қаңтардан бастап азаматтық қызметшілердің жалақысы өседі

Фотография - қаңтардан бастап азаматтық қызметшілердің жалақысы өседі

Бұл жайында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

373 0

2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысы 28%-ға дейін, білім саласы - 29%-ға дейін және өзге сала қызметкерлерінің еңбекақысы 40%-ға дейін артады, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі. 

2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетін азаматтық қызметшілер еңбекақысын төлеу жүйесінің жаңа үлгісіне сәйкес, олардың лауазымын біліміне, біліктілігіне, атқаратын қызметінің күрделілігі мен дәрежесіне қарай төрт санатқа бөлу көзделген:

1. Ұйымның даму стратегиясы үшін жауап беретін және басқару шешімдерін қабылдайтын басқарушы персонал блогы (A блогы). Аталған блогқа ұйым басшылары мен басшылардың орынбасарлары, ұйымдардың бағыну деңгейіне тәуелді (немесе басқару жауапкершілігінің деңгейіне байланысты: республикалық, облыстық, аудандық) құрылымдық бөлімшелердің басшылары мен басшылардың орынбасарлары кіреді.

2. Ұйымның негізгі функцияларының іске асырылуын қамтамасыз ететін, негізгі персонал блогы (B блогы). Бұл блогқа дәрігерлер, мұғалімдер, ғылыми қызметкерлер, әлеуметтік жұмысшылар, ЖОО оқытушылары және ұйымның негізгі функцияларын орындайтын басқа да қызметкерлер кіреді. Аталған қызметкерлер үшін үш қызмет саласы: "Денсаулық сақтау", "Білім беру" және "Өзге де салалар" бойынша лауазымдық жалақыларды саралап есептеуді енгізу ұсынылады.

3. Әкімшілік-құқықтық және шаруашылық функцияларын орындайтын әкімшілік персонал блогы (C блогы). Лауазымдардың аталмыш блогы заңгерлерді, есепшілерді, экономистерді, аудармашыларды, шаруашылық қызметінің меңгерушілерін және т.б. қамтиды.

4. Қосалқы және техникалық функцияларды іске асыратын қосалқы персонал блогы (D блогы). Бұл блогқа іс-қағаздарын жүргізушілер, архивариустер, кассирлер, коменданттар мен хатшылар кіреді.

Жаңа үлгі лауазымдық жалақыны есептеу, қосымша ақы мен еңбек шарттары үшін төленетін үстемақыны оңтайландыру үшін коэффиценттердің арнайы кестесін енгізуді қарастырады.

Азаматтық қызметшілердің еңбекақысын төлеудегі жоғарыда көрсетілген тәсілдер мұғалімдер, дәрігерлер, әлеуметтік қамсыздандыру саласының қызметкерлері еңбегінің мәртебесін арттырып, халыққа ұсынылатын мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартады, қызметкерлердің кәсіби біліктілігін жоғарылатып, лауазымының өсуіне ықпал етеді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының қызметкерлердің кәсіби біліктілігіне байланысты негізгі персоналдың еңбекақысын арттыру тапсырмасын іске асыруды қамтамасыз етеді: денсаулық сақтау саласында – 7%-дан 28%-ға дейін, білім беру саласында – 15%-дан 29%-ға дейін, өзге салаларда – 28%-дан 40%-ға дейін.

Аталған үлгіні 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізу үшін республикалық бюджеттен қосымша 272,6 млрд. теңге, оның ішінде жергілікті бюджетке мақсатты трансферттер ретінде 228,8 млрд, теңге бөлінді.

Жаңа ереже мемлекеттік қызметкерлер болып есептелмейтін мемлекеттік және қазыналық ұйым қызметкерлеріне қатысты болмақ.

Қазақстанда барлығы 1 млн.-нан астам азаматтық қызметкерлер бар: мұғалімдер, дәрігерлер, мәдениет және әлеуметтік сала қызметкерлері, т.б.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мамандары қазан мен желтоқсан айларының аралығында азаматтық қызметшілер еңбекақысын төлеу жүйесінің жаңа үлгісі бойынша республиканың барлық аймақтарында мемлекеттік ұйымдар мен кәсіпорындардың есепшілері мен кадр қызметі жұмыскерлерін оқыту шараларын жүргізді. Оқуға барлығы 9 мыңнан астам адам қатысты.


baq.kz


Тегтер:

жалақы өседі

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!