781

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Қой жылы басталғалы еліміздің орталық және жергілікті атқарушы органдарында тағайындаулар аз болғанмен, спорт саласында және сот жүйесінде айтарлықтай кадрлық ауыс-түйіс орын алды.
Фотография - Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Қой жылы басталғалы еліміздің орталық және жергілікті атқарушы органдарында тағайындаулар аз болғанмен, спорт саласында және сот жүйесінде айтарлықтай кадрлық ауыс-түйіс орын алды.

Сонымен, бұдан бұрын хабарлағанымыздай, өткен аптада ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде ведомство басшысының жаңа орынбасары тағайындалды.

Бұл қызметте Серікбол Мусиновті Алексей Цой алмастырды.

Алексей Владимирович Цой бұның алдында 3 жыл бойы «Астана қалалық №1 ауруханасының» бас дәрігері қызметін атқарған болатын.

Ал Серікбол Мусинов Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі қызметінен босатылды.

Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагиннің өкімімен және қалалық мәслихат депутаттары келісімінің негізінде Ермек Боранбайұлы Маржықпаев Көкшетау қаласының әкімі болып тағайындалды.

Ермек Боранбайұлы 1969 жылы туған, үш жоғары білімі бар, 1994 жылы С.Сейфуллин атындағы Ақмола мемлекеттік педагогикалық институтын тарих пәні мұғалімі мамандығы бойынша, 2001 жылы «Тұран» университетін заңгер мамандығы бойынша, 2009 жылы Көкшетау университетін қаржы баклавры мамандығы бойынша аяқтаған.

Еңбек жолын 1991 жылы Астана қаласының №29 орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, бокс бапкері болып бастады. 1993 жылғы қаңтардан бастап 1994 жылғы қараша аралығында Щучье ауданы Бурабай кентінің №7 орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс жасады. 1994 жылғы қараша мен 1995 жылғы маусым аралығында Щучье қаласы «Шонай» шағын кәсіпорынының директоры қызметінде болды. 1995 жылғы маусымнан бастап «Береке-Бурабай» ЖШС бас директоры қызметін атқарды.

2008 жылғы тамыздан бастап Аршалы ауданының әкімі лауазымын, 2012 жылғы сәуірден бастап 2013 жылғы қыркүйек аралығында Зеренді ауданының әкімі лауазымын атқарды. Кейін 2014 жылғы маусымға дейін Ақмола облысы әкімінің орынбасары қызметінде болды.

Соңғы қызмет орны 2014 жылдың маусым айынан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру бөлімінің Мемлекеттік инспекторы лауазымын атқарды.

Ақмола облыстық мәслихатының депутаты болып сайланған. «Құрмет» орденімен, мерейтойлық медальдармен наградталған.

Қала активіне жаңа әкімді таныстыра келіп, өңір басшысы Сергей Кулагин облыс орталығындағы алдыңғы кезекте шешуді қажет ететін міндеттерге қысқаша тоқталып өтті.

Еске сала кетсек, қаланың бұрынғы әкімі Жомарт Нұрғалиев бар болғаны 5 айға жуық қызмет істеп, өткен жылдың 30 қазанында жүрек талмасынан қайтыс болған еді. Содан бері Көкшетау қаласы әкімінің міндетін қала әкімінің орынбасары Амангелді Смайылов атқарып келді.

Ал Қызылорда қаласында әкімнің жаңа орынбасары тағайындалды. Қызылорда қаласы әкімінің өкімімен Қосым Дүйсенәліұлы Аңсатбаев қала әкімінің орынбасары болды.

Қосым Дүйсенәліұлы 1981 жылдың 2 қаңтарында Түркіменстан Республикасында дүниеге келген. 1998-2002 жылдары Астана қаласындағы Қазақ мемлекеттік заң университетін «Заңгер» және 2008-2010 жылдары Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетін «Құрылысшы» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2002 жылы Қызылорда Қазақ гуманитарлық-заң университетінде оқытушы қызметінен бастаған. 2004-2005 жылдары Қызылорда облысының сауда және мемлекеттік сатып алу басқармасының жетекші маманы, бас маманы;               

2005-2006 жылдары  Қызылорда облысының сәулет, қала құрылысы және құрылыс департаментінің бас маманы, бөлім басшысы;

2006-2011 жылдары Қызылорда облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары;

 2011 жылдан осы уақытқа дейін Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменті директорының орынбасары, департамент басшысы қызметтерін абыроймен атқарған.

