Елбасы Отан қорғаушы күніне арналған концертке қатысты

Фотография - Елбасы Отан қорғаушы күніне арналған концертке қатысты

Нұрсұлтан Назарбаев соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне айрықша алғыс айтты.

271 0

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Отан қорғаушылар күніне арналған концертке қатысып, жиналғандарды мемлекеттік мерекемен құттықтады, - деп хабарлайды Қамшы порталы.

– Ежелден-ақ Отан қорғаушылар намыс пен айбардың, ерлік пен батылдықтың, патриотизм мен өз халқына қалтқысыз қызмет етудің үлгісі болған. Қазақстандықтар өз өмірін бостандық пен тәуелсіздік үшін қиған қаһармандардың барлығының ерлігін жадында сақтап келеді. Аталар мен әкелердің жауынгерлік наградалары – қазақстандық отбасылар үшін баға жетпес жәдігер. Біздің күнтізбемізде Отан қорғаушы күні мен Ұлы Отан соғысындағы  Жеңіс күні мерекесінің қатар келуінің символдық мәні бар. Бұл біздің халқымыздың барлық буынының даңқты жауынгерлік дәстүрі сабақтастығын көрсетеді, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне айрықша алғыс айтты.

– Ұлы Жеңіс – біздің қаһармандық тарихымыз бен гитлерлік фашизмді тізе қосып еңсерген және талқандаған халықтар достығының символы. Сіздердің амандықтарыңыз үшін жасалып отырған қамқорлық – соғыстың ауыр жылдарында өздеріңізді құрбан еткендіктеріңіз үшін қазіргі ұрпақтың көрсеткен құрметінің бір бөлшегі ғана. Сіздердің жауынгерлік ерліктеріңізді Қазақстан жері ешқашан ұмытпайды. Жемісін бүгінде біздер, сіздердің балаларыңыз, көріп отырған Ұлы Жеңіс үшін, қаһармандықтарыңыз үшін барлық ардагерлерге басымызды иіп, рахмет айтамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Отан қорғаушы күні – еліміздің Қарулы Күштерінің құрылған күні екенін атап өтті.

– Биыл біз осы айтулы күнді Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойына дайындық аясында атап өтеміз. Ұлттық армия, әскери-әуе күштерін және әскери-теңіз флотын  құру – егемен Қазақстан шежіресіндегі маңызды белестің бірі. Алғашқы әскери бөлімдерді қалыптастырудан бастап, ұлттық қорғаныс пен қауіпсіздіктің қазіргі заманауи жүйесіне дейінгі үлкен жолды жүріп өттік. Ең заманауи қарумен және техникамен жабдықталу, командирлердің кәсібилігі, жеке құрамның жоғары жауынгерлік дайындығы мен машығы – осының бәрі біздің Қарулы күштерімізге тән, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы елімізде жоғары деңгейдегі қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету үшін қажетті нәрсенің бәрі жасалып жатқанына назар аударды.

– Қорғаныс шығыстары қиындықтарға қарамастан басым тәртіп бойынша қаржыландырылады. Жауынгерлік кезекшілікке қайта жарақтандыру бағдарламасына толық сай келетін жаңа әскери техника түрлері шығады. Таяу жылдарда қару мен техниканың барлық түрінің 70 пайызы, ал жекелеген санаттар бойынша 100 пайызға дейіні жаңартылатын болады. Жыл сайын жүзден аса шұғыл тексеру және әскери оқу-жаттығулар қазіргі заманғы ықтимал соғыс жағдайына барынша бейімделіп өткізіледі, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар әскери кешенді жаңғырту аясында отандық қорғаныс өнеркәсібінде технология трансферті мен ғылыми ауқымды өндірістерді дамыту тұрғысынан бірқатар міндеттерді орындау мәселесі тұр.

Қазақстан Президенті еліміз шет елдермен әскери-техникалық ынтымақтастығы белсенді түрде дамытылып, ал Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери шеберлігі ҰҚШҰ және ШЫҰ аясындағы бірлескен жаттығуларда, НАТО-мен серіктестік бағдарламасы бойынша өзара іс-қимылдар барысында шыңдалып келе жатқанын айтты.

Мемлекет басшысы Отанды қорғау ең құрметті кәсіп екенін атап өтті.

– Ұлттық қорғаныс пен қауіпсіздікті нығайту көп жағдайда әскери білім беру саласын дамытумен, әскерлердің моральдық-саяси рухын күшейтумен байланысты. Бүгінде Қарулы Күштердің жеке құрамымен жұмысты Қазақстан халқы Ассамблеясы қабылдаған Мәңгілік Ел патриоттық актісі негізінде құру маңызды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті еліміздің Қарулы Күштері әрқашанда Тәуелсіздіктің, қоғамдағы татулық пен келісімнің  мызғымас тірегі болатынына сенім білдірді.

– Әскери қызметшілерге және қорғаныс кешенінде жұмыс істейтін азаматтық тұлғаларға, барша қазақстандықтарға жоғары патриоттық жауапкершіліктері мен Отанымызды қорғауды қамтамасыз етуге тікелей қатыстылығы үшін алғыс білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев жаңа жаһандық ахуалдың күрделі жағдайында әлем жасампаз константа болып табылатынын атап өтті.

– Жалпыға ортақ әлем халықтар мен елдердің берік және сенімді қорғаны бола алады. Сондықтан мен халықаралық қоғамдастыққа «Әлем. XXI ғасыр» атты манифест арқылы үндеу тастадым. Бұл – жаһандық соғысқа қарсы күш жұмылдырып, адамзатты өзін-өзі жою қатерінен сақтайтын шаралар қабылдауға үндеу. Ол бірнеше айдан соң біз салтанатты түрде атап өтетін Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 25 жылдығы қарсаңында ерекше өзекті болып отыр.

Ядролық қарудан, халыққа төнген әскери қатерден ада, сенім және барлық ұлттың ынтымақтастығы қағидаларына негізделген әділетті әлем құрылымын қалыптастыру – біздің сыртқы саясатымыздың негізі. Оны әр қадам сайын жақындата отырып, біз туған жеріміздің қорғалуын берік әрі сенімді ете түсеміз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы барша қазақстандықтарды Отан қорғаушы күнімен және келе жатқан Жеңіс күнімен тағы да құттықтады.

***

Концерттік бағдарламада Қорғаныс министрлігінің әскери ансамблі мен эстрадалық-симфониялық оркестрі солистерінің, сондай-ақ еліміздің танымал әртістерінің орындауында Отан туралы, оның батыр ұлдары мен жауынгерлері туралы отандық композиторлардың патриоттық әндері, музыкалық композициялары шырқалды.

Музыкалық нөмірлердің бәрі Қорғаныс министрлігі ансамблінің балет труппасы әзірлеген би қойылымдар арқылы сүйемелденіп, әскери өмір мен жауынгерлік жаттығулардың бейнекөріністерімен айшықталып отырды. 



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!