Шетелден көлік әкелудің жаңа ережелері

Фотография - Шетелден көлік әкелудің жаңа ережелері

Қаңтардан бастап өзге елден көлік әкелетіндер Көлік құралы құрылымының қауіпсіздігі туралы куәлігін алуға міндеттелді

294 0

Қаңтардан бастап өзге елден көлік әкелетіндер Көлік құралы құрылымының қауіпсіздігі туралы куәлігін алуға міндеттелді.

Ал бұл ережеге бағынбағандар темір тұлпарларын тіркей алмай, әлек болады. Қазақстандық стандарттау және сертификаттау институты өзге елден көлік алуға бел буған тұрғындарды алдымен ережемен танысуға шақырады.

Жылқы жылымен қоштаспай жатып, былтыр көрші елдің көліктері Қазақстанға көшіп келгендей күй кештік. Рубльдің құлдырауы орыс ағайынның белін қайыстырғанмен, қазақстандықтар арзан темір тұлпарға қол жеткізіп, қарық болды. Сол уақытта көлік кіргізуге қатысты талап сан құбылды. Қой жылының алғашқы күнінде ғана бір соқпаққа түсті.

Ербол Сейпілев, Қазақстан стандарттау және сертификаттау институтының маманы:
"Көлік алғысы келген жеке тұлға немесе заңды тұлға болсын, kazinst.kz сайтына кіріп, тиісті схемаларды көруге болады. Онда схема түрінде, алгоритм түрінде жеке тұлғалар, заңды тұлғалар тиісті көлік құралын кіргізу ережелерімен таныса алады. Техникалық регламентпен танысып, көрші елдерден көлік жеткізгендер бірінші кезекте сынақ зертханасына ат басын бұрады. Онда темір тұлпардың қауіпсіздігі, жүруге жарамдылығы, стандартқа сайлығы сараланады. Сыннан сүрінбей өткендерге ғана Көлік құралы құрылымының қауіпсіздігі туралы куәлік беріледі. Осы құжатты алғаннан кейін жол полиция басқармасына апарып, тіркеуге қоясыз. Қазақстанда қазіргі уақытта арнайы мамандандырылған 35 зертхана жұмыс істеп тұр".

Айдар Дәулетбаев, "Ұлттық аккредиттеу орталығы" Сәйкестікті бағалау басқармасы басшысының орынбасары:
 "Ол зертханаға бірнеше құжат тапсыру керек. Өтініш, көліктің техникалық паспорты, сатып алу туралы келісімшарт, экологиялық стандартқа сәйкестігін растайтын құжат. Осыдан кейін көлікке зерттеу жүргізіледі. Куәлік бір күннің ішінде беріледі. Ал қызмет құны – шамамен 15 мың теңге".

Техникалық регламентпен таныспай, ережені елемегендер кеденге келгенде, санын соғып қалады. Өйткені талапқа сай келмеген көлік не бері, не әрі өтпейді. Сондықтан сақтықта қорлық жоқ!

24.kz


Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!