864

Е. Ыдырысов Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі болып тағайындалды

Осыған дейін Ерлан Ыдырысов ҚР сыртқы істер министрі қызметін атқарған.
Фотография - Е. Ыдырысов Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі болып тағайындалды Сурет: ©Арман Мухатов

Елбасы Сыртқы істер министрлігінің басшылық құрамымен кездесті. Мемлекет басшысы кездесу барысында жаңа Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановты таныстырды. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Ерлан Ыдырысовтың Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы елшісі болып тағайындалғанын айтып, оған ведомство басшысы қызметінде атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді деп, хабарлайды Today.kz Ақорда сайтына сілтеме жасап.

Қазақстан Президенті дағдарыс құбылыстары мен өзгерген жаһандық ахуал жағдайында Сыртқы істер министрлігі алдында жаңа көзқарасты талап ететін көптеген жаңа міндеттер тұрғанын атап өтті.

«Қазақстан 1 қаңтардан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысына кіріседі. Осы құрылымға тұрақты емес мүше болып сайлану – әлемдік қоғамдастықтың біздің елімізге деген құрметінің айғағы. Бұл – ядролық қарусыз әлем қалыптастыру жолындағы қозғалыс саласындағы және күн тәртібіндегі өзге де халықаралық мәселелер бойынша Қазақстанның жаһандық көшбасшылығын талап ететін жауапты міндет»,-деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті қаңтар айында Қазақстанда көптеген мемлекеттердің өкілдері қатысатын 28-інші Дүниежүзілік қысқы универсиада өткізетінін айтты.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев маусым-қыркүйек айларында өтетін «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі жөнінде әңгімеледі.

«112 мемлекет пен 18 халықаралық ұйым өкілдері көрмеге қатысатындарын растады. Іс-шараның табысты өтуі көбіне Сыртқы істер министрлігінің жүйелі жұмысына байланысты», -деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті таяу арада Астанада Сирия түйткілдері жөнінде келіссөз жүргізуге мұқият дайындалу қажеттігіне тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық мүдделерді ескере отырып, Еуразиялық экономикалық одақ аясында мейлінше тиімді жұмысты жолға қою қажеттігін маңызды міндет ретінде атады.

«Әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында елдің дипломатиялық қызмет органдарының жұмысындағы ең маңызды жүйелі элемент экономикалық өлшемдер болуға тиіс. Инвестиция тарту және отандық тауарлар экспорты мәселелерімен айналысу қажет. Осы орайда Сыртқы істер министрлігі мен елшіліктің жұмысын күшейту керек. Келер жылы Астанада өткізу жоспарланып отырған ауқымды халықаралық іс-шараларға – Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Ислам ынтымақтастық ұйымының саммиттеріне тыңғылықты дайындалған жөн»,-деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев елшіліктер Қазақстан мен өзге мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық уағдаластықтарға тиісті бақылау жасау саласында жұмыс жүргізуі қажеттігін арнайы атап өтіп, Қазақстанды шет елдерге танытатын министрлік қызметкерлеріне жоғары жауапкершілік жүктелетініне, сондықтан кадр мәселелеріне баса ден қою керектігіне назар аударды.

Соңында Мемлекет басшысы сыртқы саясат ведомствосы жұмысының жақсы деңгейде екенін атап өтіп, жиналғандардың барлығын келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады.

Ерлан Ыдрысов Мәскеу Мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын экономист-дипломат мамандығы бойынша, КСРО СІМ-нің дипломатиялық академиясын бітірген. Урду, хинди, ағылшын, француз тілдерін меңгерген.

1981-1985 жылдары Пәкістан мемлекеттеріндегі КСРО елшіліктерінде, 1985-1990 жылдары Қазақ КСР-і СІМ-де жауапты қызметтер атқарды. 1992 – 1995 жылдары БҰҰ-да Қазақстан Республикасының тұрақты өкілі болды.

В 1992 жылы Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын бітірген.

1995 жылдары ҚР СІМ-нің Америка елдеріндегі басқарма бастығы, 1995 – 1996 ерекше тапсырма бойынша елші. 1996 – 1997 жылдары ҚР Президентінің көмекшісі. 1997 жылы ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, департамент директоры, вице-министр қызметтерін атқарды. 1999 - 2002 жылдары ҚР Сыртқы істер министрі болды. Кейіннен СІМ-нің бірінші вице-министрі, Ұлыбритания біріккен корольдігі мен Ирландиядағы, сондай-ақ Швеция, Норвегия, Дания елдеріндегі төтенше және өкілетті елші қызметтерін атқарды. 2007 жылдан ҚР-ның АҚШ пен Бразилиядағы төтенше және өкілетті елшісі. 2012 жылдың 28 қыркүйегінен бастап ҚР Сыртқы істер министрі.

 

 


Загрузка...