Қазақстандағы Ресей полигондары жабылуы мүмкін

Фотография - Қазақстандағы Ресей полигондары жабылуы мүмкін

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Сенаттың жалпы отырысында Қазақстанның бірнеше жылдардағы басты қаржылық құжаттары – «Бюджет-2013»-тің нақтыланған жобасы және алдағы үш жыл бюджетінің жобасы қаралды.

451 0

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Сенаттың жалпы отырысында Қазақстанның бірнеше жылдардағы басты қаржылық құжаттары – «Бюджет-2013»-тің нақтыланған жобасы және алдағы үш жыл бюджетінің жобасы қаралды.

Осыған орай сенаторлар алдына Үкімет жетекшісі С.Ахметовтың өзі келді. Премьер елді елең еткізерлік жаңалық айтты. Қазақстан Ресейге еліміздегі полигондарының аумағын бес есе дерлік қысқарту туралы ұсыныс жолдапты. Яғни жылқы жылы жарылқаса, қазақтың біраз жері Ресейдің сынақ дүмпулерінен құтылуы мүмкін.

Әрине, бюджеттер бойынша басты баяндаманы Экономика және бюд­жеттік жоспарлау министрі Е.Досаев жасады. Сенаторлар сауалдарының басым көпшілігі де соған бағытталды. Бірақ оған бір күтпеген сұрақ қойылды.

– Ерболат Асқарбекұлы, – деді Сенаттың жаңа депутаты, Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, – осыдан біраз бұрын мінберден сөйлегенде, қазақшаңызда кібіртік болушы еді. Бірақ кейінгі сөйлеген сөздеріңізге риза болып отырмын. Қазақшаңыз жақсы, жатық. Бүгінгі жиынға бәлендей қатысы жоқ, бірақ бір сұрағым бар: тілдің қалып­тасуында сіз әдебитеттің орны қалай деп ой­лайсыз? Сіздің әдебиетке көзқара­сыңыз қандай? Қандай жазушыларды ұнатасыз, бір-екеуінің атын ата­саңыз?

Министр біраз қысылып қалды: «Әрбір ел әдебиетсіз болмайды. Өйткені әлеуметтік даму, мәдениет жағынан өсу үшін қолымызда ондай болуы керек. Абай атамыздан бастап, Мұхтар Әуезов және басқаларының үйде ең болмағанда бір кітабы болса да, бар» деп қысқа қайырды.

Дегенмен бұл «сынақ-сұрақ» бол­са керек. Егжей-тегжейін айтпаға­нымен, Н.Оразалин министрден бюджетке қатысты бұған дейін берген ұсыныста­рының жайын сұрады: «Екі ұсыныс жасап едік, екеуіне де: «нормативтік-құқықтық мәселелері жөнделгенше, кейінге ысырылсын» депсіздер. Сонысына тағы қанша уақыт кетеді? 7 жыл күтпей, 7 айда бітіруге болмас па? Экономика ми­нистрі созбай, біріншісіне 60 миллион теңге бөлу мәселесін үш ай ішінде шешуге уәде етті. «Ал гонорар жағынан біз сізбен сөйлескен болатынбыз, ұсынысыңыз бар. Алдымыз­да жатыр. Бірақ бәрін орнына келтірген соң, 10 пайыздан ары көтеру үшін жұмыс өт­кіземіз деген ой бар» деді Ерболат Досаев.

Сенатор Сәрсенбай Еңсегенов болса, тікелей Үкімет басшысына жүгінді. Ол маусым айының аяғында Премьердің қабылдауында болыпты, сонда Атырау облысының үлкен мәселесі – Тайсойған полигонына қатысты мәселе көтерген екен. Депутатты мұқият тыңдаған Серік Нығметұлы «бұл мәселеге қатысты өзіне ресми хат жазуын» сұрапты. «Бұл мәселе шешімін таппай отыр» деп тұнжырайды сенатор.

Сәрсенбай Құрманұлының айтуын­ша, Тайсойған полигонының құрамын­да Атырау облысының үш ауданының елді мекендері кіреді: «Соның ішінде Тай­сойған селолық округінің орталығы – Тайсойған ауылы полигон аумағында тұр. Оның 2 мыңға жуық тұрғыны 22 жыл бойы үйлері тұрған жердің құжаттарын ала алмауда. 50-ге тарта шаруа қожа­­лық өз жұмысын жүргізе алмай келеді. «Қаз­МұнайГазға» қарасты 2 кен орнында біріккен кәсіпорын өз жұмыстарын істей алмауда. Сайып келгенде, бұл мыңдаған адамның жұмыс орны, қосымша түсетін табыс салығы» деді ол. Мәселенің мәнісі мынада: ол жер Ресейдің арендасында болғандықтан, адамдарға жер телімдері мен алқаптарды пайдалануға құжаттарды рәсімдеу қиын. С.Еңсегенов егер сол жерде әскери қарулар сыналмағанда, онда мәселен, 30 мың бас қой, 10 мың бас ірі қара, 10 мың бас жылқы өсіруге, 2 мың тонна ет, 1 мың тонна сүт алуға бола­тындығын алға тартты.

