1604

Қазақстанның ең таңдаулы сұлуы Гүлбану Әзімханова болып танылды

Ол бес миллион теңге мөлшеріндегі ақшалай жүлденің иегері атанды.
Фотография - Қазақстанның ең таңдаулы сұлуы Гүлбану Әзімханова болып танылды Сурет: today.kz

«Қазақстан Аруы-2016» мерейтойлық байқауының жеңімпазы болып, болашақ  дәрігер, қызылордалық 18 жасар Гүлбану Әзімханова танылды деп, хабарлайды Today.kz тілшісі.

Бойжеткен бес миллион теңге мөлшеріндегі ақшалай жүлденің иегері атанды. Сондай-ақ, ол Қазақстан елін "Әлем Аруы 2017" халықаралық байқауында танытады.

Финалдық шоу, байқауға қатысушылардың көрсетілімдерімен ашылды. Қыздар көк көйлекпен сахнаға шығып, би этюдтерін орындады.

Осыдан кейін қазылар алқасының құрамымен таныстыру басталды. Олар: актер Әнуар Нұрпейісов, дизайнер Ырзат Тұрсынзада, Олимпиада жүлдегері Василий Левит, "Қазақстан Аруы" байқауының президенті Алена Ривлена-Қырбасова, "Астана Опера" МОБТ бас балетмейстері Тұрсынбек Нұрқалиев, Астана қалалық мәслихаттың депутаты Асхат Оралов және "Elle Kazakhstan" бас редакторы Карина Ысқақова. Қазылар алқасының төрағасы мәжіліс депутаты, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева. Оның портал тілшісіне айтқан пікірінде, ең сұлу бойжеткенді таңдауда, оның ақылына мән беру керек.

Шоу шеңберінде, сахнаға ұлттық киімнен бөлек, кешкі көйлектермен шығу үрдісі болды. Сондай-ақ, бойжеткендердің қазақ даласында аттары аңызға айналған Дина Нұрпейісова, Әлия Молдағұлова, Күләш Бәйсейітова сынды аналардың образында шығулары көпшіліктің назарын аударды.

Алғаш рет "Қазақстан Аруы" байқауында "Дарындар шоуы" жаңа форматтағы кезеңі ұйымдастырылды. Қатысушылар өлең оқып, ән шырқап, би билеп, түрлі музыкалық аспаптарда ойнады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл байқау әрбір қатысушының үлкен сахнада өз дарындарын ашуына жол береді.  

Дарындылар шоуының соңында қазылар алқасы Топ-15 сұлу бойжеткенді таңдады.

Жартылай финалдан өткен арулар голливуд брэндінің кешкі көйлегімен шығып, әдемі көрсетілімді таныстырды. Бойжеткендер сахнаға шыққанда, "Астана Опера" театрының солисті Сүндет Байғожин ән шырқады.  

Бұдан кейін, қазылар алқасы қатысушылардың санын сегізге дейін қысқартты. Келесі «Интеллектуалдық сайыс» бойынша, қыздар әділ қазылардың сұрақтарына жауап берді. Кейбір сұрақтар өте қызық болды. Мәселен: Ақшаны таңдайсың ба, әлде мансапты таңдайсың ма? Кіммен сұхбаттасатын едің? Қандай кітапты оқуға кеңес бересің?

Байқаудың осы кезеңінен кейін, тікелей эфирде халықтық онлайн, яғни SMS дауыс беру кезеңі басталып, оның қорытындысы бойынша, тәж иегері болып, Гүлбану Әзімханова атанды. Бойжеткен бес миллион теңге мөлшеріндегі ақшалай жүлдені алды. Ол сондай-ақ, Қазақстан елін "Әлем Аруы 2017" халықаралық байқауында танытады.

Бірінші вице-мисс  атағына Астана қаласынан Елназ Нұрсейітова ие болса, екінші вице-мисс болып, Көкшетаулық  Жанар Найманбаева танылды. Ал үшінші вице-мисс атығына Өскеменнен Анастасия Усольцева ие болды.

Айта кету керек, байқаудың кезеңдері арасында "Славян базары 2015" байқауының жеңімпазы Димаш Құдайбергенов, Мақпал Исабековалар өнер көрсетті. Салтанатты рәсімнің хэдлайнері «Формат» тобы мен Қайрат Баекенов болды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау финалының билетінен түскен қаржы Астанадағы жағдайы төмен отбасыларға көмек ретінде беріледі.

Байқау барысында күтпеген жағдайлар да болды. Екі қатысушы бойжеткенге тұрмысқа шығу ұсынысы жасалды.

Естеріңізге сала кететін болсақ, 2015 жылғы еліміздің дарынды және ең таңдаулы сұлу атағына ақтаулық Әлия Мергенбаева ие болған еді. Ол жеңісіне алған қаржысының бестен бір бөлігін қайырымдылыққа жұмсайтынын айтып, ағынан жарылған болатын. Жүлде қорының бір миллион теңгесі Астана, Алматы, Ақтау қалаларындағы балалар үйіне жөнелтіледі.

 

Загрузка...