Андрей Кравченко: "Біз Facebookті жабуды ешқашан қарастырған емеспіз"

Фотография - Андрей Кравченко: "Біз Facebookті жабуды ешқашан қарастырған емеспіз"

ҚР Бас прокурорының орынбасары әйгілі әлеуметтік желіге кіруге тосқауыл қою жөнінде кері пікірде.

785 0

Қазақстан Бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченко Facebook желісін толығымен бұғаттау тиімсіз шешім деп санайды. Алдағы төл мерекелерінің қарсаңында Today.kz-ке берген эксклюзивті сұхбатында ол әйгілі әлеуметтік желіге кіруге тосқауыл қою жөнінде кері пікірде екендігін, террористердің табыс көздері туралы әңгімелеп берді және де Қазақстанның ғаламтор қауымдастығының желіде тарап кеткен жазбалары жайында соңғы нүктені қойды.

-  Жыл басынан бері экстремизм мен терроризмге қатысты 280 заң бұзушылық анықталған екен. Бұл анықтаманы сіздің әріптестеріңіз осы сұхбат алдында берген. Біріншіден, бұл қылмыстардың құрылымы қандай? Екіншіден, шынайы көрсеткіш қаншалықты көп болуы мүмкін?

- Көбінде бұл лаңкестік жасауға шақыру, сондай топтарға қосылу, соғыс жүріп жатқан аймақтарға бару, сонымен қатар ақшалай және басқа да жолдармен көмек беру. Соның ішінде, лаңкестік әрекет жасауға дайындық, өз құрамына тарту және шет елге шығып террорлық әрекеттер жасау мен террористердің қолына ақша беру фактілері де кездеседі.

Ресми және нақты сандардың ара-қатынасы туралы айтар болсақ, аталған сан шындыққа жақын. Біздің құзіретті мекемелер экстремизм мен  терроризмның алдын алу шараларын жоғары деңгейде жүргізуде. Осы күнде сол жұмыстың арқасында анықталған фактілер мен соларға қатысты қозғалған істің барлығы нақты сан екеніне көз жеткізуге болады және Қазақстан жедел жағдайларға дайын екендігін көрсетеді. 2015 жылдың басынан бері терроризмге қатысты 71 адам сотталды. Оның ішінде 13 шет елдердегі ұрыстарға қатысқан және соған дайындықтар жасаған.

- Олардың барлығы қазақстандықтар ма?

- Иә, олардың барлығы отандастарымыз.

- Алыс жолға сапарлауға және шетелде тұруға қаражат қайдан табады?

- Қаражат, әдетте, қылмыстың басқа түрін жасағаннан пайда болады. Ол адамдар бір-бірін қатты қолдайды. Тұтас қылмыстық топтар құрылады. Олар әртүрлі іспен айналысады: ұрлық, ірі көлемдегі жымқырулар, заңсыз түрде мұнай шығарады және сол мұнайды заңсыз Мұнай өңдеу зауыттарына өткізеді немесе елден шығармақ болады. Бір кездері Қазақстанның батысында газ құбырларына ойық жасап ұрлық жасаған, тұтас бригадалар жұмыс істеген. Осылай ақша тапқан.

 - Шетелден қаржыландыру фактілері бар ма?

- Мұндай фактілер менің есімде жоқ. Алайда бір оқиға есімде, біздің отандастарымыз шетелдегі террористерді қаржыландырып отырған. Мүмкін бұл аз сомма болар – 1 000-2 000 долларды құрайды. Бірақ та оған көп ақша да керек жоқ шығар. Бұл қылмыстардың қауіптілігі – жекелеген адамдардың орындай алынуында. Парижде тоғыз адам теракт ұйымдастырып, бүкіл әлемдік қауымдастықты дүр сілкіндірді.

- Қазақстанда терроризмді қаржыландыруға байланысты заң өзгерістерге ұшырады. Соңғы толықтырулар осы жылдың тамыз айында болған. Қазіргі заң бойынша ломбардтар, жылжымайтын мүлік сатып алу-сату келісім шарттарын жасаушы делдалдар, төлемдерді қабылдайтын операторлардың барлығы бақылауда болады. Сол рас па? Мысалы, мен банкке бір қап ақшамен келіп Сирияға жібермек болсам, мені бақылауға алады ма әлде сол мезетте тұтқындайды ма?

