Жоғарғы Сот қалта телефонын шұқылаумен отыратын судьяларды сынға алды

Фотография - Жоғарғы Сот қалта телефонын шұқылаумен отыратын судьяларды сынға алды

Бүгін республика соттарының 2015 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарған жұмыс қорытындыларына арналған кеңейтілген кеңесте ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми бірқатар судьялардың сот отырысы барысындағы әрекеттерін сынға алды.

175 0

Бүгін республика соттарының 2015 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарған жұмыс қорытындыларына арналған кеңейтілген кеңесте ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми бірқатар судьялардың сот отырысы барысындағы әрекеттерін сынға алды. 

«Жекелеген судьялар сот процесін өткізуге жеткілікті түрде көңіл бөлмейді. Сот отырыстарын кешіктіріп бастайды, іс материалдарымен жақсы таныс болмайтындары да бар. Ал кейбір судьялар сот отырысы барысында өздерін дөрекі, әдепсіз ұстайды, кейбірі процеске қатысушылардың бейәдеп әрекеттеріне де мән бермейді. Мәселен, аудио-бейне жазбаларды қарау барысында Қызылорда облыстық сотының судьясы сот отырысының барысында мемлекеттік айыптаушы екеуі бастан-аяқ ұялы телефонын шұқылап, қараумен отырды. Сосын бейнежазбаны талдау барысында судьяның бір жас азаматты өзіне бірнеше мәрте шақырып алып, онымен ұзақ уақыт бойы әңгімелескені көрініп тұр», - дейді Қайрат Мәми. 

Жоғарғы Сот төрағасының айтуынша, мұндай фактілер аз емес. Бұл ретте төраға, Жоғарғы Сотқа жақында осындай мәселеге қатысты тағы бір арыз-шағым түскенін алға тартты. «Бұл шағымда да қылмыстық іс бойынша өтіп жатқан сот процесі барысында прокурор бүкіл сот отырысы барысында өзінің ұялы телефонынан бас алмаған. Ал сотқа жетекшілік еткен Алматы қалалық сотының судьясы бұған ешқандай ескерту жасамаған. Осы шағым бойынша бейнежазбаны қарау барысында ондай фактілер расталды. Судьялардың бұндай әрекеттері бүкіл сот жүйесінің имиджіне кері әсерін тигізеді. Осыған байланысты, облыстық сот басшыларына мезгіл сайын барлық сот отырыстарының аудио-бейне хаттамаларын қарап отыруды тапсырамын», - деді Қ. Мәми.

Бұл ретте төраға сот отырыстары бойынша жоғарыда көрсетілгендей бұзушылықтардың қайталап орын алуы жағдайында ондай материалдарды судья этикасы жөніндегі комиссияға жіберудің қажеттілігін атап өтті.

 

 

ҚазАқпарат



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!