24 жыл ішінде 1 млн. астам қандасымыз атажұртқа оралған

Фотография - 24 жыл ішінде 1 млн. астам қандасымыз атажұртқа оралған

Биылғы жылы 1200-дей отбасы тарихи отанына оралған.

439 0

"Ел егемендігін алған 24 жыл ішінде шетелден бір миллионнан астам қазақ атажұртына оралды". Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлiгі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің басқарма басшысы Марат Тоқсанбаев мәлімдеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шетелге барған сапарларында қазақ диаспораларымен жиі кездесіп жүр. Елбасы егемендік алған алғашқы күннен бастап өз қандастарымызды Қазақстанға қоныс аударып, ел үшін еңбек етіп, ұрпағын өсіріп, қасиетті туған мекенде қанат жаюға шақырып келеді. 1997 жылы 13 желтоқсан күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев "Халықтың көші-қоны туралы" заңға қол қойды. Бұл тарихи құжат болатын. Ол Алматыдан Ақмолаға көшіп келген соң, Сарыарқа төрінде Елбасының алғаш қол қойған заңы және тұңғыш рет мемлекеттік тілде жазылған заң болатын.

1991 жылы Қазақстан Республикасы егемендігін алған соң шекарадан шеттеп қалған ағайындарымыз ата қонысына қоныс аудара бастады. Бүгін Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлiгі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің басқарма басшысы Марат Тоқсанбаев  24 жыл ішінде 1 миллионнан аса қазақтың тарихи отанына оралғандығын айтты. 

"Еліміз егемендігін алғаннан бүгінгі күнге дейін 260 325 отбасы, яғни 955 894 этникалық қазақ атажұртқа көшіп келді. Демографилық өсумен қазірге дейін олардың саны 1 миллионнан асты десем қателеспеймін. Осы оралған ағайындардың көпшілігі, яғни, 61,6 пайызы Өзбекстаннан келгендер болды. Ал, олардың 14,2 пайызы Қытай Халық Республикасынан, 9,2 пайызы Моңғолиядан, 6,8 пайызы Түркіменстаннан, 4,6 пайызы Ресей Федерациясынан, 3,6 пайызы басқа елдерден келді. Бұл ағайындар еліміздің барлық аумағына қоныстанды. Соның ішінде Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облысы және Маңғыстау облысына шоғырланды. Көшіп келіп жатқан қандастарымыздың ішінде ғалымдарымыз да жетерлік. Білікті дәрігерлер мен білім беру саласының мамандары да бар. Ел экономикасының алға ілгерлеуіне үлес қосып жүрген кәсіпкерлердің өзі қаншама",-дейді комитет өкілі. 

Оның айтуынша биылғы жылы 1200-дей отбасы тарихи отанына оралыпты. "2015 жылдың 1 қазанына дейін республикаға 1165 отбасы, яғни, 3012 этникалық қазақ қоныс аударып, оралман мәртебесін алған. Олардың 78,6 пайызы Өзбекстаннан, 6,7 пайызы Түкіменстаннан, 6 пайызы Қытай Халық Республикасынан, 3,1 пайызы Моңғолиядн, 1,3 пайызы Ресейден және 4,2 пайызы өзге елдерден көшіп келді",-дейді Марат Есенқұлұлы.

Сондай-ақ, басқарма басшысы қазір қаралып жатқан "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бойынша шетелден көшіп келген қандастарымыз үшін көптеген жеңілдіктердің қарастырылғанын, бір жыл ішінде азаматтыққа қол жеткізуге болатынын айтты. 

"Соңғы рет Сенатта қаралған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бойынша этникалық көші-қонға байланысты көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Бұдан бұрын қандастарымыз бірден ықтияр хат немесе азаматтық алудан қиналса, келесі заң қабылданған соң олар келген бойда оралман мәртебесін ала алады. Азаматтықтың өзі жеңілдетілген тәртіппен 3 айдан бір жылға дейінгі аралықта беріледі. Бұдан бұрын қандастарымыз тек қана Солтүстік аймақтардағы 7 облысқа ғана қоныстана алатын болса, жаңа заң бойынша еліміздің кез-келген өңіріне және Астана мен Алматы қалаларына қоныстануға мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ, оралмандардың өңірлік квотасы белгіленетін болады. Оны келесі жылы Үкімет айқындайды",-деді Марат Тоқсанбаев.

Айта кетейік, Елбасының 2014 жылғы 4 мамырдағы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында әзірленген "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы соңғы рет осы айдың басында Сенатта қаралған болатын.

baq.kz



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!