2407

Тұңғышбай Жаманқұлов 69 млн. теңге жымқырған деген күдікпен ұсталды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы «Феникс» фильмін түсіруге бөлінген бюджеттік қаражаттың ұрлану фактісін анықтады.
Фотография - Тұңғышбай Жаманқұлов 69 млн. теңге жымқырған деген күдікпен ұсталды Фото ашық ақпарат көздерінен алынған

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы «Феникс» фильмін түсіруге бөлінген бюджеттік қаражаттың ұрлану фактісін анықтады. Бұған кінәлі деген күдікпен фильмнің бас продюссері болған Тұңғышбай Жаманқұлов ұсталды, деп хабарлайды Today.kz бюроның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство таратқан ақпарат бойынша, тергеу «Қазақфильм» АҚ тарапынан Т.К.TURAN UNIVERSAL BUSINESS ЖШС есепшотына фильмді түсірудің дайындық алды және дайындық кезеңдеріне 79 миллион теңге аударылғандығын анықтаған. Осы соманың 69 миллион теңгесін Т.К.TURAN UNIVERSAL BUSINESS ЖШС арқылы, осы компанияның құрылтайшысы, әрі фильмнің бас продюссері Тұңғышбай Жаманқұлов ұрлаған.

Бөлінген қаражат қосалқы мердігер компаниялары арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, Жаманқұловтың қолына берілген, дейді сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметіндегілер.

"Сонымен қатар, ұрлыққа «Қазақфильм» АҚ экономика және қаржы жөніндегі бұрыңғы басқарушы директоры Гаухар Ысқақова мен фильмнің атқарушы продюсері Н. Юдинаның қатысты екені дәлелденіп, олар сот санкциясы берілгеннен кейін тұтқындалды ", - делінген Ұлттық бюроның мәлімдемесінде.

Тұңғышбай Жаманқұлов аталған қаражатты жымқырған деген күдікпен 2 қараша күні ұсталды.

 "Феникс" айналасындағы байбалам

Естеріңізге салайық, «Феникс» фильміне байланысты жағдай соттың талқылауына түскен болатын. Атап айтқанда, Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотында ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлыны ақша бопсалады деп кінәлаған Талғат Жәнібековке қатысты қылмыстық іс қаралған. Режиссердың айтуынша, министрдің кесірінен «Феникс» атты фантастикалық фильмін түсіру жұмыстары тоқтап қалған.

Today.kz редакциясына берген эксклюзивті сұхбатында А. Мұхамедиұлы шиеленісіп жатқан жағдайды оның беделін түсіру арқылы лауазымынан айыруға бағытталып ұйымдастырылған кампаниямен байланыстырды. Министрдің пікірінше, айыптылар тарапынан көтерілген байбалам – бюджеттік қаражатты ұрлағандары үшін жауапкершіліктен құтылудың амалы.

Министрдің адвокаты Ескендір Әлімбаевтің айтуынша, Т. Жәнібековтің айыптары шындыққа жанаспайды. Заңгер «Феникс» фильмін қоюшының министрге тағып отырған айып-шағымдары күмәнді мәліметтерге сүйенгендігінен, сотта дәлелденбей, теріске шығарылып отырғандығын айтты.

Бұған дейін Ресей кинематографистері одағы төрағасының орынбасары Олег Иванов айып тағылған министрге араша түсті.

Қазан айының соңына қарай осы күндері «Оскар» сыйлығының номинанты болып жүрген белгілі режиссер Ермек Тұрсынов та Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты оқиғалар бойынша өз пікірін білдірген. Ол «Феникс» фильмінің тизерін сараптай келе, оның ескілік жолмен түсіріліп, бұрынғыны қайталаған студенттің курстық жұмысы деңгейінде жасалған дүние деп, төмен баға берді. Режиссер түсірілген тизердің құны бөлінген қаражатқа сәйкес еместігі мен Мұхамедиұлына топ болып орынсыз айып тағуды қолдамайтынын айтты.  

24 қазанда Today.kz Тұңғышбай Жаманқұлов пен «Қазақфильм» киностудиясының бұрыңғы басшыларының бірі Гаухар Ысқақоваға қатысты сотқа дейінгі тергеудің жүргізіле бастағаны туралы хабарлаған.

25 қазан күні ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлыға жала тағу жөніндегі іс бойынша сот Талғат Жәнібековті айыпты деп тауып, оған ҚР Қылмыстық кодексінің 130 бабының 3 тармағына сәйкес 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл тақты. Сот шешімі бойынша пікір білдірген министр А. Мұхамедиұлы Т. Жәнібековке қатысты ауыр жазаның қолданылмауына қолынан келген бар амалдың қолданғанын атап өткен болатын.