2016 жылы Ақтөбе облысында барлық аудан орталықтарына газ тартылады

Фотография - 2016 жылы Ақтөбе облысында барлық аудан орталықтарына газ тартылады

Қазіргі уақытта 375 елді мекеннің тек 100-іне газ тартылған, онда облыс халқының 694 мыңы немесе 84% тұрады.

221 0

Бұл туралы "Ақтөбе ақпарат" орталығында өткен баспасөз конференциясында облыс әкімінің энергетика, тұрғын үй-коммуникациялық шаруашылықты, құрылыс пен сәулетті қадағалайтын орынбасары Жаңабай Бексары хабарлады.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта 375 елді мекеннің тек 100-іне газ тартылған, онда облыс халқының 694 мыңы немесе 84% тұрады.

"Мемлекеттік салалық бағдарламаларды жүзеге асыру барысында соңғы 3 жылда елді мекендер мен тұрғындарды орталықтандырылған су, жылу және газ жүйесіне қосу орта есеппен 15 %-ға артты. 2015 жылы бюджеттік қаражат есебінен Ырғыз ауданының Ырғыз ауылына газ құбырын тарту жұмыстары аяқталды, Мұғалжар ауданының Ақкемер ауылы мен Алға ауданының Қарақұдық ауылына газ желісі жүргізілді. Инвестициялық қаржының есебінен Ойыл ауданының Ойыл ауылында, Әйтеке би ауданының Комсомол ауылында, Қарғалы ауданының Қос-Естек ауылында, сонымен бірге Ырғыз ауданының Ырғыз ауылында ауыларалық газ құбыры тартылды", - деп хабарлады Жаңабай Бексары.

Оның айтуынша, 2016 жылы бюджет қаржысы есебінен Мәртөк ауданының Жайсаң ауылына газ тарту жұмыстары аяқталады. Сонымен бірге, Әйтеке би ауданының Комсомол ауылы, Ойыл ауданының Ойыл ауылы, Қарғалы ауданының Қос-Естек ауылы, Мұғалжар ауданының Талдысай, Еңбек, Алтынды ауылдары, Алға ауданының Үшқұдық, Хромтау ауданының Аққұдық ауылында жалпы құны 14,9 миллиард теңге болатын 12 жоба жүзеге асырылмақ. Ақтөбе мен Қандыағаш қалаларында автоматтандырылған газ реттеу станциялары салынады. Осылайша, 2016 жылдың қорытындысы бойынша, барлық 12 ауданның орталықтарына көгілдір отын жеткізіледі.

Жалпы, 2016-2019 жылдарға арналған газбен қамтамасыз ету Жоспарына сәйкес, 2020 жылға қарай тағы 116 ауылдық елді мекен газбен қамтамасыз етіледі, нәтижесінде тұрғындардың 95 % газ пайдаланатын болады.

Сонымен қатар, алдағы 4 жылда 141 ауылдық елді мекенде жалпы құны 58,4 миллиард теңге болатын сумен қамтамасыз ету және су жеткізу жобалары жүзеге асрыылмақ. Бұл өз кезегінде елді мекендердің 81%-ы, халықтың 99% сумен қамтамасыз етіледі дегенді білдіреді.

Өз кезегінде, Жаңабай Бексары айтып өткендей, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында негізгі мәселе негізгі қордың техникалық жағдайы, бүгінгі таңда сумен жабдықтау қондырғыларының тозығы 49%, су жеткізу жүйесінің тозығы – 62 %, жылу мен электр жеткізу жүйесінің тозығы 61 % құрайды.

"Осы және өзге де мәселелерді шешу мақсатында біз мемлекеттік - жекеменшік серіктестік аясында, халықаралық қаржылық институттардың, екінші деңгейлі банктердің, сонымен бірге жеке инвесторлардың қатысуымен шешкіміз келеді", - деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары. Оның айтуынша, аталған бағыттарда жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді.




Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!