- Мен қаржы мониторингін дамыту туралы жағымсыз пікірлерді көп естідім. Заң жаңадан қабылданған кезде әртүрлі пікір айтылған! Кейбір кәсіпкерлер қауымдастықтары «жағдай қатаңдай түседі» және "бизнестің дамуына тосқауыл болады" деп хабарлаған болатын. Көріп отырғанымыздай, ондай ешнәрсе де болмады. Қазіргі уақытта Қаржы мониторингі комитеті бес жылдан астам бойы жұмыс істеп келеді және олар жұмысты лайықты дәрежеде - кәсіби әрі тыныш атқаруда. Бұл туралы қарапайым адамдар ештеңе естімейді. Комитет біреуді айыптаушы, біреуді қылмыскер деп атайтын құқық қорғау мекемесі емес. Ол терроризмнің профилактикасы мақсатында көмектесу үшін мемлекетке қызмет етеді. Комитеттің құзыреті туралы заңда қатаң жазылған, "күдікті операциялар" термині де соған кіреді.  Айтпақшы, мұндай қатаң негіздемелер батыс елдерінің ешқайсысында да жоқ.

Егер сіз Лондонда валюта айырбастау пунктіне барып, күдікті әрекет етсеңіз немесе "күдікті" киінсеңіз, кассир бірден қаржылық мониторинг органдарда сіз туралы ақпаратты жібереді. Бізде олай емес. Әрине, мен әсірелеп айтып отырмын, бірақ біздің заң тұрғысынан қарағанда, арқасына Калашников автоматын асынған адам да күдікті емес.

Бізді, құқық қорғаушыларды бұл қанағаттандырмайды және біз қаржы саласындағы қызметкерлерінің қырағы болуына сенім артамыз, олардың жорамалдары болса қаржылық бақылау органдарына хабар береді деген үміттеміз. Мәлімет түскен соң сол адамдардың кірістері мен кіріс көздерін талдайды, шығынын есептейді, яғни, оның несиелік тарихын зерттейді. Егер барлығы тұрақты болса, азамат тіпті сарапшылар арасында күдік тудырмайды және оған сұрақ та қойылмайды. Ал егер зейнеткер әже, көптеген жылдар бойы 50 мың теңге зейнетақы алып жүріп, бір күні есеп шотына 10 млн түсе қалса, онда ол кісіге сұрақтар пайда болады.  Бұл өте қарапайым мысал. Әрине, неше түрлі  айлалы тәсілдер бар, мысалы, оффшорлар.

- Айтпақшы, Қазақстаннан шығып кетіп жатқан ақша жайында. Оларды қайда жөнелтеді және заңсыз шығарылып жатқан ақша көлемін санмен айта аласыз ба?

- Көш бастап тұрған 5 ел – Қытай, Швейцария, Германия, Украина және Ұлыбритания. Заңсыз шығарылатын қаржының жалпы көлемі жайында бір нәрсе айту қиын. Оның үстіне, оның бәрі де заңсыз немесе қылмыстық жолмен шыққандар емес. Қандай да бір сандарды жеке жағдайлар бойынша ғана көрсетуге болар. Мысалы, БТА банкіндегі жымқыру бойынша біз жеті-сегіз миллиард доллар сомасын атай аламыз. Ал, жалпы алғанда, егер ақша заңсыз болса, ерте ме, кеш пе, біз болмасақ, шетелдің құқық қорғау органдары білетін болады. Бәрі анықталады. Әлем жаһанданып келеді және осы тұрғыда кішірейіп, айқын болып келеді.

- Капитал мен мүлікті заңдастыру науқанында Бас прокуратураның алар орны қандай?

- Заңдастыруға қатысып жатқан адамдардың жауапкершілікке тартылуы туралы ешбір сөз болмауын және заңдастырылған соманы тексеру туралы еш әңгіменің де болмауын қадағалау.

Президент өзінің жолдауында өте үлкен белгі берді және адамдар мұны Мемлекет басшысының берген кепілі ретінде қабылдау керек. Заңдастыру туралы заңның басымдықтарын пайдаланғандар үшін ешқандай теріс салдары болмайды.

- Перзидент "қылмыстық істер қозғауға құлықсыз" екендігін айтқан. Яғни, бұл заңдастырмағандарды сөзсіз жаза күтіп тұр дегенді білдіреді ме?

- 2017 жылы баршаға ортақ декларация енгізіледі. Кірістің де, шығынның да есебі болады. Осыдан кейін де өзінің табыстарын жасырған адамдар, әрине, жауапқа тартылады. Егер салықшылар адамның 10 мың алып, 20 мың жұмсап жатқанын көрсе, олар оған келіп, түсінік сұрайды. Кез-келген өркениетті елде осылай жасалады. Бұл сыбайлас жемқорлықтың профилактикасының бір шарасы.

