Бақытжан Сағынтаев ҚР Премьер-министрі болып тағайындалды

Фотография - Бақытжан Сағынтаев  ҚР Премьер-министрі болып тағайындалды

Фото: akorda.kz

Парламент Сағынтаевтың Үкімет басшысы болуына келісім берді.

298 0

Бақытжан Сағынтаев ҚР Премьер-министрі болып тағайындалды,-деп хабарлайды Today.kz Президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Нұрсұлтан Назарбаев осыған сәйкес жарлыққа қол қойды. Сағынтаевтың кандидатурасын мәжіліс депутаттары бірауыздан қолдады. 

«Сағынтаев Бақытжан Әбдірұлы Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі болып тағайындалсын», - делінген құжатта.

Мәжілістің пленарлық отырысында Президент Кәрім Мәсімов пен Үкімет мүшелеріне алғыс айтып, қиын кезеңде қойылған міндеттер орындалғанын атап өтті.

«Бүгін Үкіметтің Алматы, Астана және облыстардың әкімдері қатысқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында мен жаңа министрлер кабинеті алдына жаңа міндеттер қойдым. Әлемдік экономика мен саясаттың тұрақсыздығы сақталып тұрған кезде біздің стратегиялық бағдарламалардың орындалуы маңызды. Үкіметтен барлық бағыттағы жұмыстың нақты, сауатты жүргізілуін талап етемін. Бақытжан Сағынтаевтың кандидатурасы осы міндеттерді жүзеге асыруға ыңғайлы деп санаймын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қыркүйектің сегізі күні Бақытжан Сағынтаев Премьер-министрдің міндетін атқарушы болды. Үкіметті басқарып келген Кәрім Мәсімов ҚР ҰҚК төрағасы болып тағайындалды.

1963 жылы 13 қазанда Жамбыл облысы Талас ауданы Үшарал ауылында туды. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірді, экономика ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын Алма-Ата халық шаруашылығы институтының саяси экономика кафедрасының оқытушысы болып бастады. 1988-1992 жылдар аралығында С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде жұмыс істеді, ассистент лауазымынан әлеуметтану кафедрасының доцентіне дейінгі жолды өтті. 1992 жылдан 1998 жылға дейін кәсіпкерлік қызметпен айналысты.1998 жылы Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. 1999 жылдан 2002 жылға дейін Қазақстан Республикасының Шағын бизнесті қолдау жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары, «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» ЖАҚ басқармасының төрағасы, Қазақстан Республикасының табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары лауазымдарында қызмет етті.

 2002 жылдан 2004 жылға дейін Қазақстан Республикасының табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігі төрағасының бірінші орынбасары болып жұмыс істеді.  2004 жылдан 2007 жылға дейін – Қазақстан Республикасының табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттігінің төрағасы болды. 2007 жылдан 2008 жылға дейін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы болды. 2008 жылғы 30 қыркүйекте Павлодар облысының әкімі болып тағайындалды. 2012 жылдың 20 қаңтарында – Қазақстан  Республикасының  экономикалық даму және  сауда министрі   болып тағайындалды. 2012 жылдың 24 қыркүйегінен бастап – «Нұр-Отан» ХДП  Төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет етті. 2013 жылдың 16 қаңтарында Мемлекет басшысының Жарлығымен  ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Өңірлік даму  министрі болып тағайындалды. 2013 жылдың 6 қарашасында Мемлекет басшысының Жарлығымен Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары - ҚР Өңірлік даму министрі қызметінен босатылып, ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары болып тағайындалды. «Құрмет» орденімен  және мерейтойлық медальдармен  марапатталған. Табиғи монополиялар саласын мемлекеттік  реттеу,  шағын және орта бизнесті дамыту тақырыптарына арналған  бірқатар  ғылыми жұмыстың авторы.  Үйленген, екі баласы бар.



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!