Жер реформасы жөніндегі Комиссияның 10 ұсынысы жария етілді

Фотография - Жер реформасы жөніндегі Комиссияның 10 ұсынысы жария етілді

Фото: today.kz

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсыныстарды құптаса, комиссия өз жұмысын тоқтатуы мүмкін.

247 0

Жер реформасы жөніндегі Комиссия 10 ұсыныстан тұратын тізімді жария етті, - деп хабарлайды Today.kz тілшісі. Тізімнің соңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсыныстарды құптаса, комиссия өз жұмысын тоқтатуы мүмкін делінген.

 1. Ауыл шаруашылығы жерлерін ҚР заңды және жеке тұлғаларына 49 жылға дейінгі мерзімге жалға беру институтының сақталуы ұсынылып отыр. Бұл үшін заң нормалары арқылы:

 - Жердің тиімді пайдалануын және жер пайдаланушылардың өздеріне алған міндеттерінің орындалуы үнемі жүргізілетін мониторинг енгізу арқылы бақылауды күшейту (жалға алынған алғашқы бес жылда жыл сайын, кейінгі жылдарда суармалы жерлерде әр үш жыл сайын);

 - Жер кодексіндегі ауыл шаруашылығы жерлерін беру тәртібінің регламентациясын алдын ала жеке және егжей-тегжейлі қарастыру;

 - Ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру жөніндегі конкурстардың ашық және жариялылығын қамтамасыз ету үшін конкурстық комиссия құрамдарына қоғамдық кеңестер мен бірлестіктердің өкілдерін енгізу;

 - Ауыл шаруашылығы жерлерін ұсыну барысындағы әкімшіліктердің іс-әрекет тәртібін нақтылайтын конкурстарды өткізу ережесін дайындау;

 - Жалға беру мерзімін инвестициялар көлемі мен бизнес-жоспарға сәйкес белгілеу. Жалға беру мерзімінің ұзартылуы жөніндегі шешімдердің қоғамдық кеңестер мен бірлестіктердің қатысуымен, жерді пайдалану және жалға беру келісім-шарттары талаптарының орындалу нәтижесіне қарай қабылдау;

 - Пайдаланушылардың міндеттері мен жауапкершілігі нақтыланып, күшейтілген ауыл шаруашылығы жерлерін жалға берудің үлгілік келісім-шарттын әзірлеп, бекіту;

 - Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану талаптарын күшейту қажет.

 2. Қазақстандықтарға жалға берілетін ауыл шаруашылығы жерлерінің шекті (максималды) мөлшерін белгілеу.

 3. Шекара маңы аумақтарындағы ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру талаптарын олардың мемлекеттік шекарадан радиусын айқындай отырып, жергілікті жағдайларға және өңір ерекшеліктеріне байланысты анықтап, күшейту.

 4. Халықтың жеке шаруашылықтарындағы мұқтаждықтарын қанағаттандыру үшін елді мекендердің айналасындағы жайылымдар мен шабындықтардың алаңдары айқындалып, ол жерлерді Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына беруге тыйым салу. Жайылымдар мен шабындықтарды мәжбүрлі түрде қайтарып алу үшін мүмкіндік жасау мақсатында, жергілікті тұрғындардың мұқтаждықтарын мемлекеттік мұқтаждықтар санатына жатқызу.

 5. Жерді жеке тұрғын үй құрылысы (бұдан әрі ЖТҚ) үшін беру жайы жер реформасы шеңберінде кеңінен талқыланып отырған  өзекті мәселе болғандықтан,  ЖТҚ-на арналған жер учаскелерін  мемлекет мұқтаждығы үшін әкімдіктердің сатып алуына  мүмкіндік беріп, ЖТҚ үшін жер беруді мемлекеттік мұқтаждық санатына жатқызу ұсынылады.  Бұған 10 соттық алуға кезекте тұрған азаматтар санының миллионнан асқаны, облыс орталықтары мен ірі қалаларда инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген бос жерлердің жоқтығы мәселесінің өршуі себеп болып отыр. Сонымен қатар, Call-орталықтары мен jerturaly.kz сайтына келіп түскен ұсыныстар мен өтініштердің басым бөлігі осы мәселенің айналасында өрбуі, осы бағыттағы жұмысты күшейтуді талап етеді.

6. Комиссия мүшелерінің ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жалға беру институтын жетілдіру бойынша әзірлеген ұсыныстарын Қазақстан Республикасы Парламентіне енгізу.

 7. Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапына  жарғылық капиталында шетелдіктердің үлесі бар бірлескен кәсіпорындарға ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру нормаларына қатысты мораторий күшін ұлғайту жұмыстарын ұйымдастыру ұсынылады. 

8. Ауыл шаруашылығы министрлігі Комиссия қабылдаған шешімдерді заң талаптарына сәйкес рәсімдеп, Қазақстан Республикасы Парламентіне енгізу жұмыстарын ұйымдастыру және жер заңнамасын жетілдіру жұмысын жалғастыруы қажет.

 9. Жер кодексінде мораторий жарияланған нормалар бойынша нақты шешімдер қабылдау үшін ауыл шаруашылығы жерлерінің пайдаланылуы мен сапасы туралы дәйекті мәліметтерді алу және оларға егжей-тегжейлі ревизия жүргізу қажеттіліктерін ескере отырып, Қазақстан Республикасы Президентіне қолданыстағы мораторийдің мерзімін 5 жылға, 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзарту ұсыналады.

 10. Осы ұсыныстарды Қазақстан Республикасы Президенті құптаған жағдайда Комиссия жұмысын тоқтатады. Комиссия мүшелері қызығушылық танытқан жағдайда ауыл шаруашылығы министрлігінің жүргізетін жер заңнамасын одан әрі жетілдіру жұмыстарына қатыса алады.

 Елбасы жарлығымен құрылған Жер комиссиясына 75 адам кірді.  Комиссия Астанада төрт отырыс, Ақмола, Алматы, Қызылорда, Ақтөбе облыстарында жұртшылықпен 4 кездесу өткізді. 13 тамызда өткен бесінші отырыс барысында ҚР Премьер-министрдің орынбасары – ҚР ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Жер кодексіне енгізілген түзетулерге қойылған мораторийдің мерзімі 2021 жылға дейін ұзаруы мүмкін екендігі туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, мораторий мерзімінің ұзаруы жерлердің инвентаризациясын жүргізіп, қажетті ақпараттық базаны құруға мүмкіндік береді. 

Бұған дейін жер реформасы жөніндегі Комиссия бұдан өзге үш мәселе (қазақстандықтарға 49 жылға жерді жалға беру, шекара маңындағы және жайылымға берілетін жерлер)  бойынша ортақ пікірге келген болатын. 

Естеріңізге сала кетейік, Жер кодексіне 2015 жылдың 2 қарашасында енгізілген кейбір өзгерістеріне Елбасының жарлығымен 15 маусымда мораторий жарияланған еді.  

 



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!