«Нұр отан» партиясы республикалық қоғамдық қабылдауының жетекшісі болып Абылайхан Оспанов тағайындалды. Абылайхан Оспанов Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетін «Ақпараттандыру» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2006-2010 жылдары оңтайландыру және басқару жобасы бойынша бөлімдердегі коммерциялық ұйымдарда жұмыс істеді. 2010-2014 жылдары ҚР Ішкі істер министрлігінде аға инженер, ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің ақпараттық технологиялар саласы Мемлекеттік саясат департаменті директорының орынбасары, ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Мемлекеттік қызметті автоматтандыру және халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін үйлестіру бойынша бақылау комитеті төрағасының орынбасары, Электрондық қызмет және байланыс пен ақпарат бойынша, Қазақстан Республикасы Агенттігінің ХҚО дамыту департаментінің директоры қызметтерін атқарды. Бұл қызметке тағайындалғанға дейін ҚР инвестиция және даму министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат бойынша Комитетінің мемлекеттік қызмет көрсетуді оңтайландыру басқармасының жетекшісі қызметінде болды.

Судьялар:

Қой жылы басталысымен ел өңірлерінде сот төрағалары ауыстырыла бастады.Бірқатар аймақтарда  Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес жаңадан тағайындалған облыстық және оған теңестірілген соттардың төрағалары мен судьялары таныстырылды.

 

Мәселен, Алматы қалалық сот жүйесінде бірқатар тағайындаулар орын алды.

Қалалық сот төрағасы Ақжан Ештай жаңадан тағайындалған аудандық және оған теңестірілген сот төрағаларын таныстырды.

Алматы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы лауазымына бұрын Астана қалалық сотының судьясы болып қызмет атқарған Дәулен Жұмаұлы Балықов тағайындалды. Бұрын мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы қызметін атқарған Жанат Сәкібайұлы Бекжанов Бостандық ауданының №2 аудандық сотының төрағасы болып тағайындалды. Бостандық ауданының №2 аудандық сотының төрағасы қызметін атқарып келген Арман Жұмабайұлы Шәмшиев Қостанай облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы қызметіне ауысты. Оларды тағайындау жөніндегі Жарлыққа Қазақстан Республикасының Президенті 2014 жылдың 24 желтоқсанында қол қойды.

5 қаңтар күні Жамбыл, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстық соттарында және Алматы қалалық сотында Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 24 желтоқсандағы Жарлығына сәйкес жаңадан тағайындалған облыстық және оған теңестірілген соттардың төрағалары мен судьялары таныстырылды, деп хабарлады Жоғарғы соттың баспасөз қызметінен.

Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы лауазымына - Даулен Балықов, Бостандық ауданының №2 аудандық сотының төрағасы болып, Жанат Бекжанов тағайындалды.

Батыс Қазақстан облыстық сотының судьясы лауазымына Орал қалалық №2 сотының судьясы қызметін атқарған Дәулетқалиева Ғалия Манарбекқызы тағайындалды.

Қостанай облысының сот қауымдастығына облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының жаңа төрағасы Шәмшиев Арман таныстырылды.

Жамбыл облыстық сотының төрағасы М.Бектұрғанов сот ұжымына мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы қызметіне тағайындалған Сембек Баймахановты, Қордай аудандық сотының төрағасы Сакен Тұрғынбаевты, Тараз қалалық №2 сотының судьясы Ернар Жаманқұловты ресми түрде таныстырды.

Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы А.Рахметулин ұжымға Шемонаиха ауданының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы қызметіне тағайындалған Сәрсенбаев Санатты, Бесқарағай аудандық сотының төрағасы Әбдірахманов Әріпханды, Шығыс Қазақстан облыстық сотының судьясы Қайырбаева Лаураны таныстырды.

Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы болып Мейрамбек Ибрашевті тағайындалған.

Қарағанды облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы лауазымына Дәурен Түсіпханұлы Сайханов тағайындалды.

