Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті

Фотография - Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті

Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР төрағасы Си Цзиньпинге G-20 саммитіне қатысуға шақырғаны үшін алғыс айтты.

496 0


Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті, - деп хабарлайды Today.kz Ақорда сайтына сілтеме жасап.

Келіссөз барысында екіжақты ынтымақтастықтың, оның ішінде сауда-экономика, инвестиция, көлік-транзит, отын-энергетика, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылды нығайту перспективаларының кең ауқымды мәселелері қаралды,-делінген сайтта.

Бұдан бөлек, екі мемлекеттің басшылары өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасқан.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Си Цзиньпинге жұмыс сапарымен келуге, сондай-ақ G-20 саммитіне қатысуға шақырғаны үшін алғыс айтты.

Мемлекет басшысы: «Қытай ұйымға күрделі кезеңде төраға болды. Сіздер әзірлеген күн тәртібі дамудың қазіргі кезеңінде өте өзекті. Бүгінде G-20-ның экономикалық проблемаларға мән беруі бүкіл әлем үшін маңызды міндеттерді шешуге септігін тигізетін болады», – деді деп мәлімдемесін таратқан Ақорда сайты.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев ынтымақтастық орныққан жылдарда Қазақстан мен Қытай арасындағы сенімнің айтарлықтай нығая түскенін атап өткен екен.

«Біздің байланысымыз мемлекетаралық қарым-қатынастың үлгісі бола алады. Стратегиялық серіктестіктің үлгілі моделін құрып, экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтердік. Қазақстан мен Қытайдың үкіметтері қол жеткен келісімдер қорытындысы бойынша алға қойылған міндеттерді орындау жұмысымен белсене айналысуда. Биыл біз Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығын, ал келесі жылы елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығын атап өтетін боламыз», – деген Елбасы.

Си Цзиньпин еліміздің жаһандық диалогқа елеулі үлесін қосып келе жатқанына ризашылық білдіріп, Қазақстанның өңірдің және бүкіл әлемнің экономикалық дамуында маңызды рөл атқаратынын атап өткен.

«Былтыр осы уақытта Бейжіңде біздің кездесуіміз өтіп, оның қорытындысы бойынша қарым-қатынастың жаңа кезеңі туралы бірлескен декларацияға қол қойылған болатын. Қазір барлық саладағы екіжақты серіктестік қарқын алып келеді, оның одан әрі дамуы жолындағы міндеттер айқындалды. Біздің қарым-қатынасымыздың орнағанына келесі жылы 25 жыл толатынын ескере отырып, өзара тиімді серіктестікті одан әрі нығайта түсу қажет. Сондай-ақ, бірлескен күш-жігер арқылы адалдық, өзара сенім, ауызбіршілік және өзара көмек рухындағы қарым-қатынасты қалыптастыра отырып, стратегиялық үйлесімді, өзара тиімді ынтымақтастықты күшейте түсу керек», – деген ҚХР төрағасы.

Тараптар алдағы саммит әлемдік экономиканың бұдан арғы даму жолдарын айқындауда маңызды рөл атқарып, жаһандық экономикалық өсімнің жаңа қозғаушы күшіне айналады деп үміттенетінін білдірді.

Естеріңізге салайық, Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға қыркүйектің бірі күні G-20 саммитіне қатысу үшін келді.  Оны қаңтар айында ҚХР төрағасы шақырған еді.

Саммит 4-5 қыркүйек күндері өтеді. Бұл «үлкен жиырмалыққа» кіретін елдер басшыларының он бірінші кездесуі. Қытайда саммит алғаш рет өткелі отыр. Жиынға әдетте қатысатын жиырма елден бөлек арнайы шақыру алған елдердің де басшылары қатысады. Солардың бірі – Қазақстан. Басқосудың негізгі тақырыбы – инновациялық, сау,  жан-жақты әлемдік экономика құру. 



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!