714

АЭС қалдықтары Семейдегі полигонда көмілуі мүмкін - Б. Жақсалиев

Қазақстанда салынатын Атом электр стансасынан шыққан қалдықтар Семейдегі полигонға көмілетін болуы мүмкін
Фотография - АЭС қалдықтары Семейдегі полигонда көмілуі мүмкін - Б. Жақсалиев

Қазақстанда салынатын Атом электр стансасынан шыққан қалдықтар Семейдегі полигонға көмілетін болуы мүмкін. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Атом энергиясын пайдалану туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев айтты.

«Атом электр стансаларының жұмыс жасау қабілеттілігі кемінде 60 жыл болады. Сондықтан оны салуды жоспарлап жатқанның өзінде қалдықтарын қайда көму керек деген мәселе туындайды. Ал Қазақстанда мұндай қалдықтарды көметін жер Семей сынақ полигоны болуы мүмкін», - деді Б. Жақсалиев журналистердің сұрақтарына жауап беру кезінде.

Оның айтуынша, бүгінде адамзат баласы атомдық қалдықтарды басқалай залалсыздандырудың жолдарын әлі таба қойған жоқ.

«Қалдықтарды залалсыздандыру мәселесі өте күрделі, дегенмен қазір әлем бойынша оның нақты шешімі жоқ. Бүгінгі таңда Қазақстанда қалдықтарды көму мәселесі онша қиындық туғызып отырған жоқ. Бұрынырақта Ақтау қаласында істеп тұрған БН-350 реакторынан шыққан қалдықтар да осы Семейдегі полигонға көмілген. Осы көму орнының тиімділігі мен қауіпсіздігі үнемі бақыланып отырады және көрсеткіштері МАГАТЭ белгілеген стандарттардың барлығына жауап береді», - деп қорытындылады Б. Жақсалиев. 

Загрузка...