Астана әкімі Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысымен кездесті

Фотография - Астана әкімі Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысымен кездесті

Кездесу барысында тараптар Қазақстанның астанасын "ЭКСПО-2017" халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындау мәселесін талқылады

216 0

Астана ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысушылар мен қонақтардың жайлылығын, қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдап жатыр, деп хабарлады Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Бұл туралы дүйсенбі күні, 22 ақпанда елорда әкімі Әділбек Жақсыбеков Астанаға ЭКСПО-2017 халықаралық қатысушыларының екінші жиналысына келген Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталеспен кездесуде мәлім етті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстанның астанасын "ЭКСПО-2017" халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындау мәселесін талқылады.

"Сіздің соңғы сапарыңыздан кейін Көрмеге дайындық бойынша үлкен жұмыс атқарылды", - деп атап өтті Ә. Жақсыбеков.

Қала басшысы В. Лоссерталеске Астана қаласының әкімдігі мен "Астана ЭКСПО-2017" Ұлттық компаниясының бірлескен іс-шаралар жоспарын іске асыру барысы туралы баяндады.

Атап айтқанда, Ә. Жақсыбеков жалпы, Астана қаласын және ЭКСПО нысандарын салу мен қажетті инженерлік-көлік инфрақұрылымын дамыту шараларына тоқталды. Елорда әкімі көлік-логистикалық жүйені жетілдіру бойынша жұмыстарға, соның ішінде Астананың халықаралық әуежайын кеңейту, жаңа теміржол және автовокзалдар салу, қоғамдық көліктің маршруттық желісін оңтайландыру, көлік ағынын басқарудың жаңа жүйелерін енгізуге ерекше назар аударды.

Сонымен қатар, Астана әкімі баламалы энергия көздерін енгізу және инновацияларды дамыту жөніндегі бірқатар жобаларды атап өтті, сондай-ақ ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу кезеңінде қалада мәдени бағдарламаны ұйымдастыру және туристік саланы дамыту жөніндегі әкімдіктің жоспарларымен таныстырды. 

Фото -

Ә. Жақсыбеков бүгінде Астанадағы ЭКСПО-ны қолдайтынын растап отырған басқа астаналардың және ірі мегаполистердің мэрлерімен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

Әкім "ЭКСПО ұсынады" жобасы аясында сервистік қызметтер деңгейін көтеру жөніндегі кампанияның сәтті басталғанын атап өтті. Аталған жоба бойынша қонақ үй және мейрамхана бизнесі саласындағы үздік кәсіпорындарға тиісті сапа сертификаттар берілуде.

"2017 жылғы Көрмеге дайындық бойынша көп жұмыс жүргізілген екен. Алға қойған мақсатымызға жететінімізге сенімдімін. ЭКСПО Астананың жаңа туристік орталыққа айналуына септігін тигізеді, Қазақстанды әлемге басқа қырынан таныстырады», деді Лоссерталес мырза. Шетелдік қонақ қаланы дамытуда «жасыл технологиялардың" қолданылатынына қуанышты екенін атап өтті.

Бұдан басқа, Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы миландық көрмеге қарағанда Астанадағы ЭКСПО аумағының ерекшелігі ретінде оның тиімді орналасуын атап өтті: "Миландағы көрме қалаға қосымша ретінде болса, Астанадағы ЭКСПО – тұтас бір қала".

Айта кетейік, 24-25 ақпанда Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық қатысушыларының екінші жиналысы өтеді, оған әлемнің 90 мемлекетінен 250 делегат қатысады. 



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!