Геннадий Головкин Келл Брукты бесінші раундта техникалық нокаутпен жеңді

Фотография - Геннадий Головкин Келл Брукты бесінші раундта техникалық нокаутпен жеңді

Фото: allboxing.ru

Жеңіліс көрмеген екі боксшының жекпе-жегінде қазақстандық спортшы жеңді.

426 0

Орта салмақтағы WBA (Super), IBO, IBF, WBC (Interim) нұсқалары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық кәсіби боксшы Геннадий Головкин Келл Брукты бесінші раундта техникалық нокаутпен жеңді, - деп хабарлайды Today.kz тілшісі.

 Кездесу Лондонның беделді спорт алаңдарының бірі О2 спорт кешенінде өтті. Жекпе-жектің тікелей трансляциясын KazSport және "Қазақстан" арналары жүргізді.

 Кездесудің алғашқы минуттарында-ақ Геннадий Головкин өзінің үйреншікті джебімен қарсыласы екеуінің арасындағы ыңғайлы ара-қашықтығын «белгілеп» қойды. Алғашында ол күш үнемдеу тактикасын ұстанып, байсалдылық пен ұстамдылық танытты. Оның сирек болса да дәл тиген соққылары қарсыласын артық қуат жұмсауға соқтырған әрекет жасап, шабуыл өтінен рингті жағалай қашуына мәжбүрледі.

 Келл Бруктың әрекеттеріне қарап, сарапшылар оның әртүрлі соққы арсеналымен қаруланғаны және «британдық мектеп» дәстүрін ұстанатынын атап өтті. Дегенмен, бұл оны жеңілістен сақтай алмады.

 Геннадий Головкин көрермендеріне тамаша ойынды көрсете отырып, қарсыласына да көпшілік алдында өз шеберлігін паш етуге мүмкіндік берді. Алайда, бесінші раундта британиялық боксшының жаттықтырушысы кездесуді жалғастырудан бас тартып, жеңілісті мойындаудың белгісін беріп, ринг ортасына сүлгісін тастады.

 Бұл 34 жасар орта салмақтағы WBA (Super), IBO, IBF , WBC (Interim) нұсқалары бойынша әлем чемпионы Головкиннің кәсіби боксшы ретіндегі 36-шы кездесуі екенін атап өту керек. Бұл жекпе-жегіне дейін ол өткізген 35 кездесуінің бәрінде (32-сін нокаутпен) жеңіп шыққан болатын.  30 жасар Брук та жеңіліп көрмеген – бүгінге дейін ол 36 жекпе-жегінің бәрінде де жеңіске жетіп, оның 25-ін нокаутпен аяқтаған. Ол жартылай орта салмақта (147 фунтқа немесе 66,7 килограммға дейінгі) IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы.

 Естеріңізге салайық, қазақстандық Геннадий Головкин мен британдық Келл Брук арасындағы бокс жекпе-жегі 10 қыркүйек күні Лондонның О2 аренасында өтті. Бұның алдында Геннадий Головкиннің осы кездесуі үшін алатын сыйақысы үш миллиондай стерлинг фунты немесе төрт миллион АҚШ долларына тең екендігі белгілі болды. Қазақстандық боксшы берген сұхбатында Келл Брукпен кездескеннен кейін  WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы Джо Сондерспен кездесуге мүдделі екендігін айтқан. Жекпе-жек алдында Undisputed Champion Network компаниясы Головкин мен Бруктың бүгінгі кездесуіне  дайындықтарын суреттеген бейнеролик әзірлеп, жария етті.

 Сонымен қатар, бокстан Рио-де-Жанейро Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит Головкин мен Брук арасындағы кездесу жөнінде және онда жеңіске кімнің жететіні туралы  өз пікірімен бөліскен.

 



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!