Қазақстан халықаралық шарттарды мемлекеттік тілде жасайтын болады

Фотография - Қазақстан халықаралық шарттарды мемлекеттік тілде жасайтын болады

Құжатқа бірқатар Мәжіліс депутаттары бастамашылық жасаған болатын.

369 0

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының халықаралық шарттар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды. Құжатқа бірқатар Мәжіліс депутаттары бастамашылық жасаған болатын.

Жалпы, заң жобасының мақсаты халықаралық шарттар саласындағы заңнаманы жетілдіру болып табылады.

«Қазақстан бүгін әлемнің көптеген елдерімен экономикалық және мәдени байланыстарды белсенді дамытып, жаһандық, өңірлік деңгейдегі түрлі халықаралық ұйымдардың қызметіне белсенді араласуда. Бұл қызметтердің барлығы халықаралық шарттардың негізінде жүзеге асып жатқаны мәлім. Осыған орай, бүгінгі таңда келісімдерді дайындау үдерісінде белгілі бір қиындықтардың бар екені де жасырын емес. Сол себепті біз халықаралық шарттар мен келісімдерді жасау мен жоспарлауды бір жүйеге келтіруге, еліміздің сыртқы саяси қызметінде мемлекеттік тілдің рөлін нығайтуға, жалпы халықаралық саладағы келісімдердің сапасын арттыруға қатысты арнайы ұсыныстар енгізіп отырмыз», - деді Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Оның айтуынша, заң жобасымен «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» және «Қазақстан Республикасының тіл туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек. Соның ішінде Қазақстанның ұлттық мүддесіне сай келмейтін, ұлттық қауіпсіздігімізге залалын тигізуі мүмкін немесе еліміздің Тәуелсіздігіне кері әсерін беретін халықаралық шарттарды жасасуға жол бермейтін жаңа норма енгізіледі. «Осылайша, біз халықаралық шарттар туралы заңда қандай да бір жағдаймен ұлттық мүдделерге қайшы келетін, сонымен бірге біздің Тәуелсіздігімізге нұқсан келетін келісімдерді дайындауға болмайтыны туралы нақты көрсетіп отырмыз. Бұл норма келісімдерді даярлау мен оларды жүргізуге қатысушы мемлекеттік қызметшілер үшін негіз қалыптастыратын болуы шарт. Бұдан бөлек, қазақ тілі Қазақстанның мемлекеттігін айқындайтын басты фактор екенін еске ала отырып, Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен екіжақты халықаралық шарттарын Қазақстанның мемлекеттік тілінде және тараптардың келісуі бойынша өзге де тілдерде жасасуын ұсынамыз. Осылайша, біз мемлекеттераралық екіжақты келісімдерді мемлекеттік тілде және тараптардың келісуі бойынша басқа да тілдерде жасаудың қажеттігін нақты көрсетеміз», - деді М. Әшімбаев. Оның айтуына қарағанда, бүгінгі қолданыстағы заңнамада осындай талап болғанымен онда «ереже бойынша» деген тіркестер қосылған. Ал сол «ереже бойынша» жасалатын келісім-шарттар қазақ тілін айналып өтуге «септігін» тигізіп те отырған.

«Біз бұған дейін Үндістанмен арада құқықтық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялаған болатынбыз. Мемлекетаралық екіжақты келісім болғанына қарамастан, ол орыс, ағылшын және хинди тілінде жасалып, қазақ тілі шетте қалған еді. Бұл бір ғана мысал, ал ондайларды санасақ жетіп артылады», - деді депутат.

Сонымен қатар, Мәулен Әшімбаев кейбір жағдайларда келісімдердің қазақша мәтіні сын көтермейтінін де алға тартты. «Біз осындай келеңсіз жағдайларға көбірек ұрынып жүрміз. Соның салдарынан қазақ тіліндегі мәтінде қайта-қайта түзеп, елдерге ноталар жіберуге мәжбүр болып та жатырмыз. Бұл шындығында біздің еліміздің шетелдегі имиджіне нұқсан келтірмей қоймайды. Мысалы, Люксембургпен жасасқан шағын ғана келісімде біз қазақ тіліндегі мәтінінің грамматикалық, орфографикалық сипаттағы қателіктері үшін төрт мәрте нота жіберуге мәжбүр болдық», - деді М. Әшімбаев.


Тегтер:

тіл

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!