​Депутаттар К.Мәсімовтен Үкіметтің сырттан қарыз алуын шектеуді сұрады

Фотография - ​Депутаттар К.Мәсімовтен Үкіметтің сырттан қарыз алуын шектеуді сұрады

"Нұр Отан" партиясы фракциясының депутаттары ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтен Үкіметтің сырттан қарыз алуын шектеуді сұрап отыр

498 0

"Нұр Отан" партиясы фракциясының депутаттары ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтен Үкіметтің сырттан қарыз алуын шектеуді сұрап отыр. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында олар Үкімет басшысына осындай мазмұндағы депутаттық сауал жолдады.

"Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жаһандық дағдарыстың ықпалы жағдайында көрпеге қарап көсілу қағидаты бойынша бюджет саясатын оңтайландыруды екінші бағыт ретінде белгіледі. Бұл қағидат Үкіметтің де, атқарушы органдардың және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің де жұмысына қатысты. Сондықтан мемлекеттің сыртқы міндеттемелерінің үлесін азайту керек. Өйткені Қазақстан Үкіметі алған әрбір қарыз бюджетке жүктемені көбейтеді. Бұдан басқа, бұндай қарыздар үнемі ел экономикасының дамуына ықпал ететін шұғыл аса қажет мұқтаждықтар үшін алына бермейді", - дейді депутат Нұртай Сабильянов.

Мәселен, 2015 жылы Қазақстан Үкіметі шағын және орта кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттігін арттыруды қаржыландыруға 40 млн АҚШ доллары, өнімді инновацияларды ынталандыру жобасына 88 млн АҚШ доллары, еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру жобасына 100 млн АҚШ доллары сомасында қарыз алу туралы келісімдер жасаған. Депутаттың айтуынша, негізінен бұл қарыздар консультациялық қызметтерге, оқытуға, зерттеуге және ұйымдастыру шығыстарына пайдаланылады.

"2015 жылғы 2 желтоқсандағы жағдай бойынша Үкіметтің борышы 7 трлн 628 млрд теңгені құрап отыр. Салыстыру үшін айтсам, 2009 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Үкіметтің борышы 1 трлн 15 млрд теңгені құраған. Яғни, 2009 жылдан бері Үкіметтің борышы 6 трлн 613 млрд теңгеге ұлғайған. Оның ішінде сыртқы борыш 3 трлн 84 млрд теңгеге өскен. Мемлекеттік борыштың өсуі теңгенің долларға қатысты айырбас бағамының өзгеруіне, сондай-ақ жаңа қарыз алуға байланысты болып отыр. Бұл республикалық бюджетте қосымша шығындардың туындауына әкеп соғады", - деген алаңдаушылығын білдірді депутат.

Н.Сабильянов атап өткендей, 2016 жылға арналған республикалық бюджетте үкіметтік борышқа 451 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, соның ішінде "Самұрық-Қазына", "ҚазАгро", "Бәйтерек" ұлттық холдингтерінің қарыздық міндеттемелері де 8 трлн теңгеден асқан.

"Осы ұлттық компаниялардың төлем қабілетсіздігі орын алған жағдайда, сірә, борышты өтеу бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылуы да мүмкін. Сондықтан олардың тапқан табысы түрлі бонустарға, сыйақыларға, әкімшілік және өзге де шығыстарға емес, олардың қарызын өтеуге жұмсалуы тиіс", - дейді ол.

"Осы айтылғандардың негізінде, Сізден, бірінші, сыртқы қарыз алудың көлемін алдағы уақытта шектеу мақсатында мемлекеттің алған әрбір қарызына, оны пайдалану тиімділігіне, қайтарылуына мониторинг жүргізу, екінші, мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайту мақсатында бюджеттің мүмкіндігіне қарай бұрын алынған қарыздарды мерзімінен бұрын қайтару, үшіншіден, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қарыздары мен міндеттемелерін өз қаражаты есебінен белгіленген мерзімде, соның ішінде оларды жекешелендіру және қайта құру кезінде қарыздарды мемлекеттік бюджетке жүктемей өтеуіне бақылауды күшейту мәселесін қарастыруды сұраймыз", - деп түйіндеді сөзін Н.Сабильянов.


BNews.kz




Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!