Ең бастысы, әрине, денсаулық мә­селесі: жергілікті тұрғындар ондаған жылдар бойы құлаған ресейлік әскери зымыран бөлшектерін шаруашылық­та пайдаланды. Оның үстіне, құпия қарулар сыналатын жерде қандай жағдай болсын?! Басқасын айтпағанның өзінде, ерте қартайған Нұрлан Өркешбаевтың сол жердің тұрғыны екендігін айтса жеткілікті.

Мұнайшылар да бұл жерлердің қай­тарылуын күтуде, полигон жанында үш кен орны әзірленуде екен, олар жылына миллион тоннаға жуық мұнай бере алар еді. Ресей жағы полигон жерінің бір бө­лігін 2013 жылдың 1 мамырына дейін қай­таруға міндеттеме алған, бірақ орындамапты.

– Бұл маңызды мәселе, – деді Үкімет басшысы Серік Ахметов. – Сонымен бірге ол – күрделі мәселе. Оны бәріміз тү­сініп отырмыз. Ол жұртымыздың, мем­лекетіміздің қауіпсіздігіне байланысты. Біз Ресей Үкіметіне үкіметаралық ко­миссия арқылы ұсыныс бердік.

Премьердің дерегінше, Ресейдің әскерилеріне арналған Қазақстандағы полигондардың жалпы аумағы 9 миллион 600 шаршы шақырымды құрайды екен, енді Қазақстан соны 2 миллионға дейін қысқартуды ұсынуда.

«Бұл ұсынысымыз Ресей Федерация­сы үкіметінде қаралып жатыр, – деді Серік Нығметұлы. – Жақында Екате­ринбургте өткен екі елдің өңірлерінің дамуына қатысты форумда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев РФ президенті Владимир Путин алдына осы мәселені қойды. Алда желтоқсанда, не келесі жылдың қаңтар айында Ресей Қорғаныс ми­нистрі Шойгу Қазақстанға арнайы келеді, сол кісімен біз үкіметаралық комиссияда бәрін қарап, тиісті шешім қабылдап, оны ұсыныс түрінде біздің Елбасымыз бен Путинге ұсынамыз» деген Үкімет бас­шысы Қазақстанның сол полигондар аумағын қысқартуда табандайтынды­ғын білдірді.

С.Еңсегенов «Имашев» кен орнына қатысты да мәселе көтерді: «Бұл кен орны Атырау облысының Құрманғазы ауда­нындағы тығыз орын тепкен елді мекен­дерге жақын орналасқан. Ал кен орнында көмірсутегі жоғары, 15-16 пайызды құрайды деген ақпар бар. Бұл кен орнын игеру қай уақытта басталады? Алынған шикізат қай елде өңделеді? Ең басты мәселе, күкірт ашық аспанда қоймалана ма?»

– Ресей мен Қазақстан арасында Каспий теңізінің аумағын екі басқа экономикалық аймаққа бөлген кезде, «Имашев» кен орнын екі елдің бірге иге­ретіндігіне қатысты келісімшарт бе­кітілген болатын, – деді Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин. – Ал жақында қол қойылған келісім бойынша бұл кен орнында Ресей мен Қазақстан бірігіп, әзір тек барлау жұмыстарын өткізетін болып жатыр. Кейін барлау жұмыстарының нәтижелері бойынша бұл кен орнын игеру жөнінде үлкен талқылау арқылы бөлек шешім қа­был­данып, содан соң ғана игеру жұ­мыстары жүргізіледі.

Ал оның шикізаты Ресейде өңделуі мүмкін: «Кен орны Астрахань кен орын­дарына жақын тұрғандықтан, болашақта мұның мұнайы мен газы сол Астрахань­дағы қазір жұмыс жасап тұрған зауытқа өңдеуге жіберілуі мүмкін. Себебі күкірті жоғары болғандықтан, жаңа зауыт салуға үлкен қаржы керек болады» деді Мұнай және газ министрі. Дегенмен, «Имашевті» игеруші «Қаз­РосГаз» бірлескен кәсіпорны Қазақ­станда құрылғандықтан, оның әлеуметтік және басқа салықтары Қазақстанға түсетін болады. Сенат 2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын Мәжі­ліске қайтарды. Сенаторлар оған 200-дей өзгеріс енгізіпті.Ал Елбасының 11 қазандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан ескерт­пелері мен міндеттері ескерілген «2013-2015 жылдарға арналған республика­лық бюджет туралы» заңына өзгерістер енгі­зу туралы» заң жобасы мақұлданды.


Тегтер:

армия

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!