- Террористер мәселесіне оралайық. Дайындалған анықтамада көрсетілген: бас бостандығынан айыру орындарындағы профилактикалық жұмыстар арқылы "терроризм мен экстремизм үшін жазаланған тұлғалардың жартысынан астамын радикалды көзқарастан ұстамдылық позициясына әкелу" мүмкін болды.

50 пайыз дегеніміз, әрине, жетістік. Алайда, осалдау десек те болар. Өйткені, ғаламторға шықсаңыз болды, қауіпті сайттарға түсіп қалуға болады...

- Біз ғаламторда жарияланған ақпараттың бәрін егжей-тегжейлі зерттеуге тырысамыз. "Міне біз мынаны жаба аламыз, мына парақшаны бұғаттай аламыз", - деп көрсету Бас прокуратураның міндеті емес. Біздің міндет - адамдардың қарулы қақтығыстар болған жерге аттанып, өзге адамдарды өлтіруіне жол бермеу. Террористер Ғаламтордың бар күшін нақты түсінеді және оны кәсіби тұрғыда пайдалануда. Террористтің ең басты міндеті – өзін естірту. Брейвик өз алдына Ғаламторда белгілі болу мақсатын қойғанын білесіз бе? Ол жасаған терактіден кейін, оның көптеген суреттері Ғаламторда пайда болды. Брейвик өзін жақсы жарнамалады.

Мен Бас прокуратураны қандай да бір ресурстарды бұғаттаушы орган ретінде қарамауын қалар едім. Адамдар коммуникациясы үшін Ғаламтордың басымдылығын ешкім жоққа шығара алмайды. Бас прокуратурада мұны білмейді және Ғаламторды зұлымдық деп есептейді деу ағаттық болар еді. Ал, Желіні әртүрлі көзқарастағы түрлі адамдардың, тіптен аурулары бар адамдардың да пайдаланатыны бөлек әңгіме. Ешкім де мұндай адамдардың олардың жақындарына, балаларына әсер еткенін қаламасы анық. Егер қоғамдық пікір осы жұмыстың қолдаушысы болса, онда бұл тамаша болар еді. Қазір үлкен әлеуметтік желілер құқыққа қайшы, тіпті әдепсіз контенттен құтылу мүмкін еместігін түсініп отыр. Мысалы, жақында Twitter террористердің блогтары бойынша үлкен жұмыс жүргізді. Осылай болуы керек. Бұл әлемдік қауымдастықтың қалыпты дамуы және Ғаламтор дамуының жалпы әлемдік үлгісі деп есептеймін.

- Жақында Ақпарат комитетінің басқарма басшысы Михаил Комиссаров БАҚ-қа экстремистер арасында Facebook-тің танымал екендігін айтты. Біздің блогерлер мұны Қазақстанда танымал әлеуметтік желінің жуық арада жабылатыны туралы хабар ретінде қабылдады.

- Біз Facebook желісін толықтай жабу мәселесін ешқашан қарастырған емеспіз. Бұл нәтижесіз және техникалық тұрғыда өте шығынды. Егер бұл әлеуметтік желінің қандай да бір пайдаланушылары құқыққа қайшы әрекет жүргізіп отырса, онда бұл мемлекеттік және құқық қоғау органдарына Қазақстанның барлық пайдаланушыларына танымал әлемдік сервиске қол жеткізуді шектеуге рұқсат бермейді. Мұндай идеяға біз қарсымыз және мұндайды ешқашан қарастырған емеспіз.

- Сіз Facebook желісінде барсыз ба? Кімді оқисыз, кіммен доссыз?

- Ия, менде аккаунт бар. Алайда, жұмысыма байланысты белгілі бір себептермен, оны менің достарым ғана оқи алады. Жалпы ашықтық пен қолжетімділікті қолдаймын. Мені салық комитетінің және оның басшысының қызметі қызықтырады. Осындай деңгейдегі адам салықшылар жүргізіп жатқан үлкен жұмыс туралы айта алатыны маңызды. Оны оқысаңыз, біздің салық қызметінің әлемдегі ең заманауи әріптестерінен кем еместігі жайында түсінуге болады.

