ЭКСПО аумағында күннен қуат алатын банкоматтар орнату жоспарлануда

Фотография - ЭКСПО аумағында күннен қуат алатын банкоматтар орнату жоспарлануда

"ЭКСПО" көрмесі Қазақстанның ұлттық имиджін ілгерлететін жоба болады.

145 0

Бүгін тиісті меморандумға қол қоя отырып, "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесінің жаһандық серіктесіне айналған "Қазкоммерцбанк" жобаның демеушісі ретінде ғана емес, көрмеге технологиялық жаңалық әкелетін тарап болмақ. Бұл туралы бүгін ұлттық компаниямен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоя отырып, "Қазкоммерцбанк"-тің басқарма төрағасы Мағжан Әуезов мәлім етті. 

"Біз еліміздегі, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі маңызды жобалардың біріне серіктес болып отырмыз. Менің ойымша, "ЭКСПО" көрмесі Қазақстанның ұлттық имиджін ілгерлететін жоба болады. Бұл ретте, банк үшін жобаға қатысу үлкен мәртебе екенін баса айтқым келеді. "Қазкоммерцбанк" бұл жобаға демеуші ретінде ғана емес қатысып қоймай, технологиялық жаңалық әкелеміз деген жоспар бар", - дейді М.Әуезов. 
Қаржы ұйымының басшысы атап өткендей, қазір "Қазкоммерцбанк" халықаралық көрмелердің жаһандық серіктестері болған банктердің тәжірибесін жете зерттеп жатыр. 
"Бүгінде біз осы көрмеге қызмет көрсеткен банктердің тәжірибесін зерттеп жатырмыз. Әсіресе, Қазақстанның павильоны жоғары бағаға ие болған Милан тәжірибесі қатты қызықтырып отыр. Ал жалпы банк үшін "ЭКСПО-2017" көрмесінің тақырыбы, яғни, жасыл экономика, жаңартылған энергия, ресурстарды үнемдеу салалары бейтаныс емес. Мысалы, бүгінде касса арқылы емес, электронды каналдар арқылы қызмет алатын клиенттер саны үш есеге артқан. Бұл дегеніміз қағазды, қуатты үнемдеу деген сөз. Ал осы ынтымақтастық аясында көрме аумағына баламалы энергия көздері арқылы қуат алатын банкоматтар орнатуды жоспарлап отырмыз. Яғни, көрменің жұмысын тиімді ете түсетін банк қызметтерін, осы салада жаңалықтар ашуға тырысамыз", - деді М.Әуезов. 
Естеріңізге сала кетейік, бүгін «ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы мен "Қазкоммерцбанк" АҚ ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Осылайша, банк "ЭКСПО-2017 серіктесі - ресми банкі" деген айрықша мәртебені иелене отырып, халықаралық көрменің жаһандық серіктесіне айналды.



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!