Ақмола облыстық сотының төрағасы Н.Әбдіқанов облыстың судьялар қауымдастығына қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының жаңа төрағасын және облыстың жергілікті соттарының жаңадан тағайындалған төрағаларын таныстырды.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 24 желтоқсандағы №983 Жарлығына сәйкес, Ақмола облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы қызметіне - Бердіғұлова Жанна, Сандықтау аудандық сотының төрағасы қызметіне - Аймұхамедов Азамат, Бурабай ауданының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы қызметіне - Теміров Жанат, мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы қызметіне - Ізтаев Ерғали және Шортанды аудандық сотының төрағасы қызметіне - Бейсекеев Қанат тағайындалды.

Сондай-ақ Ақтөбе облыстық сотында облыстық сот судьяларының жалпы отырысында аталған Жарлыққа сәйкес тағайындалған сот төрағалары мен судьялар ұжымға таныстырылды. Жалпы отырыста Алға аудандық сотының төрағасы лауазымына - Исдәуір Мұратқанов, Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы лауазымына - Ерғали Ерназаров, облыстық соттың судьясы лауазымына - Гүлнар Ибраимова, Ақтөбе қаласының №2 сотының судьясы лауазымына - Әлия Бекталиева таныстырылды.

Жамбыл облысында жаңадан бірқатар сот басшылары тағайындалды, деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметінен.

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 24 желтоқсандағы Жарлығымен Жамбыл облысы бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы қызметіне бұрын Қызылорда облыстық сотының судьясы болған Сембек Баймаханов пен Қордай аудандық сотының төрағасы қызметіне бұрын Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам аудандық сотының төрағасы болған Сәкен Тұрғынбаев тағайындалды. Ал Қордай аудандық сотының төрағасы Ернар Жаманқұлов Тараз қалалық №2 сотының судьясы лауазымына тағайындалды.

Батыс Қазақстан облыстық сотының судьясы болып ҚР Президентінің сәйкес Жарлығымен Ғалия Манарбекқызы Дәулетқалиева тағайындалды.

Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы А.Рахметулин Шемонаиха ауданының мамандандырылған әкімшілік сотының және Бесқарағай аудандық сотының жаңа төрағаларын таныстырды.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылдың 24 желтоқсанындағы № 983 Жарлығына сәйкес, Шемонаиха ауданының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы қызметіне - Сәрсенбаев Санат Сләмжанұлы, Бесқарағай аудандық сотының төрағасы қызметіне - Әбдірахманов Әріпхан Арынұлы, Шығыс Қазақстан облыстық сотының судьясы лауазымына - Қайырбаева Лаура Еркінқызы тағайындалды.

Спорт:

Бірер күн бұрын AIBA вице-президенті, Азия бокс федерациясының президенті Серік Қонақбаев алдағы төрт жылға спортшылар мен жастардың ісі бойынша AIBA комиссиясының төрағасы болып тағайындалды.

AIBA президенті Чинг Куо Вуо Қонақбаевты осы лауазымға тағайындалуымен құттықтап, оның бұл жауапты қызметке лайықты екендігін атап өтті.

«Сіздің боксшы ретіндегі үлкен жетістіктеріңіз, сондай-ақ бокс саласындағы терең біліміңіз бұл міндетті табысты орындауға көмектесетіні сөзсіз», - деп қосып өтті Чинг Куо Вуо.

Үлкен ауыс-түйістердің бірі Қарағандының «Шахтер» клубында орын алды. Атап айтқанда,  «Шахтер» ФК-ның жаңа директоры тағайындалды. Бұл қызметті Жарылғапов Нұрғазы Ғалымұлы атқаратын болды.

Жарылғапов Нұрғазы Ғалымұлы 1963 жылы туған. Бокстан ҚР еңбек сiңiрген бапкері, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің құрметті профессоры, мамандығы бойынша заңгер, экономист, педагог. Нұрғазы Жарылғапов ШҚО, Қостанай, Қарағанды облыстары бойынша кеден басқармаларын басқарған, ҚР Кеден комитеті төрағасының орынбасары болған. Қарағанды облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасына жетекшілік еткен.

Қазіргі уақытта аталмыш клуб ойыншыларының негізгі құрамы мен жаттықтырушылар тобы Түркиядағы оқу-жаттығу жиындарына аттанды. Халилин Ерден Балтабайұлы өзге қызметке ауысуына байланысты бұл орыннан босатылды.