- Ал желіде пайда болған сіздің және Қазақстан интернет қауымдастығының жетекшісі Шавкат Сабировпен араларыңыздағы хат алмасудың қайсысы рас, ал қайсысы шындыққа жанаспайтын әңгімелер?

- Бұл хат алмасуда бәрі толықтай түсінікті деп ойлаймын. Ол екі жыл бұрын болған. Ол кезде біз террористік және экстремистік сипаттағы ресурстардың тез өсіп бара жатқанын анықтағанбыз. Қандай шара қолдану керектігін түсіну керек болды. Шавкат қана емес, көптеген адамдар бізге ұсыныстар жіберген. Бұл талқылаудыңең бастапқы сатысындағы ұсыныстар болатын, олар аяқталған және қабылданған идеялар емес еді. Олардың әрқайсысы кейіннен құқықтық және инструменталдық сараптамадан өткізілді. Кей адамдарға бұл хат алмасудан ұнамаған ұсыныстарды ешкім жасамақ болған жоқ, жасамады да. Біреулер жазылғанның бәрі шынайы болып жатыр дегісі келді. Тіптен олай емес. Ешқандай заңсыз әдістерді біз қолданбаймыз, ол хатта да заңға қайшы ештеме жоқ. Мен қай жерде болсын, тіпті әлемдік сот алдында да қайталауға дайынмын. Бас прокуратура жедел-іздестіру органы емес, біз бүркеме немесе жасырын қызметпен айналыспаймыз. Біз бәрін де заңға сай жүргіземіз – қандай да бір сайттың бұғатталуы сот шешіміне сәйкес жүргізіледі.

Әзірге біз сөзсіз көмектесетін әдіс таппадық. Өкінішке қарай, әзірге Ғаламторда террористік және экстремистік парақшалар саны күрт өсіп келеді. Мұнымен ең нәтижелі күрес әдісі – осы бағыттағы барша әлемдік қоғамдастықтың қызметі. Әлбетте, Twitter жол салған бастамаларды құптаймын. Қалай болса да барлық әлеуметтік желілер осыған келеді деген сенімдемін.

- Сіздің жауабыңызды қорытындылап көрейін. Андрей Кравченко мен Шавкат Сабиров Қазнетті «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстап отырған  жоқ қой?

- Бұл мүмкін емес. Менде мұндай құзырет жоқ. Бірақ, біздің жұмыс туралы орынсыз пікірлер жиі кезедеседі. Біздің "нашар" жұмыс істеп жатқанымызды білдіргісі келетін кейбір адамдар бар. Мысалы, біреулер маған: "Қараңыз, ана сайт анық экстремистік бағытта, ал сіздер оны әлі бұғаттамағансыздар»,- дейді. Мен оларға: "Менің кабинетімде сайттарды өшіретін нүкте тумблер жоқ",-деймін. Бұл құқықтық жағынан да, техникалық жағынан да өте күрделі рәсім.

- 20 жылдан астам прокуратура органдарында қызмет етесіз. 20 жыл бойы түрлі істерге қатысасыз, мемлекеттік органдарды, құқық қорғау органдарын тексересіз...

6 желтоқсан – Прокуратура күні. Оның сіз үшін алар орны қандай?

- Маған бұл салада істеуге не күш береді? Кешкісін үйге келіп, біреуге өмірдің қиын жағдайынан құтылуға көмектескеніңді түсінген кезде, әрқайсымыз бұл жұмыстағы ең құнды нәрсе осы екенін түсінеміз. Бас прокуратура – елдегі ең маңызды құқық қорғаушы орган. Біз үшін ең маңыздысы – кері байланыс. Сені адамдар түсінгенін көрген кезде, бұл сені қолдап, ары қарай жұмыс істеуге күш береді.

Кез келген мереке – өткенге қарап, қызметтің нәтижесін бағалау мүмкіндігі. Біз өзімізді жиі сынаймыз. Прокурорлар өзгелерден гөрі өзін жиі сынайды деп пайымдаймын. Біз жетістіктеріміз туралы мүлде сөз етпейміз десе де болады. Бірақ мереке – ол жетістікті де атап өтуге тұрарлық күн.

Жалпы адамдардың бізге жүгінуі жылдан жылға артып келеді, сондықтан, біз өзімізге деген талапты әрдайым жоғарылатуға тырысамыз. Қазақстан прокуратурасының заманауи мемлекеттік институт болуына талпынамыз. Бізге келген әрбір өтініш – бұл прокурорларға деген сенім. Осы сенімді ақтау керек. Міне, біздің жұмысымыз осындай.



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!