Мемлекеттік хатшы Вашингтонда өткен Наурыз мейрамына қатысты

Фотография - Мемлекеттік хатшы Вашингтонда өткен Наурыз мейрамына қатысты

Шара қонақтарының назарына Қазақстанның өнер туындылары, кітаптары мен кәдесыйлары, қолөнершілердің бұйымдары ұсынылды.

182 0

Қазақстанның мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың Вашингтонға сапары жаймашуақ көктемнің Наурыз мерекесіне арналған гала-қабылдауға қатысуымен аяқталды. "Nowryz Commission"  коммерциялық емес қайырымдылық ұйымы мұрындық болған жыл сайынғы іс-шара америкалық элитаның жарқын оқиғаларының күнтізбесіне мықтап енді.

Ақ үй, Мемлекеттік департамент пен АҚШ Конгресінен ат басын бұрған жүзедеген қонақ, сондай-ақ іскерлік топтар мен жұртшылық, дипломатиялық корпус түркі әлемі мен Таяу Шығыстың мәдениетімен, ұлттық салт-дәстүрімен, әдет-ғұрыптарымен етене танысты, деп хабарлайды 24.kz.

Шара қонақтарының назарына Қазақстанның өнер туындылары, кітаптары мен кәдесыйлары, қолөнершілердің бұйымдары ұсынылды.

Көктемгі мерекеге арналған салтанатты шараға қатысушылар қазақтың ұлттық тағамдарынан да дәм татты. Вашингтондағы гала-қабылдауға жиналған қонақтарға қарата айтқан сөзінде Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова күн мен түн теңесетін ұлық мерекенің  ерекшеліктері мен ұлтымыздың салт-дәстүрлері жайында әңгімелеп берді. Мемлекеттік хатшы Наурыз мейрамында адамдар бір-біріне деген өкпе-ренішін ұмытып, жастар жағы үлкендердің ақ батасын алатынын, табиғат ұйқысынан оянып, барша  әлем жаңарып, жаңа өмір бастау алатынын атап өтті.

Америка жұртшылығын түркі әлеміне жақындастыра түсірген салтанатты кеште Түрксойдың ұйытқы болуымен балалар концерті де өтті. Наурыз мейрамын мерекелеуге арналған концертте Қазақстан мен Әзербайжан елдерінің бүлдіршіндері өнер көрсетті.

Бүгін Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова бастаған қазақстандық делегация Нью-Йоркқа ат басын тіреді. Мемлекеттік хатшы БҰҰ-ның әйелдер ахуалы жөніндегі комиссиясының 60-шы сессиясына қатысады деп күтілуде. Сапар бағдарламасында БҰҰ басшылығымен, өзге елдерден келген әріптестермен және халықаралық әйелдер қозғалысының көшбасшыларымен кездесулер өткізу жоспарланған.





Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!