыңға жуық көрермен қызығушылық танытып, әлеуетті инвесторлар сайт арқылы 180 сұра­ныс жіберген. Жалпы, әлеуетті инвес­торлар салатын қаражатты қосып есеп­те­генде геологиялық барлауға қарас­ты­рылып отыр­ған қаржы 490 миллиард тең­геге дейін жетуі мүмкін деп болжап отыр құзыр­лы министрлік.

Бір қуантарлығы, Қазақстан эко­но­ми­ка­сына елеулі қаражат салғысы ке­летіндер жоқ емес. Мысалы, Германия Қазақ­стан­ның минералды шикізат базасының да­муына айтарлықтай қызығушылық таны­ту­да. Сол сияқты Оңтүстік Корея мен Қытай да құлшынып отыр. Сөз болып отырған қомақты қаржы негізінен «тың» кен орын­да­рына салынбақ - деп хабарлады  baq.kz

Үкімет үміт артқан бағдарлама

Тағы бір айта кететін жайт, Үкімет екі жеп биге шықпақшы, яғни 2014 жылдан бастап геологиялық барлау жұмыстарын же­дел түрде шағын қалалар төңірегінде жүргізбекке ниетті. Осылай бір жағы қазба байлыққа ие болып, екінші жағы шағын қалаларды дамытпақшы. Бұл жайында ҚР өңірлік даму вице-министрі Серік Жұман­ғарин былай деген болатын:

– Ең алдымен, бір кәсіпорынға тәуелді болған моно­қа­ла­лардың экономикасын әртараптан­дыру қажет болып тұр. Рас, ресми деректерге сүйен­сек, Қа­зақстанда 100-ге таяу шағын қала бар екен. Со­лардың ішінен тыңғылықты зерттеу­дің нә­тижесінде, шамамен 1,5 млн адам тұратын 27 моноқаланы анық­тап, «2012-2020 жыл­дарға арналған моноқалаларды да­мыту бағдарламасына» енгіздік. Шағын қа­ла­лар көп шоғырланған өңір – Қарағанды облысы. Бұл аймақтан сегіз моноқала бағдарламаға енді. Олар – Те­мір­тау, Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш, Абай, Саран, Шахтинск, Қаражал. Павлодар об­лы­сынан екі қала бар: Екібастұз, Ақсу қа­ла­лары. Сондай-ақ Қостанай облысынан Руд­ный, Жетіқара, Лисаковск, Арқалық, ал Шы­ғыс Қазақстан облысынан Риддер, Се­ре­брянск, Зыряновск, Курчатов қалала­ры аталған бағдарламаға енді. Жамбыл об­лы­сынан – екеу: Жаңатас пен Қаратау. Қал­ған об­лыстардан бір шағын қаладан қарас­­ты­рылған. Олар: Батыс Қазақстан облысынан – Ақ­сай, Атырау облысынан – Құл­сары, Маң­ғыстау облысынан – Жаңаөзен, Ақтөбе об­лысынан – Хромтау, Ақмола облысынан – Степногорск, Оңтүс­тік Қазақстан облы­сы­нан – Кентау, Алматы облысынан – Те­келі қаласы. ҚР өңір­лік даму вице-министрі Серік Жұманғариннің бұл мәлімдемесіне айрықша тоқталуымыз жайдан-жай емес. Байқап отыр­ған­да­ры­ңыз­дай, Қазақ­стан Рес­публикасы Үкіме­ті­нің қаулысымен бекі­тіл­ген «2012-2020 жылдарға арнал­ған моноқалаларды дамыту бағ­дар­ла­ма­сына» енген қалалар тізімінде, негізінен, кен орындары бар аймақтар. Алайда кейбір сарап­шылар оған қарсы. Өз кезегінде олар:

– Іріктеліп алынған шағын қалалардың дені кен орындары бар аймақтар екені рас. Бағдарламаның көздеген мақсатының негізгісі де сол, яғни кен орындары бар қала­­ларды қалпына келтіру. Тоз-тозы шығып, қаңырап бос тұрған шағын қала­ларға қанша қаржы салсаң да, қалпына келмейді. Шағын қалаларды қалпына кел­тіруді емес, халықты өнеркәсіптері қар­қынды жұмыс істеп тұрған, әлеуметтік-экономикалық тұрақты жерлерге көшірген жөн. Қаржыны соған бөлген тиімді, – дейді. Қалай болған күнде де, «2012-2020 жыл­дарға арналған моноқалаларды да­мыту бағ­дарламасы» қандай нәтиже бере­тінін уақыт көрсете жатар.

Геологиялық барлауға кедергі келтіріп отырған тағы бір түйінді мәселе – халық­аралық стандарттар деңгейінде зерттеулер жүргізетін отандық ғылыми орталықтың жоқтығы. Оның үстіне соңғы кездері Қазақ­станға Австралия, Канада, АҚШ, Ресей, Қырғызстан сияқты өзге де мем­ле­кет­тердің зертханаларында зерттеу жүргізу мүмкіндігі шектеулі болып тұр. Бұл көкейкесті мәселе Парламент қабыр­ға­сын­да да қаралған болатын. Минералды ресурстарды дамыту бойынша 2020 жылға дейін жоспарланған кешенді бағ­дарламаны жүзеге асыру үшін бізге бірінші кезекте геологиялық, зертхана-сарап­та­ма­лық, геохимиялық, ғылыми-өн­діріс­тік зерт­теулерді жүргізуге, геоло­гиялық жұ­мыстарды жоспарлауға және жо­балауға, сонымен қатар геологиялық мәліметтерді тал­дау және жинақтауды жүзеге асыруға, компьютерлік модельдеу және тағы басқа жер қойнауын пайдалану саласындағы жұ­мыс­тарды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін орталыққа зәру болған едік, ҚР ИЖТМ «Қазгеология» АҚ қаты­суы­мен мемлекет бас­шылығы Назарбаев уни­вер­ситет база­сында сөз болып отыр­ғандай гео­логиялық зерттеу орталығын құру туралы шешім қа­был­дады. Осылай бұл мәселе де оң шешімін тап­қандай. Аталған орталыққа жүктеліп отыр­ған үлкен міндет – резервтік кен орындарын ашу.


Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!