Ғалым Әшімов Теміртау қаласының әкімі болып тағайындалды

Фотография - Ғалым Әшімов Теміртау қаласының әкімі болып тағайындалды

Бүгін облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков Теміртау активінің жиналысын өткізіп, соның барысында кадрлық өзгерістер туралы хабарлады

322 0

Бүгін облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков Теміртау активінің жиналысын өткізіп, соның барысында кадрлық өзгерістер туралы хабарлады.

Облыс әкімінің кеңесшісі қызметіне ауысу тәртібіне байланысты Нұркен Сұлтанов Теміртау қаласының әкімі қызметінен босатылды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметінен.

Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша және қалалық мәслихат депутаттарының келісімімен Ғалым Әбіханұлы Әшімов облыс әкімінің бұйрығымен Теміртау қаласының әкімі болып тағайындалды.

Әшімов Ғалым Әбіханұлы 1968 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар, 1999 жылы О.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін тәмамдаған, мамандығы бойынша экономист. "Жәйрем ТБК" АҚ-да түрлі қызметтер атқарған. 2001-2005 жылдар аралығында құрылтайшысы "АрселорМиттал Теміртау" АҚ болған "ӨркенЖШС-де басшылық қызметтерді атқарып келді. 2010 жылдың тамыз айынан бастап мемлекеттік қызметте. Қаражал қаласының әкімі, облыс әкімі аппаратының басшысы болып жұмыс істеген, содан кейін өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасын басқарды. 2013 жылдың желтоқсан айынан бастап тағайындалуға дейін облыс әкімінің орынбасары болған.

Нұрмұхамбет Әбдібеков бірінші жартыжылдықтың қорытындылары бойынша Теміртаудың әлеуметтік-экономикалық дамуында жекелеген көрсеткіштердің оң динамикасы байқалғанын атап өтті. Сонымен бірге бірқатар проблемалық мәселелер де бар.

Атап айтқанда, экономиканың нақты секторында 703 кәсіпорын бар. Олардың жалпы санынан 27,8 пайызы қызметін уақытша тоқтатқан. Бұдан басқа, кейбір әлеуметтік көрсеткіштерге қол жеткізілген жоқ.

Аймақ басшысы Теміртаудың жаңа әкімінің алдына бірқатар тапсырмалар қойды. Оның ішінде жаңа индустриялық жобаларды іздеу және ҮИИД МБ-ның қазіргі жобаларын іске асыру, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін орындау, тұралап қалған кәсіпорындарды оңалту, ішкі аймақтық өнімдегі ШОБ үлесін арттыру, қаланы абаттандыру, балалардың мектепалды мекемелерінің желісін дамыту тапсырмалары бар.


Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!