Білім және ғылым министрлігі 3000 жұмыс орнын ұсынды

Фотография - Білім және ғылым министрлігі 3000 жұмыс орнын ұсынды

Бес күн бойы Қыздар университетінде 2015-2016 оқу жылының университет бітірушілерін жұмыс орындарына бөлу жөніндегі комиссияның жиыны өтті

2173 0

Биыл Қыздар университетін мемлекеттік грант пен ауылдық квота негізінде 565 студент бітіріп, қолдарына дипломдарын алғалы отыр.

Жиынға қатысқан 6 факультеттің студенттерін комиссия мүшелері мемлекеттік білім беру ұйымдарынан келген сұраныстарға сәйкес жұмыс орындарына бөлді. Баршаға мәлім биылдан бастап, ҚР "Білім туралы" жаңа заңына сәйкес, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде педагогикалық және медициналық мамандықтарға оқуға түскен Қазақстан республикасының азаматтары жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін кемінде үш жыл мемлекеттік білім беру ұйымдарында және мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыспен өтеуге міндетті. Осыған орай, ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы Қаржы орталығы бітіруші түлектер үшін республиканың 14 аймағы бойынша 3000-нан аса бос жұмыс орындарын ұсынды.

Жиын барысында оқу орнының ұстаздары мен заңгерлері жұмысқа бөлу мен жіберу тәртібін, жұмыс өтеу міндеттемесін іске асыру рәсімдерін, жұмыс өтеуден босатудың негіздемелерін, қысқаша айтқанда жаңа заңның қағидаларын түсіндіріп берді. Сонымен қатар, жаңа заң бойынша бекітілген міндеттемені орындамаған үшін заңнамамен көрсетілген жауапкершіліктерді де айтып өтті. Өз кезегінде жас мамандар көкейдегі сауалдарына тұщымды жауап алды.

"2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап 47-баптың 17 тармағы бойынша ауылдық квота бойынша білім алған студенттер тек сол келген ауылдық жерде немесе жақын орналасқан елді мекенде ғана жұмысын өтей алады. Ал, мемлекеттік білім гранты негізінде бітірген студенттер үшін ондай шектеулер жоқ. Жұмысқа орналасу бойынша барлық жұмыстарды, соның ішінде, жұмысқа жіберу, жұмысты өтеуден босату, қандай жұмысқа орналастыру шаралары туралы шешімді университет іске асыратын болады. Қазіргі таңда әрбір жас маманды жеке бөлу жөнінде комиссия қызмет атқаруда. Атап айта кетейін, жұмыс өтеулеріңіз үш жыл бойы қатаң бақылауда, университет пен министрліктің назарында болады. Жұмысты өтеу жөніндегі міндетті орындамаған жас маман өзінің оқуына байланысты бюджет қаражаты есебінен шыққан шығыстарды өтеуге міндетті болады", - деді ҚазМемҚызПУ заңгері Мейірбек Ізбасар. Оның айтуынша, мемлекеттік білім беру ұйымдарына жұмысқа бірінші кезекте бөліну құқығына жұбайы (зайыбы) бос орынды ұсынған елді мекенде тұратын, жұмыс істейтін немесе қызметін өткеретін адамдар, ата-анасының біреуі немесе екеуі де мүгедек болып табылатын адамдар ие бола алады. Ал, жұмысты өтеу жөніндегі міндеттен босату одан әрі оқу үшін магистратураға, резидентураға, доктарантураға түскен жас мамандарға. Сонымен қатар, отбасылы, жүкті болған, үш жасқа дейінгі баласы бар адамдарға беріледі.

"Қыздар университеті үшін Білім және ғылым министрлігі еліміздің бар аймағы бойынша 3300-ден астам қызмет орнын ұсынып отыр. Біздің бітіруші түлектерге үлкен таңдау берілді. Сондықтан, жас мамандарымыздың барлығы жұмыссыз қалмайтындықтары анық", - дейді Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру мен Мансап бөлімінің басшысы Қалимаш Елшібаева.

Әр жиын соңында студенттер қалаған аймақтары бойынша жұмыс таңдап, жолдамаларын қолдарына алды. Енді жас мамандар үшін ағымдағы жылдың 1 тамызынан кешікпей жұмыс орнына барып, еңбек шартын жасау ғана талап етіледі. Айта кетейік, жұмыс өтеу уақытының басталуы тек еңбек шарты жасалған мерзімнен басталады.



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!