Жаңа салық түрінің тетіктерін әзірлейтін жұмыс тобы құрылады

Фотография - Жаңа салық түрінің тетіктерін әзірлейтін жұмыс тобы құрылады

Бұл туралы "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Абылай Мырзахметов мәлімдеді

313 0

Желтоқсан айының ортасында құн салығының орнына келетін жаңа салық түрінің тетіктерін анықтайтын жұмыс тобы құрылады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Абылай Мырзахметов мәлім етті.

Абылай Мырзахметов осы  брифинг алдында ғана Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожинмен кездескенін, бүгінгі демалыс күніне қарамай салықшылардың жұмыс істеп жатқанын ерекше атап өтті.

"Осы брифингтің алдында ғана Ерғожин мырзамен кездесіп, салық жүйесіне қатысты тапсырмалар туралы пікір алмастық. Қуантатыны, бүгін мейрамға қарамай олар (Мемлекеттік кірістер комитеті - агенттік) жұмыста. Жалпы, Елбасының тапсырмасының негізгі мақсаты - салық жүйесі өзгеру керек, бірақ бизнеске түсетін жүк артпауы керек.  Кәсіпкерлердің пікірі де сол, салық жүйесіне өзгеріс керек, бірақ, орташа есептегенде, бизнеске түсіп отырған салықтық жүк өзгермеуі керек. Себебі, осындай қиын жағдайда біз ол жүктемені көбейтіп жіберсек, бизнеске қиын болады. Оның үстіне, бәсекелестік күшейген кезде, қандай реформа жасасақ та, кәсіпкерлерге салықтың салмағын арту тиімсіз құрал болатын еді", - дейді А.Мырзахметов. 

Бұл ретте, ол  кәсіпкерлер құн салығының орнына жаңа салық түрін енгізу туралы бастаманыны қолдайтынын мәлім етті. 

"Екінші бір мәселе, Елбасы салықтың үш түрін қалдыру керек деген тапсырма айтты. Қазір салықтың төрт түрі бар, яғни, салықтың бір түрі жойылады. Ол - қазіргі салық кодексіндегі ықшамдалған салық түрі. Құн салығының орнына жаңа салық түрін енгізу туралы тапсырманы кәсіпкерлер қолдайды. Жаңа салық түрінің тетіктері қандай болатынын егжей-тегжейлі реттеу үшін Мемлекеттік кірістер комитетімен бірге  желтоқсан айының ортасында жұмыс тобы құрылады. Ал, наурыз айының басына да дейін сол жұмыс тобының қорытындысы шығады",-деп хабарлады ол.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев  «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында Қазақстанда салықтың үш түрі ғана жұмыс істеу керек екенін айтқан болатын.

 "2017 жылы  қазіргі құн  салығының орнына біз сатудан түсетін салық түрін енгізуіміз керек. Тиімсіз салықтық жеңілдіктердің барлығынан бас тартқан дұрыс. Салық жүйесін оңтайландыру керек. Салықтың тек үш түрін қалдыру керек. Біріншісі, бəрімізге белгілі ортақ салық. Екіншіден, жеке кəсіпкерлерге арналған салық, үшінші салық түрі ретінде шағын жəне орта кəсіпкерлік пен аграрлық секторға арналған арнайы салық режимін енгізуіміз керек", - деген болатын Елбасы Н.Назарбаев.



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!