Жақсыбеков Астана мектептердің үздік түлектеріне "Алтын белгі" табыс етті

Фотография - Жақсыбеков Астана мектептердің үздік түлектеріне "Алтын белгі" табыс етті

Елорда басшысы түлектерді айтулы оқиғамен құттықтап, жастарға болашақта бұдан да үлкен жетістіктер күтіп тұрғанын айтты.

213 0

Кеше, 17 маусымда қалалық алаңда Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков Бірыңғай ұлттық тестілеудің қорытындысы бойынша өз білімін растаған 132 елордалық түлекке "Алтын белгі" төсбелгілерін табыс етті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.

Дәстүрлі шараға ҚР Парламенті мен қалалық мәслихат депутаттары, ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, сондай-ақ, мұғалімдер мен ата-аналар қатысты.

Елорда басшысы түлектерді айтулы оқиғамен құттықтап, жастарға болашақта бұдан да үлкен жетістіктер күтіп тұрғанын айтты. "Қазіргі кезде сендердің міндеттерің – өмірлік жолда тірек болатын, өздерің үшін сенімді серік болатын кәсіпті анықтау", - деді Ә. Жақсыбеков.

Әкім Мемлекет басшысы білім мәселелеріне баса назар аударатынын атап өтті.

"Бүгінгі таңда мемлекет білім алу үшін барлық жағдайларды жасап отыр: еліміздің жетекші ЖОО-ның есіктері сендер үшін айқара ашық, үздік педагогтар жұмыс істеп, білім беру гранттарының саны ұлғайтылды, стипендия өсіп, әлемдік деңгейдегі университет – "Назарбаев университеті" құрылды, "Болашақ" бағдарламасы жүзеге асырылуда", деді ол.

Елордада білім саласында қолайлы жағдай жасалған. Жалпы білім беретін мектептер саны жыл сайын артып келеді. Өткен жылы 7100 орындық 6 мектеп ашылып, үш ауысымдық оқуды толығымен жоюға қол жеткізілді.

 2016 жылы "Алтын белгі"иесі атанған елордалық түлектердің саны өткен жылмен салыстырғанда 112-ден 132-ге, ҰБТ орташа балл 86,6-дан 89,2 баллға өсті. Елордалық оқушылар халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобаларда жүлделі орындар иеленуде. Өткен жылы олар АҚШ, Бразилия, Грузия, Оңтүстік Корея, Ресей мемлекеттерінен 268 медаль иеленген.

Айта кетейік, Астанада 2015–2016 жылғы оқу жылының қорытындысы бойынша 4695 түлек аттестат алады, соның ішінде, 54-і ерекше үлгідегі аттестаттар.

Қала әкімі түлектерге ақ жол тілеп, алған білімді өмірде тиімді пайдалануға шақырды.

Салтанатты марапаттау салтанаты аяқталған соң "Алтын белгі" төсбегілерінің иегерлері дәстүрлі мектеп вальсын билеп, аспанға түлектердің тілектері жазылған кептерлер мен шарлар ұшырылды. Түлектерді қазақстандық эстрада жұлдыздары да құттықтады.



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!