Қазақстанда жекеменшік түрме болмайды

Фотография - Қазақстанда жекеменшік түрме болмайды

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Жанат Кешубаев мәлім етті.

218 0

Қазақстанда жекеменшік түрме болмайды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Жанат Кешубаев мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік-жеке серіктестік негізінде түзеу мекемелерінің құрылысын жүргізу жайында сөз қозғалған. Қазіргі уақытта Астанада (тергеу орны), Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында жергілікті әкімдіктер тарабынан түзеу мекемелерін салуға жер телімдері бөлінген.

Сонымен қатар, ол Ішкі істер министрлігі еліміздің Ұлттық экономика министрлігіне аталған облыстарда түзеу мекемелерінің құрылысына қатысты инвестициялық ұсыныстар жібергенін атап өтті.

«Қалай болған жағдайда да, дербес түрмелер салу туралы сөз қозғалған емес. Мен бұл мәселеге әдейі назар аудартып отырмын. Өйткені, жекелеген бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстанда жекеменшік түрмелер салынбақ деген ақпараттар жарық көрді. Бүгінгі таңда жекеменшік түрмелер ұстау туралы сөз қозғалып отырған жоқ», - деді Ж.Кешубаев.

Оның айтуынша, Қазақстанның қылмыстық атқару жүйесі үшін мемлекеттік-жеке серіктестік түрі барынша оңтайлы болып отыр. «Алдын ала іріктеп алынған модель мынадай: Бұл салу және пайдалануға беру. Біріншіден, жеке инвестор келісімшартқа сәйкес өз қаржысы есебінен түзеу мекемесін салады. Екіншіден, құрылыс жұмыстары аяқталған соң концессионер нысаны толықтай дайын күйінде мемлекетке тапсырылады. Үшіншіден, мемлекет жазаларды орындау, мекеме ішіндегі сотталушыларды қадағалау, сонымен бірге түзеу мекемесінің төңірегін күзету қызметін толық көлемде жүзеге асырады», - деді ол.

Оның түсіндіруінше, концессионерге (инвесторға) келісімшартқа сәйкес инвестициялық шығындары кезең-кезеңімен қайтарылатын болады. Сонымен қатар ол аталған нысанда келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейін өндірістік-шаруашылық қызметтерді жүзеге асыруын жалғастырады.

«Бұл ретте концессионерге тәуекелдерсіз кепілдендірілген жоба барынша тиімді. Ол түзеу мекемесі базасында бәсекеге қабілетті өнім шығарады, жаңа өндіріс орындарын ашады, өндірістік алаңдарды бергені үшін жалдау ақысын алады, өндірілетін өнім мемлекеттік тапсырысқа ие болады. Яғни, жасалған келісімшарт негізінде киім-кешек, төсек жабындылары сынды бұйымдарды жеткізіп тұрады», - деді комитет төрағасының орынбасары. 

 

ҚазАқпарат



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!