«Ақтөбе» ФК бас директорының міндетін атқарушы болып Ғалымбек Құрмансейіт тағайындалды.

32 жастағы Ғалымбек Қожағалиұлы Құрмансейіт бес жылдан астам «Ақтөбе» ФК құрылымында жұмыс істеуде. Бұрын ол бас директордың орынбасары қызметін атқарған.  Еске сала кетейік, осыған дейін бұл қызметте Бихамбетова Шәрипа Шайқамалқызы болған.

Ақтөбе қаласының әкімі Ерхан Омаровтың бұйрығымен дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы болып кір тасын көтеру спорты бойынша 12 дүркін әлем чемпионы және 20 дүркін Қазақстан чемпионы, спорт шебері Евгений Гончаров тағайындалды.

Евгений Гончаров Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін тәмамдаған. Облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде велоспорт бойынша жаттықтырушы-оқытушы, «Көктас-Ақтөбе» АҚ фитнес-орталығының басқарушысы, «Алатау корпорациясы» ЖШС бас директорының орынбасары, «Астарта-Запад» ЖШС директоры болып қызмет еткен.

33 жастағы Евгений Гончаров еліміздің, Азия, Еуропа және әлемнің үздік кір тасын көтерушілерінің бірі.

Бұл қызметте болған Іскендербек Маханов 2014 жылдың желтоқсанында облыс әкімінің бұйрығымен Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Әйелдер күресінен ҚР ұлттық құрамасының жаттықтырушылық құрамында өзгеріс болды. Аталған ҚР құрамасының бұрынғы бас жаттықтырушысы Гөзел Манюрованың орнына бұл қызметке жастар құрамасының тәлімгері Қайрат Сағадиев келді.

Гөзел Манюрова елдің бас командасын Лондон қаласындағы Олимпиададан кейін басқарды. Естеріңізге сала кетейік, Г.Манюрова Англия астанасынан қола жүлдемен оралған.

«Қазіргі уақытқа дейін атақты спортшы жаттықтырушылық қызметін ресми жарыстармен қатар жүргізді. Бас жаттықтырушы болып екі жарым жылдай уақыт жұмыс істеді. Гөзел Манюрова әйелдердің ұлттық құрамасында жетекші атлет және енді Рио-де-Жанейро қаласында өтетін төртжылдықтың басты жарыстарына толық деңгейде дайындалуға барынша ниет қоя алады», - дейді ҚР грек-рим, еркін күрес және әйелдер күресі федерациясы.

«Бұл - алқа шешімі. Спортшы әрі команданың бас жаттықтырушысы қызметтерін бірге алып жүру, әрине, оңай емес. Өз алдыма мынадай мақсат қойдым - 2016 жылы өтетін Олимпиадада табысты шығу. Енді мақсатты дайындалып, жанкүйерлеріміздің сенімін ақтауға тырысамын. Өз тарапымнан сол үшін қолдан келетіннің бәрін жасаймын. Қайрат Сағадиевке алға қойған міндеттеріне қол жеткізуді және жақсылықтың барлығын тілеймін», - деп атап өтті Гөзел Манюрова.

Ұлттық құраманың жаңа бапкері Қайрат Сағадиевтің нәзік жандылармен жұмыс жасауда біршама тәжірибесі бар.

«Ол ҚР жасөспірімдер мен жастар командаларының аға жаттықтырушысы болып, қарамағында болған спортшылармен бірге жақсы нәтижелерге қол жеткізген: өткен жылғы Азия чемпионатында біздің жастарымыз бес медальді (бір алтын, бір күміс, үш қола) қанжығасына байлап, қорытынды бейресми есепте екінші орыннан көрінген. Әлем чемпионатында Сағадиевтің қамқорлығындағы спортшылар бір күміс пен бір қола медальді жеңіп алды»,делінген хабарламада.

ҚР жастар құрамасының аға жаттықтырушысы болып Әділет Ермаковтың тағайындалғанын атап өтейік. Осыған дейін ол жасөспірімдер құрамасында бойжеткендермен жұмыс істеген. Жасөспірімдер командасын енді Мұрат Жұмабаев басқарды. Бұған дейін ол ұзақ уақыт бойы ОҚО әйелдер құрамасының аға жаттықтырушысы қызметін атқарып келді.

ҚазАқпарат

 

Загрузка...